Балқаш жаңалықтары 23.09.2019

  1. Балқашта балалар ойын алаңы өртке оранды. Оқиға сенбі  күні Томпиев көшесіндегі 5 үйдің ауласында 15.00  шамасында болды. Тұтанған от пластиктен жасалған ойын кешенін әп сәтте қызыл жалынға ораған. Оны көрген жақын маңдағы  тұрғындар  бірден өрт сөндірушілерге хабар береді. Алайда мамандар жеткенше тілсіз жау күшейе түскен. Жалын 3 минутта өшірілді. Жалпы аумағы 10 шаршы метр жер өртенген. Өртті сөндіруге 1 техника мен жеке құрамның 5 адамы жұмылдырылды. Зардап шеккендер жоқ. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына отты пайдаланудағы абайсыздық себеп болған. Бұл істі әрі қарай полиция қызметкерлері тексереді. Егер қасақана өрт қою фактісі анықталса, онда кінәлі келтірілген шығынды өтейді
  2. Балқаштың орталық көшелеріне лас су жайылды. Ленин мен Уалиханов көшелерінің қиылысындағы кәріз құдығы бітеліп,  одан аққан су Желтоқсан көшесіне дейін жетті. Таңертеңнен бері «Балхаш Су» мекемесінің жұмыскерлері Ленин көшесінің қақ ортасындағы құдықты тазартып әлек. Кәріз жүйесі бітеліп, одан жоғары көтерілген кір сұйықтық  жолға жайылуда. Тіпті Молдағұловадан әрі өтіп, Желтоқсанға дейін жеткен. Жауапты мамандарды құбырдың бітелуіне тұрғындарды кінәләп отыр. Тазалау кезінде тамақ қалдықтарынан бастап, тұрмыстық заттарға дейін шыққан. Апатты жоюға бір күн уақыт кетті. Таңнан бастап аққан кәріз суы тек кешке ғана тоқтатылды
  3. Балқашта жеке меншік әріптестік аясында «Алтын сақа» атты жаңа балабақша ашылды. 40 бүлдіршінге арналған нысан Сәбитов мөлтек ауданында орналасқан.«Алтын сақа» бұрынғы «Золотая рыбка» балабақшасының орнына ашылған. Бөбекжай 40 бүлдіршінге арналған. Қазіргі таңда  екі топқа 2 мен 5 жас аралығындағы  20 бала қабылданды. Ғимарат 1қабаттан тұрады. Екі жатын, 2 ойын бөлмесі, медициналық кабинет және асхана қарастырылған. «Алтын сақа» бөбекжайы жеке меншік әріптестік аясында ашылып отыр. Балабақша құны 38 мың теңге. Оның 27 мыңын мемлекет төлесе,  қалған қаржыны ата-ана қалтасынан шығарады. Бала үлкен топта болса 10500тг, кіші топқа барса 8500 тг төлейді.  Ал жолдаманы indigo.kz сайты арқылы беріледі
  4. Балқашта қала әкімінің грантын иеленген тағы бір жас өз кәсібін ашты.  1 млн тг ұтып алған  Әйгерім Омар енді сұлулық студиясының иесі. Ол 24 жасында бизнеске қадам басты. Сұлулық студиясында шаш қию, макияж және маникюр жасаудан өзге  косметологиялық қызмет түрі де көрсетіледі. Қажетті аппараттар мен жабдықтар Украинадан арнайы тапсырыспен алынған. Бетті тазарту,  тегістеу және жасарту жұмыстарын арнайы білімі бар косметолог дәрігер атқарады. Биыл жас кәсіпкерлікті қолдау мақсатында, «Қала әкімінің гранты» байқауы жарияланып, ол үшін бюджеттен 7 млн тг бөлінді. Байқауға 20  жуық өтініш келіп түскен. Нәтижесінде тек 4 адамның бизнес жоспары мақұлданып, әр түрлі сомада 3 млн тг берілді. Ал қалған 4 млн тг кімдер ие болады, ол ертең өтетін комиссия отырысында анықталады
  5. Балқашта қызылша мен қызамыққа қарсы қосымша иммундау басталды. Екпе 20-29 жас аралығындағы қала тұрғындарына егіледі. Аурудың жиілеп кетуіне байланысты, Республика бойынша вакцина егу қолға алынды. Балқаштың өзінде жыл басынан бері бір жастағы және жасқа толмаған 4 бала қызылшамен ауырды деген күдікпен ауруханаға түскен. Олардың екеуі вакцина қабылдамаған болып шықты. Зертханалық тексерістен кейін екі диагноз расталмады. Бүгінде қала бойынша 20-29 жастағы азаматтарды қызылша мен қызамыққа қарсы қосымша иммундау жүргізілуде. Тізімде 10 мыңнан астам қала тұрғыны бар. Ол үшін қалаға Үндістанда шығарылған арнайы препарат жеткізілді. Қалаған жағдайда 18, 19 және 29 жастан асқан тұрғындарына вакцина тегін салынады.  Ол үшін жергілікті дәрігермен кеңесу қажет. Елімізде өткен жылдан бері қызылша ауруына қатысты бірнеше факт тіркелді. Сондықтан, Республика бойынша осы науқан басталды. Иммундау арқылы  біз болашақ аналар мен олардың сәбилерінің сау болып өсуіне  ықпал етеміз
  6. Балқаштық жас балуандар облысқа жолдама алу үшін боз кілемге шықты. Қалада қазақ күресінен «Жас барыс» турнирі өтті. 14 жастағы Ернат Қажымұратұлы үшін бұл турнир екінші жарысы. Ол 38 келі салмақта бағын сынайды. Алғашқы сайысында жүлдеге ілінбеген. Ал бүгін барын салып, намысқа тырысуы қажет. «Жас барыс» қалалық іріктеу турниріне қаламыздың спорт кешендерінен 90-ға жуық балуан қатысты. 14 тен 20 жасқа дейінгі спортшылар жас ерекшеліктеріне қарай  3 топқа бөлініп, 15 салмақ бойынша сынға түсті. «Жас барыс» қалалық іріктеу  турнирінің қорытындысы бойынша әр салмақтан бірінші орын алған  15 балуан облыстық турнирге жолдама алды. Ал 2 күнге созылатын облыстық дода 10-шы қазан күні Қарағанды қаласында өтеді
  7. Балқаштық «Металлург» балқаштықтарды жеңісімен қуантты. Сенбі күні жергілікті футболшылар Шахтинсктің «Горняк» командасын қабылдап, 4: 1 есебімен жеңіске жетті.  Балқаштық футболшылар әуесқой командалар арасындағы облыстық турнирдің кезекті кездесуін Горняк командасына қарсы өткізді. Матч «Мысшылар» стадионында өтті.  Жергілікті футболшылар алғаш болып 22-минутта есеп ашты. Гол авторы — Эльмир Махмадов. Алайда бірінші таймның соңында қарсыластар пенальти арқылы жауап қайтарып, есепті теңестірді. Деседе екінші таймда біздің аяқдопшылар қонақтар қақпасына қатарынан үш гол соқты. Осылайша  ойын 4: 1 есебімен «Металлургтің» пайдасына шешілді. Енді кезекті ойын сыртта өтеді. Балқаштық футболшылар теміртаудың «Асан» командасымен және  қарағандының «Шахтер» футбол орталығымен кездеседі.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login