Балқаш жаңалықтары 08.10.2019

  1. Қазақстан теміржол компаниясының Балқаш қаласындағы филиалына миллион екі жүз мың теңге айыппұл салынды. Компания бұл соманы тиісті қауіпсіздікті сақтамағаны үшін төлейді.Ереже бұзушылық 2019 жылдың қыркүйек айында анықталды. Тексеру барысында компания лаңкестікке қарсы қорғанысты және нысанның қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені анықталды. Нақты айтқанда, күзет дабылы, бейнебақылау жүйесі жоқ, ал апат кезінде шығатын қосымша есік алыстан басқарылмайтын  болған. Сотта темір жол компаниясының өкілі өз кінәләрін мемлекеттен бөлінетін қаржының жетіспеушілігімен түсіндірді. Нәтижесінде сот компанияны кінәлі деп танып, бір миллион екі жүз мың теңгеден астам айыппұл салды
  2. Балқашта балаларға туберкулезге қарсы екпе егу қайта басталды. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында жаппай тәркіленген жапондық препарат қауіпсіз деп танылды.Естеріңізге салсақ, жапониялық компания биыл шығарған 90 мың партияның 3 құтысынан денсаулыққа зиянды бөгде зат тапқанын хабарлап,  әлемнің 35 елінен 33 серия препаратты кері қайтарған болатын. Соның ішінде Қазақстан да бар. Ал дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жапондық препаратты тексеріп, қауіп тым аз сол себепті екпе егуді жалғастыруға болады деген қорытынды шығарды. Енді 100-ден астам сәбиге тұрғылықты мекен-жайы бойынша екпе егіледі. 400-ге жуық 1 сынып оқушыларына  да жоспарға сәйкес вакцина салынады
  3. Балқаштық ұстаз 500 мың теңге сыйақы ұтып алды. «Зияткер» мамандандырылған мектеп-интернатының оқытушысы Елена Львова  Қарағанды облысы әкімінің сыйлығына ие болды. «Қалдырған ізін мәңгілік» номинациясы бойынша марапаталды. Елена Львова қазір 75 жаста. Ұстаздық еңбек өтілімі 50 жыл. ҚР білім саласының үздігі, құрметті қызметкері. «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері. 2000 жылдың ең үздік мұғалімі. Қаланың құрметті азаматы. Оның шәкірттері химия пәнінен республикалық, халықаралық олимпиада жеңімпаздары. Оқушылары Тайланд, Бразилия, Германия елдерінде өткен дүниежүзілік жарыстарға қатысып, жүлделі орын алған. Елена Львова 75 жасқа келсе де әлі күнге дейін сабақ беріп, балалардың химия пәніне деген сүйіспеншілігін оятуда
  4. Балқашта қала әкімінің грант иегерлері анықталды. Ағымдағы жылға бөлінген 7 млн. теңге жастарға кәсіп ашуға беріліп, толықтай игерілді.Екінші кезеңде қалған 4 млн. тг сарапқа салынды. Грантқа үміткер жастар комиссия алдында бизнес жобаларын қорғап, қаржыны қандай мақсатқа жұмсайтынын түсіндірді. Нәтижесінде 7 жобаның ішінде 4 мақұлданып, солардың ішінде ветеринарлық  дәріхана ашуға, серфбордс, жұмсақ ойыншықтар және «контра клуб» жобаларына ақша бөлінді.Мамыр айында оның 1 кезеңі өтіп, 3 млн иегірлді.  4 балқаштық тұрғын өз кәсібін бастады. Бірі, саңырауқұлақ өсіруді қолға алса, екіншісі мотоблок аппаратын сатып алды. Үшіншісі косметология орталығын, төртіншісі тоқыма цехын  ашты
  5. 9 қазан «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» почташылардың төл мерекесі. Бүгінде поштаның сипаты да, бағыты да өзгерген. Қазір олар қаржылық, пошталық және логистикалық қызмет түрлерін ұсынады.Балқаштың орталық почта бөлімшесіне қала тұрғындарына келетін хаттар мен сәлемдемелер сақталады. Шетелдерден әсіресе Эстония, Германия, Америкадан көп сәлем-сауқат келеді екен. Орташа мөлшерде айына 12 мың хат түсіп, осынша хат сыртқа жіберілген. Кіріс-шығыста 9000-ға жуық сәлемдеме бар.Шаһарымызда ақпарат беру, хабар алмасу, сәлемдеме, хат тасымалдау секілді қызметтерді Қазпочтаның бірнеше мекемесінен алуға болады. Балқашта бір орталық және 3 әмбебап бөлімше бар. Балқаш станциясы мен Қоңырат мөлтек ауданы, Шашубай кентінде де арнайы бөлімшелер жұмыс жасайды
  6. Балқаштық ММА спортшылары кәсіби әскери самбодан өткен облыс чемпионатынан жүлдемен оралды.  6 қазанда Қарағанды төрінде өткен додаға 200-ден аса спортшы қатысқан. Жауынгерлік әскери самбо бәсекесіне Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Шахтинск қалалары мен Нұр-Сұлтан шаһарынан 3 команда қатысқан.Жарыс ересектер арасында өтті. Онда 3 балқаштық өнер көрсетті. Ерболат Дәкенов пен Бекзат Исин 68 келі салмақ дәрежесінде финалға дейін жетіп, өзара чемпион атағына таласқан. Нәтижесінде Ерболат Дәкенов жеңіске жетеді. Ал 62 келі  салмақта Мейірбек Мұхаметжанов қола жүлдегер атанды. Облыстық іріктеуден үздік шыққан спортшымызды енді республикалық чемпионат күтіп тұр
  7. Балқашта шағын футболдан екі бірдей спартакиада бастау алды. Оған мектеп оқушылары мен студентер қатыcуда. Ойын бір аптаға созылады. Құрамалар күн сайын аяқ доптан өзара сынға түсіп, ең мықтыны анықтайды. Ойын алаңында медициналық колледж бен Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжі студенттері футболдан бақ сынауда. Алғашқы голдың авторы БГТК құрамасының шабуылшысы Сұңғат Берік. Жас футболшы қазіргі таңда қалалық «Металлург» командасының мүшесі. Бүгін ол достарымен бірге  қарсыластарын 7:00 есебімен ойсырата жеңді. Дәл осы күні оқушылар арасында да шағын футболдан спартакиада басталды. Жарысқа қаламыздың мектептерінен 14 құрама команда қатысуда. Бүгін № 15 мектеп лицейінің кортында алаң иелері №2 интернат командасын қабылдады. 2 таймның қорытындысы бойынша лицей футболшылары қарсылас команданы 4:00 есебімен ұтты. Шағын футболдан бастау алған қос спартакиада қорытындысы 1 аптадан кейін белгілі болады.  Командалар екі топқа бөлінген. Әр топ айналмалы жүйе бойынша күнде ойын өткізеді. Ал жеңімпаз команда ұпай саны бойынша анықталады. Жүлделі орын алған құрамалар бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login