Балқаш жаңалықтары 23.07.2019

  1. Демалыс қайғымен аяқталды. Балқаш көлінде су астында балық ауламақ болған ресей азаматы ажал құшты. Оқиға Шұбар-Түбек кентінен 5 шақырым жерде болған. 44 жастағы көрші ел азаматы отбасымен бірге көкше көлге демалуға келген. Ол су астында балық ауламақ болып арнайы костюммен көлге түседі. Алайда ескекаяғы балықшылардың торына шырмалып қалған.Ал төтенше жағдайлар қызметіне көмек сұрап, әйелі хабарласыпты. Оқиға орнына моторлы қайықпен 2 құтқарушы жедел барады. Олар 230 метр қашықтықтағы ер адамның мәйітін тауып, жағаға шығарады. Шомылу маусымы басталғаннан бергі, бұл Балқаш көлінде болған екінші қайғылы жағдай. Бұған дейін суға түсуге тыйым салынған жылу электр станциясының аумағында 15 жастағы жеткіншек көз жұмған еді
  2. Шашубай  кентінде көпқабатты бес үйдің  тұрғындары шіліңгір шілденің аптап ыстығында  суға  жарымай отыр. Ауыз су тек түнде оның өзінде 1 сағатқа ғана беріледі екен. Сейфуллин көшесі нөмірі  1-ші үйдің тұрғыны Гүлмира Нұрбаева  су беріп қала ма деген үмітпен крандарды тексеруде. 4 қабатта тұратын тұрғынның күтумен жүргеніне 2 айдан асқан. Айтуынша қысым төмен болғандықтан су жоғары қабатқа жетпейді екен. Тіршілік көзі түнгі он жарымда оның өзінде тек 1 сағатқа ғана берілетін көрінеді. Мәселені шешу үшін тұрғындар кенттегі әкімшілік ғимаратының алдына жиналды. Әкімшілік  аппарат мамандары су қысымының төмендігін растап отыр. Айтуларынша кентті тіршілік көзімен қамтып отырған «Тоқырауын Су Жылу» ЖШС ауыз суды «Балқаш Судан» алады. Алайда жеткізушілер өндірушілерге 20 миллион теңгеге жуық қарыз. Сол себепті балқаштық мекеме су беруге шектеу қойған. Алайда Балқаш су мамандары бүгін өз инстаграм парақшасына суға ешқандай шектеу қоймағандарын жариялады. «Токырауын Су Жылу» ЖШС олардың сөзін сөйлеп отыр. Директордың айтуынша жақында суды соратын екі насостың бірі сынып қалған. Оған қоса тұрғындар ауыз сумен бау бақшаны суарады екен. Салдарынан су қысымы төмендеп кеткен. Бұл мәселе бір емес бес көпқабатта үйге қатысты. Бүгін «Токырауын Су Жылу» ЖШС мамандары  істен шыққан сорғыны мамандар жақын күндері жөндеп береміз деп сендірді. Ал, жаңасын қашан орнататыны әзірге белгісіз
  3. Биыл Балқашта бірыңғай мектеп формасы болмайды. Жаңа оқу жылында оқушылар бұрынғы бекітілген мектеп формасымен білім алуға барады. Қалалық білім бөлімі мамандарының сөзінше шаһарда әр оқу орнында бекітілген мектеп формасы бар. Биыл да ол өзгеріссіз қалады. Өзгеріс бола қалған жағдайда да, білім бөлімі мамандары оның бәрі алдын ала мектепте аралық ата-аналар жиналысында талқыланатынын жеткізді. Ал әзірге оқушылар, бұрыннан бар оқу формасын кие бермек
  4. Ауыл шаруашылық жәрмеңкесі уақытша жұмысын тоқтатады. Әр аптаның сенбі күні Язев көшесінде өтетін сауда саттық 4 аптаға жабылды.Бұған себеп ауа райы қолайсыздығы. Мамандар аптап ыстықтың келуіне байланысты инфекциялық аурулар қаупінің күшейетінін алға тартып отыр.  Көбіне жедел ішек инфекциясы сияқты аурулар асқынады. Мұндай қауіптің алдын алу үшін жәрмеңке уақытша тоқтатылды. Жоспар бойынша сауда саттық 17 тамыздан бастап қайта жалғасады
  5. Балқаштықтарды эко-челленджге қатысуға шақырады. Облыс әкімі Ерлан Қошанов тұрғындарды жағалау аумақтарын жинап, тазалауға үндеді.  Еліміздегі су айдындарының тазалығын сақтау мақсатында экология министрі Мағзұм Мырзағалиев #Birge #TazaQazaqstan хештегімен экологиялық акция бастаған болатын. Өткен сенбіде акция аясында мыңдаған елорда тұрғыны министрдің бастамасын қолдап, Қоянды су қоймасында сенбілік өткізді. Тазалық шарасын еліміздің премьер-министрі Асқар Мамин да қолдаған болатын. Қазір бұл акцияға Нұр-Сұлтан әкімі  Алтай Күлгінов қосылды. Еріктілер Есіл және Қарасу өзендерінің жағасын және барлық ұлттық саябақтарды  жинастырмақ. Бұл эко-челленджді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов та қолдап отыр. Өңір басшысы алдағы сенбіде барлық қала мен аудандарда сенбілік акциясын жасауды тапсырды. Игі іске балқаштықтар да қатыса алады

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login