Балқашта 2019 жылы бала өлімі 3 есе көбейген. Мұндай жаға ұстатар жайт облыс әкімінің қатысуымен өткен актив отырысында айтылды. Жаңа қызметке тағайындалғанына екі күннен кейін тура бір ай болатын облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мемлекеттік қызметкерлермен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Балқаш өңірінде бала өлімі биыл үш есеге артқан. Егер былтыр 9 айда 1 жасқа дейінгі 7 нәресте шетінесе осы жылы 21 ана сәбиінен айырылған. Оның себебін мамандар әйелдердің жүкітілікті алдын ала жоспарламауымен, инфекциялық тексерістен дер кезінде өтпеуімен түсіндірді. Алайда облыс басшы бұл жауапқа қанағаттанбады.Жиында көтерілген мәселелердің бірі тұрғын үй құрылысы. Қазіргі таңда су, жылу, канализация тартылмағандықтан Самал ықшам ауданынан түрғындарға үй салуға жер берілмей отыр. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті мамандар жобаның сметалық құжатын әзірлеген. Алайда оны облысқа жіберіп, бекітуге асығар емес. Одан бөлек азық-түлік бағасының қымбаттауы да Жеңіс Қасымбектің ашуын тудырды. Отырыс бойы қабағын бір ашпай, жауапты мамандардың жұмысын сынаумен болды. Жаңа қоқыс полигонын салу, Тоқырау-Саяқ су құбырын тарту секілді қордаланған мәселелерді шешуге тапсырма беріп, келер жылы мұндай проблемалардың болмауын қадап айтты
Енді бұрынғыдай өтініш толтыру арқылы емхағана тіркелуге болады. Алайда тұрғындардың бәрі емес. Тек келесі санатқа жататын азаматтар ғана бүл мүмкіндікті пайдаланады. Атап айтсақ, зейнеткерлер, мүгедектер, қамқоршылар немесе қорғаушылар, патронаттық тәрбиешілер мен балалардың заңды өкілдері, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шетелде туған балалар, сәбилер, жетімдер, қарттар үйлеріндегі балалардың өкілдері, сондай-ақ, сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар және сотталғандар. Еске сала кетейік, 15 қыркүйектен бастап елде емханаға тіркелу науқаны басталды. Қазақстан халқына емдеу мекемесін таңдауға және оған көшуге 2 ай уақыт берілді. Алайда тұрғындар биылдан бастап емханаға егов үкімет порталы арқылы ғана тіркеледі. Ал ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Алайда бұл жаңашылдық біраз қиындық тудырды. Сол себепті денсаулық сақтау министрі жоғарыда аталған азаматтарға бұрынғыша емханаға барып, өтініш толтыру арқылы тіркелуге рұқсат берді
Қан тапсырып, өзгеге өмір сыйла. Қалада келесі аптада донор күні өтеді. Облыстық қан орталығының қызметкерлері Балқашқа келіп, тұрғындардан өмірге қажетті сұйықтық алмақ. Донор күні 23 қазан күні орталық аурухананың конференция залында өтеді. Мамандар таңғы сағат 9 дан бастап 4 ке дейін қабылдайды. Тұрғындар өздерімен бірге жеке бас куәлігін ала келу қажет. Денсаулығы жарамды, бұрын инфекциялық дертпен ауырмаған, соңғы 3 күнде ішімдік ішпеген балқаштықтардан 450 мл қан алынып, алғыс ретінде ақшалай сыйақы беріледі
Қаламызға облыстан мамандар келіп, семинар, тренинг және пікірталас өткізді. Естен тану, жүректің тоқтап қалуы және жарақаттану. Төтенше жағдайлар кезінде не істеу керектігін және алғашқы көмекті қалай көрсетудің әдістерін жол қозғалысы инспекторлары мен мектеп дәрігерлеріне түсіндірді. қатысушылар үш топқа бөлініп, әрқайсысына белгілі бір тақырып берілді. Семинарды қарағандылық жаттықтырушылар жүргізді. Әлеуметтік педагогтарға, тәрбие жөніндегі мамандарға және мектеп психологтарына балалардың мінез-құлқындағы мазасыз белгілерді қалай тануға болатындығы туралы айтылды. Қарағанды облысының тәжірибелі психологы және жатықтырушысымен кездесу барысында қазіргі таңда жасөспірімдердің әлемінде қандай қауіптер бар, суицидтік ойлар неге пайда болады және көмек керек кезде қайда жүгіну керектігі туралы сөз болды. Отбасындағы жағдайдың баланың мінез-құлқына әсері, бұл ата-аналармен өткізілген жиынның тақырыбы. Олар акцияға қатысушылардың үшінші тобы болды. Тыңдаушыларға Қарағанды облысы білім басқармасының тәулік бойы жұмыс жасайтын сенім телефоны туралы айтылды. Қиын өмірлік жағдайға тап болған кез келген адамның ақысыз телефон нөміріне қоңырау шалу арқылы жасырын кеңес алуға мүмкіндігі бар. Ақпараттық түсіндіру тобы білім беру, полиция, денсаулық сақтау және психологтар бар 9 маманнан құрылған. Олар осы уақытқа дейін Шет, Жезқазған, Сәтпаевта қалаларында болып, тренингтер жүргізген. Ендігі кезекте мамандар Балқаштан кейін Шахтинск, Абай және Теміртау қалаларына бармақ. Кездесулер облысымыздың 12 шағын қалалары мен аудандарында өтеді
Назарбаев университетіне қалай түсуге болады? Бұл туралы балқаштық оқушыларға атаулы білім ордасынан келген маман айтып берді. Әрі оқу орнының бағдарламасымен таныстырды. Оқушылар сарайының мәжіліс залына 7-11 сынып оқушылары жиналған. Тыңдалымға дәл осы аудиторияны жинаудың өзіндік себебі бар. Өйткені еліміздегі ең танымал оқу орнына түсу үшін дайындықты мүмкіндігінше ерте бастау қажет. Назарбаев университетінде талапкерлерге екі бағыт ұсынылады. Бірі университетке түсуге даярлау бағдарламасы, екіншісі бакалавриатқа бірден түсу мүмкіндігі. Екі жағдайда да грант алу мүмкіндігі бар. Бұл туралы Назарбаев университетіне қабылдау департаментінің аға менеджері баяндады. Бас қаладан келген маман сондай-ақ, оқушыларға университетке қатысты сауалдар қойып, дұрыс жауап бергендергер сыйлықтар үлестірді
«Өркен Меdia» телеарнасында жаңа жоба. «Жас өркен» деген атаумен балалар бағдарламасы көрерменге жол тартты.Жобаның алғашқы саны мұғалімдер күніне арналды. Онда ұстаз болуды алдына мақсат қойған оқушы осы мамандыққа деген құштарлығымен бөлісіп, көрерменге гобилен тоқуды үйретті. Бағдарлама «Қонақпен сұхбат», «Бала тілі — бал», «Бірге үйренейік» деп аталатын 3 айдардан тұрады. Студияға қонақ ретінде білім, ғылым, өнер, спорт саласында жетістікке жеткен оқушылар шақырылады. Ал тілі былдырлаған балғындар қарапайым сауалдарға жауап беріп, өз ойларын жеткізеді. Соңында шақырылған қонақ жасап шығарған дүниесін елге көрсетіп, оның жасалу жолдарын көрсетеді. Бағдарламаның келесі санында ескі алаңды абаттандыру жобасын ойлап тапқан №17 мектеп лицей оқушысы қонаққа келеді. Қызықты сұхбатты ертең сағат 19:30-да көріңіздер. Жоба әр жұма сайын эфирге шығады. Сенбі, жексенбі күндері дәл осы уақытта қайталап көре аласыздар.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login