Балқаш жаңалықтары 24.07.2019

  1. Балқашта 7 жастағы бала екі метірлік шұңқырға құлап кетті. Оқиға Молдағұлова көшесі нөмірі 2 үйдің ауласында болды. Кешке қарай ойнап жүрген бүлдіршін жарық бағанасын орнату үшін қазылған тереңдігі екі метр шұңқырға байқамай түсіп кеткен.  Оны көрген аула тұрғындары баланы шығарып алмақ болады. Алайда, бүлдіршін құлағанда екі аяғы бүгіліп қалған. Содан орнынан тұра алмай шұңқырға кептеліп қалыпты. Баланы жұлқылағанмен одан түк шықпайтынын көрген куәгерлер құтқарушыларды шақырады. Мамандар келісімен қазылған орынның айналасын қазып, кеңейткеннен кейін бүлдіршінді алып шығады. Ал шақыртумен келген жедел жәрдем қызметкерлері баланың ауруханаға апарып, денсаулығын тексерген. Анықталғандай балаға еш зақым келмеген. Белгілі болғандай Молдағұлова көшесі нөмірі 2 үйдің ауласында электриктер  жұмыс істеген. Жарық бағаналарын орнату үшін бірнеше жерден шұңқыр қазған. Жұмысқа жауапты мердігер компания директорының айтуы бойынша кеше шұңқырдың бетін  құрылыс материалдарымен жауып кеткен. Оның сөзінше  балалар оны ашып, маңында ойнаған
  2. Балқашқа демалуға келген теміртаулық азамат ақшасынан айырылды. Ол бөлмесінен шығып кеткенде, ұры түсіп 100 мың теңгеден астам қаржысын жымқырып кеткен. Алайда оны полиция қызметкерлері қолға түсірді. Қылмыстық оқиға қаламыздағы демалыс орындарының бірінде болған. Уақытын көңілді өткізуге келген 37 жастағы теміртаулық бөлмесінің есігін жаппай шығып кеткен. Кейін қайтып оралғанда әмиянында тұрған 300 долларын таппай қалады. Содан бірден шу көтеріп, полиция шақыртқан. Тәртіп сақшылары жедел іздеу шарасын ұйымдастырып, 29 жастағы қала тұрғынын қолға түсіреді. Кейін оның бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталғандығы анықталады. Ол демалушының есікті жаппай кеткенін көргенде мұндай қадамға барғанын айтып, кінәсін мойындаған
  3. Балқаштық құтқарушылар 3 күн бойы тоқтамай жанған дала өртін сөндірді. Шаһардан 65 шақырым қашықтықтағы  Сарықұмстанциясының маңында жазық жер қызыл жалынға оранды. Тілсіз жаудың шығуына шіліңгір ыстық себеп болған. Дала өртін ғарыштық  мониторинг жүйесі  тіркеп, мамандарға сигнал берген. Тілсіз жауды ауыздықтауға Ақтоғай ауданы мен Балқаш қаласының мамандары жұмылдырылды. Оқиға орнына балқаштан 3 техника мен 10 өрт сөндіруші аттанған. Алайда кең алқапты шарпыған жалынды ауыздықтау оңайға түспеді. Тек 3 күннен кейін ғана өрт толықтай сөндірілді. Осы уақыт аралығында  48 гектар жер өртенді. Құтқарушылар тілсіз жауға қарсы 7 тоннаға жуық су жұмсаған. Одан бөлек қоржынды өрт сөндіру құралдарын  пайдаланған.  Зардап шеккендер жоқ
  4. Балқаштықтарға жылу үшін 12 млн астам тг қайтарылады. Табиғи монополияларды реттеу комитет департаменті Су Жылу Транс мекемесінің қыста жылу температурасын қалыпта ұстамағанын анықтады.  Өткен жылыту маусымында тарифті бекіту кезінде жылу энергиясын есептейтін құрал орнатылмаған үйлердің нақты сыртқы ауа температурасы көрсетілмеген. Есептей келе коммуналдық мекеме жылуды дұрыс бермегендіктен тұрғындарға 4,5 млн тг қайтаратын болды.  Соған байланысты қайта есептеу жүргізіліп, артық ақша қазан айындағы төлемнен  шегеріледі. Айырмашылықты сол айда берілетін түбіртектен көруге болады. Ал қалған 8 млн 2016 жылдың еншісінен қалған.  Артық ақша  әр тұрғын үйдің шаршы метріне  байланысты қайта есептеліп, тамыз айында 200-250 тг шегеріледі
  5. Қарағанды облысында 200-ден астам отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған.  Оларды тексеріске шыққан мамандар анықтаған. Биыл орталық өңірде  өткен жылмен салыстырғанда  мемлекеттен ақшалай көмек алатын отбасылар саны 4 есеге артқан.  Осылайша, бюджет шығыны  6 есеге өскен. Ал тексеріс барысында, 199 отбасы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып отырғаны анықталып, оларға мемлекеттен қаржы беру тоқтатылды. Отбасылық табысын жасырып келгендердің көбісі Жезқазғаннан-44 жанұя. Одан кейінгі кезекте Бұқар Жырау ауданы- 35 отбасы. Одан бөлек 40 адам күдікке алынған. Тағы 100-ге жуық отбасын аймақтық комиссия мүшелері тексеруде. 17 адам өз еркімен алған қаржылай көмегін кері қайтарған.  Ал Балқашта атаулы әлеуметтік көмеккке іліккен 200 отбасы бар. Оларға жыл басынан бері 43 млн-ға жуық қаржы төленген. Бүгінде барлық қалалардағы атаулы көмек иелерінің құжат түпнұсқасын арнайы комиссия тексеруде. Нәтижесінде, заңсыз ақшалай көмек алғандар  алған сомасын қайтаруы тиіс, өйтпеген жағдайда мемлекет сот арқылы өндіріп алуды жүзеге асырмақ
  6. Жұмыссыз азаматтар қысқа мерзімді курсқа қатысып, жаңа мамандық меңгере алады. Жұмыспен қамту орталығында тұрғындардан өтініш қабылдау басталды.Екі қолға бір күрек таппай жүргендер таңдауына 8 мамандық ұсынылған. Атап айтсақ, тігінші, аспазшы, шаштараз, электргазбендәнекерлеуші, электромонтер, кран машинисті, сылақшы, автокөліктерді жөндеу бойынша темір ұстасы. Оқу тамыз айында басталады.  Жұмыссыз азаматтар қаламыздағы Балқаш сервис колледжі мен Рахымжан Қошқарбаев атындағы Балқаш техникалық колледжінде 3 ай білім алады. Бұл мерзім  аяқталғаннан кейін алған мамандықтары бойынша емтихан тапсырып, соңында сертификатқа ие болады
  7. Су — тілсіз жау!  2 күн ішінде Қазақстанда 15 адам суға кеткен.  Оның ішінде 12 адам шомылуға рұқсат етілмеген аймаққа түссе, екі азамат балық аулап жүріп суға батқан. Ал бір адам гидроциклмен көлге шығып, ажал құшқан. Көз жұмғандар ішінде 2 бала бар

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login