Арыс қаласынан 200 бала Бектау-атада орналасқан «Факел» лагеріне демалуға келді. Оңтүстіктен келген кішкентай қонақтарды Сары-Шаған темір жолынан лагерь басшылығы қарсы алды. Балғындар тамыз айының соңына дейін болмақ. Ақтоғай ауданының әкімі мен облыстық мәслихат депутаты Айман Тукбаева жылы лебіздерін білдірдірді. Бір топ ұстаздар қауымы да осында. Кішкентай қонақтарға шашу шашылып, ертегі кейіпкерлері көңілдерін көтерді. 3 автобус пен 4 газель автокөлігі арыстық балаларға лық толды. Сауықтыру шарасы 6 реттік тамақ пен қымыз, физио ем-шарасын қамтиды. Бассейн мен дене жаттығуына арналған жабдықтар да бар. 1 ай көлеміндегі лагерь жұмысына демеуші жомарт жандар 30 млн қаражат берген
11 тамыз күні күллі мұсылман қауымына ұлық саналатын Құрбан айт мерекесі басталады. Балқашта айт намазы таңғы сағат 7.00-де оқылады. Содан кейін құрбандық шалуға рұқсат етіледі. Айт намазынан кейін келген жамағатқа тегін ас таратылады. Ал діни мереке күні мешіт маңында түрлі шаралар ұйымдастырылмақ. Атап айтқанда, күрес, арқан тартыс, кір тасын көтеру сынды ұлттық ойындар ойнатылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болады. Биыл Құрбан айт жексенбіге түсуіне байланысты, мерекеге демалыс берілмейді. Дүйсенбі жұмыс күні болып саналады
Бүгін қала әкімі Ораз Тәуірбеков «Балқаш қаласы Мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігін 20 жылдық мерейтойымен құттықтады. Осы датаға орай Өнер мектебінде салтанатты жиын өтті. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қала әкімшілігі мен демеушілер құттықтап келген. Салтанатты жиынды қала басшысы ашып берді. Одан кейін қоғамдық бірлестік төрайымы «Мүгедектер қоғамына» қолдау көрсетіп жүрген демеушілерді алғыс хатпен марапаттады. Кеш соңында оннан астам бірлестіктің белсенді мүшелеріне бағалы сыйлықтар мен грамоталар табысталды. Айта кетейік, бүгінде Балқаш қаласы бойынша 400-ге жуық адам «Мүгедектер қоғамына» мүше
Балқашта «Карамель» атты жаңа кафетерий ашылды. Ұсынылатын өнімдер әрдайым балғын әрі жоғары сапада. Кофейня қызметкерлері кәсіби баристаның оқуынан өткен. Ашылу салтанатының құрметіне барлық келушілерге тегін кофе таратылды. Мәзірде итальяндық құрылғыда дайындалатын американо, эспрессо, мокко, латте сияқты кофенің 10 астам түрі бар. Бразилияның үздік кофе дәндері Алматыда қуырылып, дайындалу алдында үгітіледі. Сол себепті де хош иіс пен қанық дәм кофеде сақталады. Бонус ретінде кофе бетінде әдемі өрнектер салынады. «Карамельдің» ашылуына келген халықтың қарасы көп. Тұрғындарға бұл күні кофе тегін таратылды. Мұнда кофені кәсіби итальяндық құрылғыда дайындайды. Қызметкерлерге мұндай сусынды дайындауды латте-арттан Қазақстан чемпионы кәсіби бариста үйреткен. Кофейняға кофе күнделікті алып келінеді. Сондықтан мұндағы өнім әрдайым балғын және жоғары сапада. Одан өзге ассортиментте 8-ге жуық шай түрі, лимонад, сүтті коктейль және кондитерлік өнімдер бар. «Карамель» кафетериі өз қонақтарын күнделікті таңғы 10-нан кешкі алтыға дейін Қараменді би, 11 мекен жайында күтеді
Шаһарда қала әкімі кубогіне шағын футболдан турнир бастау алды. Турнирге Балқаш, Ақжал, Ағадыр, Саяқ пен Приозерскі командалары қатысуда. 18 құрама команда өзара 4 кіші топқа бөлінген. «ОЖК» — он жетінші квартал. Бұл сол орамның тұрғындарынан құралған атына заты сай топтың аты. 5 жылдай бірге жаттыққан әуесқой ойыншылар турнирде алғаш рет өнер көрсетуде. Алғашқы ойындарында тосылмай, жеңіске жеткен. Алаңның қарсы бетінде «ОЖК» командасына қарсы ойнап жатқан былтырғы турнир чемпиондары. «Достық» ардагерлер командасы ойынның алғашқы минутында-ақ есеп ашып үлгерді. Қарымта гол да ұзақ күттірмеді. Бірінші таймның соңына дейін екі жақ та бірнеше рет гол соқты. Нәтижесінде «ОЖК» командасы 4:3 есебімен қарсыластарына дес бермеді. Дәстүрлі шағын футбол турниріне 18 команда келді. Балқаш, Ақжал, Ағадыр, Саяқ, Киікті, Приозерск аяқ допшылары жасыл алаңда қала әкімі кубогі үшін тартысқа түсетін болады. Ойын 2 аптаға созылып, финалдық кездесу 18 тамыз күні өтеді.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login