Балқаш жаңалықтары 02.09.2019

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Тоқаев бүгін халыққа жолдауын жариялады. Бұл оның президент болғалы алғашқы жолдауы.2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер саны қысқаратын болады. 2024 жылға дейін олардың саны 25 пайызға дейін кемиді. Одан өзге елде бейбіт митинг ұйымдастыруға рұқсат етілетін заңнама күшіне енетін болады. Сот жүйесіне де біршама өзгерістер еніп,  заңға қатысты қатаң талаптар күшейтіледі. Одан бөлек жолдауда шағын және орта бизнесті дамыту мәселесі сөз болды.. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.Мемлекет басшысы бұл тұрғыда ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуды басты назарға алды. Келесі мәселе мәдениет қызметкерлерін қолдауға бағытталды. Осы кезекте мемлекет басшысы кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселелерге тоқталды. Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс. Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек
  2. Жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімді курсқа қатысып, жаңа мамандық меңгеруге шақырады.  Екі қолға бір күрек таппай жүргендер таңдауына 7 мамандық ұсынылған (тігінші, аспазшы, шаштараз, элетрогаздәнекерлеуші, сылақшы, кран машинисті, автокөліктерді жөндеу бойынша темір ұстасы). Оқу қыркүйек айында басталады. Әрбір курс қатысушысына 16759 тг көлемінде шәкіртақы төленеді. Жұмыссыз азаматтар қаламыздағы Балқаш сервис колледжі мен Рахымжан Қошқарбаев атындағы Балқаш техникалық колледжінде 3 ай білім алады. Бұл мерзім  аяқталғаннан кейін алған мамандықтары бойынша емтихан тапсырып, соңында сертификатқа ие болады
  3. Конституция мерекесіне орай балқаштық көпбалалы аналар күміс алқа иегері атанды. Одан өзге жас отау иелері мен мереке қарсаңында дүние келген нәрестелердің ата-аналары марапатталды.ҚР-ның Ата Заң күніне орай шаһарда салтанатты жиын өтті. Мерекелік шара мәдениет сарайының артқы алаңында өтті. Шарада шаһар басшысы Ораз Тәуірбеков балқаштықтарды конституция күнімен құттықтап, басты заңның маңыздылығына тоқталды. Қала тұрғындарына Ата Заң тарихынан сыр шертер композициялық би қойылымдары көрсетілді. Атаулы күнде 3 балқаштық көпбалалы ана күміс алқа иегері атанды. Ал 4 тұрғынға жеке бас куәлігі берілді. Бұл күні неке қию куәлігін алған жас жұбайлар да назардан тыс қалмады. Өмір есігін жаңадан ашқан 4 кішкентай балқаштықтың ата-анасы марапатталды. Аттары аталып, даталы күнде отбасылық қуанышқа кенелгендерге гүл шоқтары мен сыйлықтар табыс етілді. Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты
  4. Балқашта Конституция күні 7 бөбек дүние есігін ашты. Қала басшысы жас аналарға  гүл шоқтарымен жұмсақ ойыншықтарды сыйға тартты. Ата Заң мерекесі күні үш ұл мен 4 қыз туылған.Ең алғаш болып түңгі 3 те қыз бала дүниеге келсе, мерекелік күнді кешкі тоғыз жарым шамасында туылған жігіт аяқтаған. Дәл осы күні Дана Айтқазина көп балалы ана статусына ие болды.  Салтанатты жиыннан кейін қала әкімі орталық аурухана ішін аралады. Ол барлық бөлімшелерге кіріп, жаңа құрылғылармен танысты.Одан өзге заманауй зертханада болып, ота жасайтын бөлімге де бас сұқты
  5. Шаһар басшысы қаламыздағы Ұлы отан соғысының ардагерлерімен кездесіп қайтты. Қарияларды Ата Заң күнімен құттықтап, гүл шоғы мен сый-сияпаттарын табыс етті.Бүгінде Балқашта Ұлы Отан соғысының екі ардагері бар. Соның бірі жұмысшылар кентінің тұрғыны, жасы жүзді еңсеріп қалған Мұқажан Омаров. Қала басшысы Ораз Тәуірбеков әуелі осы ақсақалдың шаңырағына барды. 1943 жылы Жапониядан ұрысқа аттанып, зұлмат жылдарды басынан кешіреді. 1948 жылы елге оралып,  Балқашта 1952 жылдан бері тұрады. Отты жылдарды өткеріп, бүгінде қазыналы қартқа айналған ардагердің келесі жылы 95 жас мерейтойы екен. Қала басшы тоқтаған екінші мекенжай Рашида Зенькинаның үйі. Соғыс ардагері өзі сұранып ел қорғауға аттанған.  Украина, Днепр, Крым, Польша, Чехославакия жерлерін жау қолынан азат еткен батыл жауынгер. 70-ші атқыштар бригадасында байланысшы болған. Өз кезегінде қала әкімі ардагердің талап-тілектерін тыңдап, мерекеге орай сый-сияпатын ұсынды
  6. Балқашта міндетті әлеуметтік сақтандыруды түсіндіру мақсатында денсаулық акциясы өтті. Оған психолог, жалпы практика дәрігері мен салауатты өмір салтын қалыптастыру мамандары қатысып, халықты тегін қабылдаудан өткізді. 69 жастағы қала тұрғыны Вера Калдашова  осындай акцияға алғаш келіп отыр. Ол аталған шара жайлы көршісінен естіген. Бүгін кеуана  қант мөлшері мен холестеринге талдама тапсырып, қан қысымын өлшетті. Одан бөлек, барлық дәрігер мамандардың кеңесінен өтті. Екі сағатқа жалғасқан акцияға 80-ге жуық балқаштық қатысты.Жалпы практика дәрігеріне 9 адам жүгінсе, психолог және салауатты өмір салтын қалыптастыру орталық мамандарынанан 45 тұрғын кеңес алды. 65 балқаштық қандағы глюкоза мен холестерин мөлшерін тексертсе, 58-і қан қысымының деңгейін анықтап көрді. Акция соңында медицина қызметкерлері қала тұрғындарының білімін тексерді. Балқаштықтарға  міндетті медициналық сақтандыру бойынша сауалдар қойылды. Әр дұрыс жауапқа 1 АЕК яғни 2525 теңге ақшалай сыйақы берілді
  7. Жаңа оқу жылы қарсаңында жүздеген балаға демеушілік жасалды. Оқушыларға сый жасаған кәсіпкерлер одағы мен автожолдарды жаңарту компаниясы болды.Қайырымдылық шарасы оқушылар сарайының акт залында өтті. Балаларға түрлі ертегі кейіпкерлері мен спорт қаһармандары бейнеленген сөмкелер тосын сый болды. 1 сынып оқушыларына 20 оқу сөмкесі мен концелярлық тауарлар берілді. Кәсіпкерлер одағының демеушілік шарасы шағын концертпен жалғасты. Қарағанды-Балқаш  автожолын жаңартып жатқан  «CITY CONSTRUCTION» компаниясы болса 70-тен аса балаға демеушілік білдірді. Портфельдер, кеңсе тауарлары, спорттық костюмдер, блузкалар мен жейде мұның барлығы қалалық білім бөлімі арқылы көмекке жүгінген оқушыларға берілді. Мұндай жомарттық үшін демеушілер шамамен 2 миллион теңге бөлген
  8. Биыл елімізде алғаш рет 400 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы мектеп табалдырығын аттады. Ал Балқашта 1400-ге жуық оқушы мектеп партасына алғаш отырды. №15 мектеп-лицейіне алғашқы қоңырауға жиналған жұрт қарасы көп. Бүгін бұл білім ордасының табалдырығын 100-ден аса бала аттамақ. Оқу ордасына білім күні мерекесіне орай келген қала басшысы оқушыларға сәтті қадам, ұстаздарға қажырлы қайрат тіледі. Салтанатты жиында мектепке алғаш аяқ басып отырған балалар өлең жолдарын оқып, ән арнады. Артынша дәстүр бойынша алғашқы қоңырау соғылды. Сынып партасына жайғасқан бүлдіршіндер өз әсерлерімен бөлісті.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login