Жұмыспен қамту орталығы сәуір айынан бері 7 мамандық бойынша жұмыссыз жандарды оқытуды бастаған болатын. Шілденің соңында электрик пен дәнекерлеуші біліктілігін меңгерген 30 адамның тең жартысы жұмысқа тұрып үлгерді. «БалқашЭнерго» мекемесі электромонтер кәсібін оқыған 5 жанды қызметке алған. Соның бірі 25 жастағы Сергей Васильев. 24 сәуірде басталған оқыту курсын үш айдан соң 30 адам тәмамдаған. 19 адам дәнекерлеуші және 11жан электрик біліктілігін меңгеріп шыққан. Дәнекерлеушілердің басым бөлігі Балқаш Универсал мекемесіне жұмысқа тұрса, өзгесі жекеменшік орындарға қызметке кірген.
Сергей Васильев – электромонтер: «Өз мамандығым бойынша жұмыс таппағандықтан, жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Электромонтер мамандығы бойынша курс ашылғанын көріп, оқуға қабылдандым. Соңғы 2 ай осы мекемеден тәжірибеден өтіп, артынша тұрақты жұмысқа орналастым»
Бүгінде жыл басынан бері жұмыссыз 127 балқаштық түрлі мамандықтар бойынша қысқа мерзімді оқыту курсынан өтуде. Жұмыспен қамту орталығы тамыздың соңынан бастап тағы 3 кәсіп бойынша мамандарды даярламақ. Олар: косметолог, маникюр маманы және іс қағаздарын жүргізуші. Аталмыш мамандықтарға оқыту курсы тамыздың 25-нен басталмақ.
Асылай Өміржанова – ХЖҚО маманы: «Жұмыспен қамту орталығында жаңадан оқу орындары ашылмақ. Олар маникюр, іс-қағаздарын жүргізуші және де косметолог. Жұмыссыз жүрген азаматтарды Балқаш қаласының жұмыспен қамту орталығына шақырамыз. Оқу мерзімі 3 ай, 16759 тг көлемінде шәкіртақы төленеді. Әр курсқа 10 адамнан адамдар қабылдаймыз»
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login