Балқаш жаңалықтары 30.07.2019

  1. Балқашта бірінші су колонкасындағы 4-ші линияда орналасқан саяжай сарайы толықтай жанып кетті. Қызыл жалын таңғы 6-да тұтанған. Өрт шыққанда саяжай иесі болмағандықтан, іргелес тұрған түйдегі көршісі таң ертемен будақтаған түтінді көреді. Бірден өрт сөндірушілерге хабар береді. Оқиға орнына 2 арнайы техникамен келген 10 өрт сөндіруші қызыл жалынды 15 минутта сөндіреді. Алайда сарай толығымен жанып кеткен. Жалын 40 шаршы метр аумақты шарпыған. Оқиғадан ешкім зардап шекпеді. Өрттің нақты шығу себептері анықталу үстінде
  2. Балқаштық жол сақшылары 5 күннің ішінде 150-ден аса ереже  бұзушылық фактісін  анықтаған. Қалада «Қауіпсіз жол» акциясы өтті. Акция барысында құқық қорғаушылар көлік тізгіншілерін жолда жүру ережелері мен жол қауіпсіздігі туралы үнқағаздармен ақпаратандырды. 40 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпаса, 12 адам жүргізуші құжатынсыз көлік тізгіндеген. 8 тұрғын рөлде келе жатып, ұялы телефонмен сөйлескен және 8 адам жаяу жүргіншілерге жол бермей, бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен. Ал бір көлік иесі темір тұлпарын заңсыз түрде қайта жабдықтаған. Жалған нөмір тағып, ұсталған да бар. 4 адам рөлге мас күйінде отырған. Жаяу жүргіншіге арналған жолда 12 көлік жүргізушісі өтіп кеткен. Ереже бұзған көлік тізгіншілеріне 12 мыңнан 40 мың теңге көлеміндегі айыппұл салынған. Кейбір фактілер бойынша іс сотқа жіберілген
  3. Балқашта 10-шы шағын ауданда 45 пәтерлі жаңа тұрғын үй бой көтереді. Құрылыс жұмыстарына 400 млн теңге қаржы жұмсалмақ. Жоспар бойынша биылғы жылы тағы бір көпқабатты құрылыс нысаны салынбақ. Құрылыс аумағында бүгінде қарқынды жұмыс жүруде. Мердігер ұйымның мамандары салынар тұрғын үйдің қазаншұңқырын қазуда. 50 де 12 метр көлеміндегі шұңқырлар қазылып қойған. Құрылыс негізі әлі 1 аптаға созылмақ. Одан соң тұтасқұймаға көшеді. Нысан аумағында 10 адам мен 5 техника жұмыс жасауда. Нысан құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынуда. Республикалық бюджеттен биыл соның 200 млн-ны бөлініп отыр. Қалған сома келер жылы аударылмақ. Биылдан қалмай осы жерде дәл осындай 45 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысы басталады. Мердігер компания болса қаржының аударылғанын күтіп отыр. Ол нысан 470 млн-ға тұрғызылмақ. Көпқабатты үйлер құрылысы 2020 жылдың желтоқсанынан қалмай аяқталуы тиіс
  4. Биыл Балқашта жыл аяғына дейін 200 кәріз құдығының  қақпағы ауыстырылады.  Осы уақытқа дейін 230-ға жуық құдыққа жаңа қақпақ жабылған. «Балхаш Су» мекемесінің қызметкерлері Мир мен Ленин көшелерінің қиылысындағы кәріз құдығының қақпағын ауыстыруда.  Қақаған қыстан кейін мына полимерлі қақпақтар жарамсыз болып, ескіріп қалған. Оның орнын мамандар  шойынмен алмастырмақ. Оның артықшылығы  бұл қақпақтар 20 тоннаға дейінгі салмақты көтеріп, ұзаққа жарамақ. Көшелердегі көлік жүретін бөліктерге пластик жаппа орнына 50 шойын қақпақ қойылған. Сванқұлов көшесі мен Қараменде би, Мир, Желтоқсан көшелерінің қиылысынан бүгінде жаңарған қақпақтарды көруге болады. Ашық жатқан немесе сынған люктерді көрсеңіздер 5-10-45, 4-16-65 жедел желі нөмірлеріне хабарласа аласыздар. Тұрғындардың тәулік бойына қоңырау шалу мүмкіндігі бар
  5. Чехиядан қола жүлдемен оралды. Балқаштық каратэші Светлана Филиппова әлемдік бәсекеде ел намысын қорғап келді. Каратэ до шотоканнан өткен әлем чемпионатына 56 елден 2 мыңға жуық спортшы қатысқан. Ал Қазақстан құрамасынан 25 каратэші барған, соның бірі балқаштық 15 жастағы Светлана Филиппова. Бәсекеде абсолютті салмақта бақ сынаған спортшы қыз 5 жекпе-жек өткізген. Кездесулер нәтижесінде жекелей және командалық кумитэде екі қола жүлдеге қол жеткізді. Прага төрінде әлем чемпионатын бағындырып келген тәлімгерін қаламыздағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ыстық ықыласпен қарсы алды.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login