Балқаш жаңалықтары 29.10.2019

  1. «Қауіпсіз жол» акциясы барысында 1 аптаның ішінде 200-ден аса құқық бұзушылық анықталды.Көпшілік көлік жүргізушілер қауіпсіздік белдігін тақпаған, рөлде отырып телефонмен сөйлескен. Ал жаяу жүргіншілер болса,тиісті емес жермен жолды кесіп өткен. Осы уақыт аралығында полицейлер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Ең көп тәртіп бұзушылық  дұрыс маневр жасамауға қатысты. Ол үшін 35 көлік иесі жазаланған. 43 жүргізуші қауіпсіздігін белдігін тақпаса, 14 балқаштық рөлде отырып телефонмен сөйлескен. 4 балқаштық бағдаршамның қызыл түсін елемей, екі көлік тізгіншісі жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. 19 адам жаяу жүргіншілерге жол бермеген.  15 тұрғын тиісті емес жермен жолды қиып өткен. Барлық құқық бұзушылар 12 мыңнан бастап 25 мың теңгеге дейін айыппұл арқалады. Одан өзге 3 балқаштық көлікті мас күйінде жүргізген. Енді олар жүргізуші куәлігінен айырылады
  2. 2020 жылдан бастап патент бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлер бақылау кассалық аппаратын орнатуы тиіс.  Себебі олар жаңа жылдан бастап автоматты түрде оңайлатынған салық режиміне көшеді.Кеше қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының басшылары мен мамандары балқаштық кәсіпкерлермен кездесті. Жиында айтылғандай осы жылдың соңына дейін кәсіпкерлер бақылау кассалық аппаратын алып, оны салық органына тіркеуі шарт. Заң бойынша, егер сіз интернет бар жерде кәсіппен айналысатын болсаңыз, онлайн кассалық аппаратты пайдалануға міндеттісіз. Тек шалғай ауыл секілді интернет жоқ жерде ғана ол міндеттелмейді. Бірақ, онда да  реестрде тіркелген бақылау-кассалық құрылғының біреуін пайдалануға тиістісіз.Кездесуде жаңа талапқа қатысты өз шағымдарын жеткізгендер көп болды. Тауар мен қызметтің ақысы қолма-қол ақшамен төленсе де, картамен төленсе де, қарызға алынса да  енді кәсіпкер бақылау-кассалық аппаратын пайдалануы міндетті. Оның екі түрі бар. Бірі құрылғы түрінде, екіншісі бағдарламалық. Яғни, телефон немесе планшет секілді гаджетіңізге арнайы қосымшаны көшіріп аласыз. Құрылғыға қол жеткізгеннен кейін сізге мәліметтер операторын таңдау қажет. Балқаштықтар үшін «Қазақтелеком»  АҚ қызмет көрсетеді. Компанияның міндеті әр ұрылған түбіртекті мемлекеттік кірістер органдарына жеткізу. Яғни енді салықшылар әр кәсіпкердің табысын онлайн бақылайды
  3. Балқаштық бағдаршамдарға дыбыстық құрылғылар орнатылды. Қала орталығында төрт ескертпелі дабыл пайда болды. Бұл арнайы құрылғылар зағип жандар мен мүгедектерге арналған. Бүгінде Қараменде би көшесінің бойындағы сауда үйінің маңында және Уәлиханов –Ленин көшесінің қилысындағы  орналасқан бағдаршамдарға 4 дыбыстық сенсор орнатылды. Жыл соңына дейін автовокзалға қарама-қарсы орналасқан жаяу жүргіншілер жолағына және Ленин-Бөкейханов көшелерінің қилысына тағы бірнеше дыбыстық құрылғы қою жоспарланып отыр. Еске сала кетейік, қазан айының басында Ағыбай батыр көшесінің бойына жаңа бағдаршамдар орнатылған еді. Ал, күні кеше Желтоқсан-Мир қилысында жол қозғалысын реттеуге арналған қондырылғылар қойылды
  4. Мектеп оқушылары арасында дойбыдан қалалық турнир басталды. Оған  1 мен 6 сыныпта оқитын 80 бала қатысуда. Олар екі күні бойы интеллектуалдық ойынның мықтыларын анықтайды. 5 сынып оқушысы Әлішер Амантаев әр қадамын ойланып жүруде. 11 жастағы жеткіншек дойбымен айналысқанына 1 жылдай уақыт болса да, бірнеше рет облыс турнирінде жүлделі орындарға ие болып үлгерген. Осы жарыста жиырма ойын өткізіп оның екеуінде ғана тең түскен.Қалған ойынның барлығында жеңіске жетіп келеді. Сайыстың ең кішкентай қатысушысы Ерасыл Қынар. Өзінің 7 жасына қарамастан ол дойбыдан 3 разрядттағы ойыншы.  1 сынып оқушысы қараша айында маңызды жарысқа бармақ. Турнирге қала мектептерінен 80-нен астам оқушы қатысуда. Қыздар тобы бөлек, ұлдар бөлек. Бүгінде 20-дан астам ойын өткізілді. Олардың арасында көшбашылар да анықталып үлгерді. Атап айтқанда оқушылар сарайының тәлімгерлері Ерзат Тілеуқұл, Бейбарыс Мұқашев пен Мирас Тиышбай топ жарып келеді.Жеңімпаздар есімі апта соңында белгілі болады.  Ақшалай сыйақымен және дипломмен марапатталады
  5. ДСК-де бокстан жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанған Ерасыл Ермекті ұлықтау рәсімі өтті. Шараға қатысушылар боксер мен жаттықтырушысына ыстық лебіздерін білдіріп, құттықтауларын жаудырды. Чемпионды ұлықтау рәсіміне қала басшылары және «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен қалалық мәслихат депутаттары және спорт ардагерлері жиналды. Ерасылдың ата-әжесі, туыстары да кешке құрметті қонақ ретінде қатысты. Жиналғандар чемпионға және оның жаттықтырушысы Аманкелді Маканалинге  құрмет көрсетіп, құттықтауларын жеткізді. Еске сала кетейік, Ерасыл Ермек қазан айының ортасында бокстан Біріккен Араб Әмірлігінде өткен Азия чемпионатында алтын медалге ие болған еді. Жас спортшы ДСК 6 жылдан бері бокспен айналысады. Осы уақыт аралығында 2 дүркін Қарағанды облысының чемпионы атанды. 2019 жылы Қазақстан чемпионында жеңіске жетті. Болгарияда, Сербияда өткен халықаралық турнирде алтын медаль иеленді
  6. Балқаштық кикбоксшылар халықаралық турнирде чемпион атанды. 18-ші ғасырда өмір сүрген батыр Қазыбек Бек Тауасарұлын еске алуға арналған жарыс Тараз қаласында өтті.Турнирге еліміздің 10 облысынан және Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген кикбоксшылар қатысқан. Жарыста әртүрлі салмақ дәрежесінде үздікті анықтау үшін 200-ге жуық спортшы қолғап түйістірді.  Балқаштан 5 кикбоскшы барып, оның 2-і қола жүлдені қанжығаларына байлады.  Ал 64 келі салмақта Мұратов Әділ және 54 кг салмақта  Айбат Нұрланұлы алтын олжалады.  Екеуі де осыған дейін кикбокстан 2 дүркін Қазақстанда чемпионы атанған

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login