Балқаш жаңалықтары 29.07.2019

  1. Тілсіз жау тағы бір жанның өмірін жалмады. Балқаш көлінде 2,5 метр тереңдіктен 28 жастағы ер адамның  денесі табылды. Қайғылы жағдай 27 шілде күні тіркелді. Қалалық кемежайдан әрірек орналасқан өнеркәсіптік аймақта, шомылуға рұқсат етілмеген жерде түскен. Әрі марқұмның алкоголді ішімдік ішкен күйінде шомылғандығы анықталып отыр.  Суға батып бара жатқанын көргендер бірден құтқарушыларға хабар берген. Оқиға орнына 4 құтқарушы моторлы қайықпен жетеді. Оқыс оқиғаға сүңгуірлердің көмегі жұмсалды. 10 минуттан кейін жағалаудан 25 метр қашықтықтан 28 жастағы балқаштықтың денесі шығарылды. Суға батқан тұрғын көлдің 2,5 метр тереңдігіне батып кеткен
  2. Балқаш маңындағы трассада екі адам оқ тиіп жарақат алған. Мәліметтерге сүйенсек, жәбірленушілер жол бойындағы дәмханалардың біріне барып, көмекке жүгінген. Сол жерден орталық ауруханаға жеткізіледі. Төтенше жағдай сенбіден жексенбіге қараған түні болған. Таңғы сағат 4.00 шамасында трассаның медициналық пунктіне жол бойындағы дәмханалардың бірінен жарақат алған адамдар бары хабарланады. Оқиға орнына жедел барған құтқарушы бригада зардап шегушілердің оқ тиіп, жұмсақ тіндерінің жарақаттанғаны белгілі болдады. 28 бен 29 жастағы екі азамат зақымданудан есеңгіреп қалған. Жәбір көрушілер орталық ауруханаға жеткізілген. Құқық қорғаушылары болса шабуылдаушылардың ізін кесіп үлгерді. Бүгінде қылмыстық істер полициясы  іске қатысы бар деген 28, 29 және 34 жас шамасындағы үш қала тұрғынын  күдікке алып отыр. Оқ атқандығы  мәлім болған 28 жастағы азамат  уақытша ұстау изоляторына алынды
  3. Балқаш маңында жеңіл көлік пен жүк көлігі соқтығысты. Жол көлік оқиғасы салдарынан  бірнеше адам зардап шекті. Жол апаты Балқаштан 30 шақырымдағы Бектау-ата маңында болған. Сағат түскі 15.00 шамасында Алматы-Екатеринбург трассасында екі көлік соқтығысады. «МАН» жүк көлігінің 34 жастағы жүргізушісі жол қиылысынан өте беремін дегенде «Ниссан Альмера» жеңіл көлігіне барып соғылады. Жеңіл көлікті 31 жастағы азамат басқарып келе жатқан. Көлікте болған 31 мен 44 жас аралығындағы 4 адам зардап шегеді. Олар бүгінде қалалық орталық ауруханаға жатқызылды. Жағдайлары орташа ауыр деңгейде жеткізілген үш жолаушы, зақымданудан есеңгіреп, сынық және бас сүйек ми зақымын алған
  4. Өткен сенбіде қаламызда әкім бастаған бір топ адам #Birge #TazaQazaqstan акция аясында сенбілік өткізді. Шараға еріктілер мен мемлекеттік ұйым және коммуналдық мекеме қызметкерлері қатысты. Тазалық жұмыстары қаламыздағы 90 квартал мен көл жағалауына жасалды. Қоқысты аумақтарды тазартуға 2 жүк тиегіш пен 3 жүк түсіргіш көлік жұмылдырылды. Ізгі шараға атсалысуға «Жасыл ел» жасағынан 30 адам, «БалхашЭнерго», «БалқашСу», «СуЖылуТранс» мекемелерінен он-оннан қызметкер келді. Мемлекеттік мекеме ұжымдары да қатысты. Экология министрі бастаған су қоймалары мен, өзен, көлдердің жағалауын тазартуға арналған #Birge #TazaQazaqstan акциясын жаңадан тағайындалған қала басшысы қолдайтынын өткен аптада жеткізген болатын. Сенбілік таңғы 9.00-ден бастап түскі 14.00-ге дейін жалғасты. Тазалық жұмысының басты нысаны  90 квартал аумағы болды. Ол жерден 10 камаз қоқыс шығарылды. Ал екінші аумақ көл жағалауы. Нан зауытынан Рембазаға дейінгі жерден 2 жүк көлігін толтырар қоқыс тазаланды. Сенбілік қатысушылары болса, қала тазалығына үлес қосудан тартынбайтындарын жеткізді
  5. «Халық банктің» Балқаштағы филиалы өз клиенттері арасында 400 мың теңге ойнатты. Акция металлургтер күніне орай ұйымдастырылды. Банкте несие картасын ашып, кепілдіксіз несие рәсімдедеген салымшыларға ақшалай ұтыстар мен 200 мың теңге сый ойнатылды. Ұтыс ойынында кімнің бағы жанды, келесі материалдан көрелік. Халық банктің ұтыс ойыны Шашубай мөлтек ауданындағы бөлімшеде өтті. «Ұтыс бұйырса» деген салымшылардың қарасы көп. Келушілерге әуелі викторина ойнатып, бимен көңілдерін көтерді. Викторина барысында банк қашан құрылғандығы, мобилді қосымша атауы қандай, ең жоғары деңгейдегі алуға болатын несие мөлшері сұралды. Сауалдарға дұрыс жауап берген клиенттерге естелік сыйлықтар табысталды.Кезек ұтыс ойынына келіп жетті. Оған 9 мен 26 шілде аралығында банктен кепілдіксіз 300 мыңнан жоғары сомада несие рәсімдеп, кредит картасын ашқан клиенттер ғана қатысты. Салымшылар өз есімдерін қағазға жазып, оны арнайы жәшікке салған. Келушілер арасынан 3 ерікті жан бақылауымен оны барабанға салып айналдырды. Осылайша Халық банкіндегі кредит картасы бар екі адам 25 мың теңгеден иеленді. Ұтысқа тұрмыстық техникалар да ойнатылды. 20 дан астам клиент шайнек пен үтік секілді кішігірім жабдықтарды ұтып алды.  50 мың теңгелік сертификаттарды екі салымшы, тағы бір жанға 100 мың теңге ұтысы бұйырды. Ақшалай ұтыс мөлшері 200 мыңды құрайтын басты сыйлық Баян есімді қала тұрғынының бағын жақты
  6. Мемлекеттік кірістер органының қызметкерлері күмбірлете күй шертіп, мың бұралып биледі. Нақышына келтіріп өлең оқыды. Мұның бәрі облыс көлемінде өткен «Рухани жаңғыру» сайысында көрініс тапты.  Салық комитетінің мемлекеттік кірістер органы деп өзгертіліп аталғанына биыл тура 5 жыл. Атаулы күнге орай Балқашқа облысымыздың 4 өңірінен салық қызметкерлері жиналды. Приозерск қаласы, Шет пен Ақтоғай аудандарынан келген және жергілікті орган қызметкерлері 4 түрлі жанр бойынша сайысты. Көркемсөз оқудан бас жүлде мен хореография және би бәсекесінен 1 дәрежелі диплом балқаштықтар еншісінде. Музыкалық шығармашылық пен  түпнұсқа жанрынан Шет ауданы 1-ші орынға лайық деп танылды. Кірістер органының ұжымдары еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін осылайша өз өнерлері арқылы көрсетті
  7. Шілденің төртінші жексенбісі көлік қызметкерлерінің күні. Осыған орай Металлург стадионында зауыт қызметкерлері арасында сайыс өтті. Қатысушылар белтемірге тартылып, волейбол ойнап, көліктің дөңгелегін ауыстырып жарысты. Құрама командалардың спорттық сайысын біздің түсірілім тобы да тамашалап келді. Қатысушылардың алғашқы сыны белтемірге тартылу болды. Уақыт есебіне қарамай, кім көп рет тартылса сол жеңімпаз болмақ. 3 адамнан құралған 3 топтың өзара сайысында 41 рет тартылып, 1-ші автотізбек тобы үздік көрсеткіш танытты. Көліктің дөңгелегін ауыстыру тапсырмасын орындауда да 1-ші автотізбек тобының мүшелері алдына жан салмады. Тапсырма бойынша  топтың 3 қатысушысы кезек-кезегімен, бірі құрал-сайманды әзірлеп, сигнал белгісін қойып, екіншісі көтергіш көмегімен, дөңгелекті ауыстыруы тиіс. Ал үшінші қатысушы болса құралдарды бастапқы қалпына қаз қатар қоюы керек. Зауыт қызметкерлерінің үшінші бәсекесі волейбол болды. 1 және 2-ші автотізбек пен басқару және жөндеу бөлімшелерінің мамандары 4 құрама топ болып жарысты. Байқау жеңімпаздары болса ақшалай сыйлық пен бағалы сыйлармен көлік жүргізушілерінің кәсіби мерекесі күні, алдағы демалыста салтанатты түрде марапатталмақ.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login