Шашубай кентінің тұрғындары сусыз отыр

Шашубай  кентінде көпқабатты бес үйдің  тұрғындары шіліңгір шілденің аптап ыстығында  суға  жарымай отыр. Ауыз су тек түнде оның өзінде 1 сағатқа ғана беріледі екен. Бұл қиындықтан әбден мезі болған шашубайлықтар бүгін әкімдікке барып,  шу көтерді. Сейфуллин көшесі нөмірі  1-ші үйдің тұрғыны Гүлмира Нұрбаева  су беріп қала ма деген үмітпен крандарды тексеруде. 4 қабатта тұратын тұрғынның күтумен жүргеніне 2 айдан асқан. Айтуынша қысым төмен болғандықтан су жоғары қабатқа жетпейді екен. Тіршілік көзі түнгі он жарымда оның өзінде тек 1 сағатқа ғана берілетін көрінеді.

Гүлмира  Нұрбаева – Шашубай кентінің тұрғыны:  «Бұл мәселе шешілмейді деп ойлаймын. Өйткені біздің әкімшілік жұмыс істемейді. Біздің КСК жұмыс істемейді. Суды  10 жарымнан 12 ге деін аламыз. Далада колонкалар жоқ. Ыдыс жуу туралы сөз айтылмайды.Кір жуу туралы сөз атылмайды. Өйткені су берілмейді. Осымен жаз басталғалы бері  осы проблема шешілмейді, бірнеше жыл болды»

Мәселені шешу үшін тұрғындар кенттегі әкімшілік ғимаратының алдына жиналды. Әкімшілік  аппарат мамандары су қысымының төмендігін растап отыр. Айтуларынша кентті тіршілік көзімен қамтып отырған «Тоқырауын Су Жылу» ЖШС ауыз суды «Балқаш Судан» алады. Алайда жеткізушілер өндірушілерге 20 миллион теңгеге жуық қарыз. Сол себепті балқаштық мекеме су беруге шектеу қойған.

Нұрахмет Бұланбеков – Шашубай кенті әкімшілік аппаратының бас маманы:Бұл мәселе бойынша «Балқаш су» мамандары бізге ескерткен болатын. «Тоқырауын Су  Жылу» қарызданып қалғандықтан кентке келетін су қысымын төмендеткен.  Бесінші қабатқа жету үшін су қысымы 4 ке дейін көтерілуі тиіс. Ал, қазір бұл көрсеткіш 2,2-ні көрсетіп  отыр.

Алайда Балқаш су мамандары бүгін өз инстаграм парақшасына суға ешқандай шектеу қоймағандарын жариялады. «Токырауын Су Жылу» ЖШС олардың сөзін сөйлеп отыр. Директордың айтуынша жақында суды соратын екі насостың бірі сынып қалған. Оған қоса тұрғындар ауыз сумен бау бақшаны суарады екен. Салдарынан су қысымы төмендеп кеткен.

Бауыржан Әміржанов «Токырауын Су Жылу» ЖШС директоры: «Суға сұраныс көп. Бірақ , сорғылар жоқтың қасы. Біздің кентте бар жоғы 2 ғана насос бар. Оның біреуі істен шыққан. Сол себепті көп адамдар ауыз сумен жасыл желектерін суарып жүр»

Бұл мәселе бір емес бес көпқабатта үйге қатысты. Бүгін «Токырауын Су Жылу» ЖШС мамандары  істен шыққан сорғыны мамандар жақын күндері жөндеп береміз деп сендірді. Ал, жаңасын қашан орнататыны әзірге белгісіз.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login