Алматы облысының командасы регата сайысында үздік атанды. «Халықаралық Балқаш 2019» регатасы өз мәресіне жетті. Желкенді қайық спортына Армения мен Өзбекстан, еліміздің 5 өңірінен спортшылар қатысқан болатын. 5 қыркүйекте басталған жарысқа 9 топтан құралған 40-қа жуық адам қатысты. Регата жарысы 4 топ бойынша өтті. Олар: «Луч», «Луч-радиал», «Кадет» және «Оптимист». Топтық есеп бойынша Алматы облысының спортшыларына тең келер ешкім болмады. Ал 2-ші орынға Түркістан облысының қатысушылары тұрақтады. Армениядан келген қонақтар 3-ші орынға табан тіреді.
Топтық есептен бөлек спортшылар 4 класс бойынша іріктелді. «Луч» класында Алматы облысының спортшылары 3 орынды теңдей бөлісті. «Луч радиал» класында да осы топ жоғары нәтиже көрсетті. Түркістан облысының желкенді қайық спортшылары «Кадет» класында үздік атанды. Дәл осы класта балқаштық Ақтілеухан Кәлен мен Данил Титов 3-ші орынға лайық деп танылды. Сайыстың ең кішкентай қатысушылары «Оптимист» тобында өнер көрсетті. Бұл класта Армениядан келген спортшы өзгелерден оқ бойы озық болды. Жеңімпаздарға марапаттау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Татьяна Токарева – жарыс қатысушысы: «Регата жарысына ауа-райы, желдің соғуы бәрі де жақсы орайласты. Жарыс өте тартысты өтті деуге болады. «Луч радиал» класынан 2-ші орын алдым, жеңіс оңайшылықпен келмеді. 4 жылдан бері желкенді қайық спортымен айналысудамын, болашақта әрі қарай жалғастырсам деймін»
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login