Балқаш жаңалықтары 27.08.2019

  1. Техснаб кентінде саяжай өртенді. Қызыл жалын шатырды толығымен шарпыған.  Өрт сөндіру қызметіне жедел қоңырау  сағат 19.00 келіп түседі. Тілсіз жау Техснаб кентіндегі 2-ші линиядан шығады. Өрт сөндірушілер жеткенше, өрт саяжай шатырының ағаш торламасын,  жабындысын толықтай шарпиды. Жарты сағаттан соң өрт ауыздықталады. Өрт болған жерге 2 автоцистерна мен жеке құрамның 6 адамы жіберілді. Тілсіз жау 35 шаршы метрді қамтыған. Саяжай жанғанда ішінде ешкім болмағандықтан, зардап шеккендер жоқ
  2. Шұбар-Түбек кентінде жоғалған бала 12 сағаттан соң табылды. Ойын баласы серуенге шығамын деп кетіп, жарты тәулікке хабарсыз кеткен. Жасыл велосипед мініп ойнауға шыққан баладан кеше таңертеңгі 11-ден бастап жоғалған. 12 жасар бала мүмкіндігі шектеулі жандардың қатарында. Баланы әуелі ата-анасы өз күштерімен іздеп көреді, нәтиже болмағасын, жергілікті полиция қызметіне жүгінеді.  Кешкі 21.00 бала жоғалғандығы туралы хабар Балқаштық құқық қорғау органы мен құтқарушыларға жетеді. Оқиға орнына төтенше жағдайлар тобынан құрамында 9 адам бар 2 жедел топ аттанады. Нәтижесінде сағат түнгі 01.00 бала Гүлшат кентіне барар бағытта, үйінен 1 шақырымдай жерде арықтан табылады. Бала еш зардап шекпеген, дәрігер тексерісінен өтіп, бүгінде ата- анасымен бірге
  3. Қаламыздағы Халыққа қызмет көрсету орталығында тестілеу залы ашылды. Мемлекеттік қызметке түсуге ниет еткендер осы жерден онлайн-емтихан тапсырмақ.Тестілеу залының салтанатты ашылуына шаһар басшысы Ораз Тәуірбеков пен облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Департамент жетекшісі Айгүл Байханова қатысты. Бұл жерден бір сәтте 14 адам тестілеуден өте алады. Тиісінше тестілеу залы компьютермен толықтай жабдықталған. Мемлекеттік тілді білу, еліміздің заңнамасын білу мен жеке қасиеттерді бағалау үшін тапсырылатын емтихандар онлайн түрде алынбақ. Тестілеу кезінде залдағы тыныс тіршілікке камера арқылы дыбыстық әрі бейне бақылау жүргізіледі. Өткен жылы виртуалды түрде емтихан тапсыру арқылы 460 адам мемлекеттік қызметке тұрса, 2019 жылдың басынан бері 255 адам мемлекеттік қызметке іліккен
  4. «Мектепке жол» акциясы аясында Халық банк балаларға демеушілік көрсетті. Жаңа оқу жылы қарсаңында оқушыларға мектеп сөмкесі мен оқу құралдарын табыс етті. Халық Банк өкілдері әуелі қаламыздағы жалпы білім беретін №4 мектеп интернатына барды. Білім ошағындағы 5 оқушыға оқу құралдары мен оқу сөмкелерін сыйлады. Қалам, қарындаштан бастап, мектепке керекті концелярлық заттардың барлығын түгендеп берді. Жаңа оқу жылына арналған жабдықтар №3 мектеп-интернатының да тәрбиеленушілеріне де берілді. Халық банкінің басшысының атынан 2-ші мен 5-ші сынып оқушыларына фирмалық логотипі бар оқу сөмкесі мен кеңсе тауарлары табысталды
  5. Балқаштық «Металлург» әуесқой командалар арасында өткен облыстық біріншілікте жеңісті қолдан бермеді. Осылайша турнир кестесінің екінші сатысына көтеріліп, екінші айналымға жеңіспен аяқ басты.Көшпелі ойындағы «Металлургтің» қарсыласы Абай қаласының «Жастар» командасы болды. Өз алаңында футболшыларымыз бұл құраманы 6:0 есебімен ұтқан болатын. Бұл жолы да жерлестеріміздің бағы жанды. Матч 8:0 есебімен «Металлургтің» жеңісімен аяқталды. Бұл көрсеткіш аяқ допшыларымызға турнир кестесінің 2-ші сатысына көтерілуге мүмкіндік берді. Әзірге ойын кестесінің бастапқы сатысында былтырғы жылдың чемпиондары «Гефест» командасы тұр. Біріншіліктің келесі ойыны 4 қыркүйек күні балқашта өтеді. 8 қыркүйекте «Металлург»  сырт алаңда «Саран» футбол клубымен ойнайтын болады.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login