Балқаш жаңалықтары 09.09.2019

  1. Шет ауданының Бұрма ауылында 23 жастағы ер азамат өзінің танысының 3 жасар баласын өлтірді. Қылмыскер сәбиді анасының қолынан жұлып алып кеткен. Күдіктіні іздестіру шараларына алты жүзге жуық полиция, кинологтар мен еріктілер қатысты. Баланың мәйітін полиция қызметкерлері Бұрма ауылының маңында тапқан, кейін қандықол қылмыскер де ұсталды. Баланы ұрлаған және өлтірген 23 жастағы күдікті Сопыжанов Игентай Кәрімұлына республикалық ауқымда іздестіру жұмыстары жарияланды. Бүгін қаскөй түңгі сағат 1-лер шамасында вокзал маңында құрықталды. Қазіргі таңда ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Күдікті бұған дейін де адам өлтіргені үшін сотты болғаны белгілі болды. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, қылмыскер Сопыжанов баланың анасымен 2014 жылдан бері таныс, әрі жақын қарым-қатынаста болған. Бірақ екеуі әйелдің туыстары наразы болған соң екі жаққа ажырап кеткен. Ашуға булыққан ер адам әйелдің тәтесін балтамен өлтірген. Сол кезде қылмыскерге 9 жыл бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалған. Алайда ол ағымдағы жылдың ақпан айында мерзімінен бұрын шартты түрде түрмеден босап шықты
  2. 1 тамыздан бастап «Су Жылу Транс» мекемесі ыстық судың бағасын 2 есеге қымбаттатып отыр.Ыстық су бағасы тарифінің көтерілгенін тамыз айына келген түбіртектерден көруге болады. Бағаның көтерілуіне себеп, жылу электр станциясы химиялық тазартудан өткен судың бағасын 3 есеге арттырған. Жауапты мекеме басшылығының сөзінше  бұл шешім департаментпен бірлесе отырып шығарылған. Есептегіш бойынша қаншалықты мөлшерде су жұмсаса, 1 текше метріне осыған дейін 136 теңге төлесе, ендігіде 262 теңге  төлейтін болады. Ал ыстық суында есептегіші жоқ балқаштықтар үйдегі адам басына есептегендегі шығын нормасы 3 жарым текше суға 919 теңгеден төлейтін болады
  3. Балқаш сотында фронт-офис ашылды. Ғимараттың 1-ші қабатына азаматтарды қабылдау үшін барлық жағдай жасалған. Жаңартылған сот ғимаратын алғашқылардың бірі болып облыстық және қалалық сот төрағалары мен шаһар басшысы көрді. Осыдан екі ай бұрын бұл жерде 160 шаршы метр аумақта жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Енді мұнда ресепшен, адвокат пен медиатордың жеке кабинеттері, келушілерге арналған ыңғайлы күту залы мен тегін вай-фай қойылған. Сонымен қатар кеңсе қызметкерлері мен қалалық әкімшілік сотының азаматтардан өтініш қабылдайтын жері шоғырландырылған. Өз-өзіне қызмет көрсету аймағында дербес талап арыз беріп, істің мәртебесі туралы ақпарат білуге болады. Ол үшін қолыңызда электрондық сандық қолтаңбаңыз болса болғаны
  4. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап 9-шы және 10 сынып оқушылары Қазақстан тарихы мен Дүние жүзі тарихы пәндерінен жаңартылған білім мазмұны бойынша білім алады. Бұл туралы пән оқытушыларының бірлескен семинарында айтылды. Бұл өзгеріс 6-шы, 7-ші, 8-ші сынып оқушыларына алдыңғы жылы енген болатын. Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша оқу бағдарламасының білім мазмұны хронологиялық реттілікпен берілген. Көне дәуірден бүгінгі күнге дейін және әлеуметтік қатынастардың дамуы, мәдениеттің дамуы, мемлекеттің дамуы, экономикалық даму бөлімдерін қамтиды. Биылғы жылы жаңа заман тарихын оқитын 7 мен 8 сынып оқушыларына өтпелі кезеңге байланысты 1 оқулық берілген. Ал жаңартылған білім мазмұнына көшкен 9 бен 10 сынып оқушылары бағдарламаға сәйкес оқулықпен қамтылған
  5. Спорттық жарыстар, шеберлік сағаттары. Балқаштықтар отбасы күні мен денсаулық фестиваліне орай осындай шаралар ұйымдастырды. Оқушылар сарайының беткі алаңында оқушылар би билеп, сурет салды, спорттық жарыстарға қатысты. Ал денсаулық фестивалінің аясында офтальмолог пен эндокринолог дәрігер балаларды тексерді. Ширату, сурет салу, қаппен секіру және доппен бірнеше ойындар бойынша бақ сынасты.  Оқушылар сарайындағы мұғалімдер фестивальге келген оқушыларға жіп графикасы мен монотип техникасын қолдана отырып, картиналарды қалай жасау керектігін көрсетті. Балаларға гофрленген қағаздан гүлдер жасауды және заттарды салфеткалармен, жылтырлармен және бояулармен безендіруді үйретті. Мұнда олар өздеріне ұнаған үйірмелерге жазылды. Ал денсаулығын тексергісі келгендер офтальмолог пен эндокринологқа алдын-ала жазылусыз баруға мүмкіндік алды. Бүгін консультативті-диагностикалық орталықта ашық есік күні өтті. Таңертеңгі сағат 9-дан 12-ге дейін мамандар шамамен 15 науқасты қабылдады
  6. Алматы облысының командасы регата сайысында үздік атанды. «Халықаралық Балқаш 2019» регатасы өз мәресіне жетті.Желкенді қайық спортына Армения мен Өзбекстан, еліміздің 5 өңірінен спортшылар қатысқан болатын. 5 қыркүйекте басталған жарысқа 9 топтан құралған 40-қа жуық адам қатысты. Регата жарысы 4 топ бойынша өтті. Олар: луч, луч-радиал, кадет және оптимис. Топтық есеп бойынша Алматы облысының спортшыларына тең келер ешкім болмады. Ал 2-ші орынға Түркістан облысының қатысушылары тұрақтады. Армениядан келген қонақтар 3-ші орынға табан тіреді. Топтық есептен бөлек спортшылар 4 класс бойынша іріктелді. «Луч» класында Алматы облысының спортшылары 3 орынды теңдей бөлісті. «Луч радиал» класында да осы топ жоғары нәтиже көрсетті. Түркістан облысының желкенді қайық спортшылары «Кадет» класында үздік атанды. Дәл осы класта балқаштық Ақтілеухан Кәлен мен Данил Титов 3-ші орынға лайық деп танылды. Сайыстың ең кішкентай қатысушылары «Оптимист» тобында өнер көрсетті. Бұл класта Армениядан келген спортшы өзгелерден  оқ бойы озық болды. Жеңімпаздарға марапаттау қағаздары мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді
  7. Балқаштық «Металлург» пен Саран қаласының футболшыларының кездесуі 8:1 есебімен  аяқталды. Осылайша аяқ допшыларымыз әуесқой командалар арасындағы облыс біріншілігінде 27 ұпаймен, 9 жеңіс пен 2 ұтылыспен  әзірге 2-ші орында келеді.Кезекті ойын сырт алаңда «Саран шахтасы» командасымен өтті. Ойында алғаш болып есеп ашқан алаң иелері болатын. Көп күттірмей балқаштықтар қайтарма гол соғып есеп теңестірді. Бірінші таймның соңына дейін жерлестеріміз артынша 3 гол соғады. Ал 2-ші таймда жерлестеріміз қарсыластар қақпасына тағы да 4 гол салады. Қорытынды есеп, 8:1 болып аяқталады. Әзірге балқаштықтар әуесқой командалар арасындағы біріншілікте 2-ші орында келеді. Команда қоржынында 9 жеңіс пен 2 ұтылыс, жалпы саны 27 ұпай бар.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login