Балқашта туберкулез ауруына шалдығу дерегі азайды. Былтыр 2018 жылы 22 адам тіркелсе, биыл бұл сан 13-ті көрсетіп отыр. Жұқпалы ауруды адам ағзасынан жылдам анықтап беретін жаңа құрылғы, бүгін туберкулезге қарсы диспансерге әкелінді.
Дәрігерлік карточка орнына бір штрих код. Осылайша Gene Xpert аппаратына емделуші туралы ақпарат келіп түседі. Биологиялық материалды арнайы картриджде араластырады. Осылайша микробтық денедегі ДНҚ бөліп шығарылып, ултьрадыбыс әсерімен молекулярлық деңгейдегі туберкулез және оның дәріге тұрақтылығы анықталады.
Назигүл Қамаубаева – облыстық туберкулезге қарсы диспансер, Балқаш қаласы бөлімшесінің зерттеуші-дәрігері: «Бұл жабдық өкпе туберкулезін диагностикалау үшін қажет. Егер туберкулездік менингит болса ми жұлын сұйықтығы алынады. Ал плеврит болса, лимфа түйіндері бар өкпеқап сұйықтығы алынады»
Осыған дейін мұндай зерттеу бір айдың көлемінде жүргізілсе, ендігіде қолма-қол 2 сағаттың ішінде нәтиже дайын болмақ. Бұл жабдықты сатып алуға туберкулезбен күрестің жаһандық қорынан 6 млн теңге бөлінген. Арнайы американдық өндірушілерден сатып алынған жабдық болып саналады.
Назигүл Қамаубаева – облыстық туберкулезге қарсы диспансер, Балқаш қаласы бөлімшесінің зерттеуші-дәрігері:«Жаңа жабдықтың арқасында биологиялық материал тапсыруда дәл диагноз қойылып, уақытында емдеу шарасын бастауға болады. Бүгінгіге дейін 10 зерртеу жасадық, соның ішінде 1 адамның туберкулезі расталып отыр»
Биылғы жылы былтырғыға қарағанда туберкулез дертіне шалдыққандар азайған. 2018 жылы 22 науқас тіркелсе, биыл 13-ті көрсетіп отыр. Олардың арасында 17 жастағы екі студент бар. Аурушаңдық өсімі зейнеткерлер арасында байқалады. Сол себептен дәрігерлер жыл сайын флюраграфиялық тексеруден өтуге кеңес береді.
Қымбат Қасымова – облыстық туберкулезге қарсы диспансердің Балқаш қаласы бөлімшесінің жетекшісі: «Туберкулез дерті анықталған 13 адамның 41%-ның 2 жыл, одан да көп уақыт флюраграфиядан өтпегендігі анықталып отыр. Тіпті 5-10 жылдай тексерілмегендер де болады. Олар өзінің айналасындағы жандар үшін қаншалықты қауіпті екенін білмейді»
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login