Балқаш гүлзарлары 100 мыңнан астам гүлдермен толығады. Конкурстық жұмыстардың ұзаққа созылуына байланысты биыл гүл отырғызу шаралары жылдағыдан кеш басталды.
«Зеленстрой» бригадасы қызу жұмыс үстінде. Бүгін олар «Астана» аллеясында гүл отырғызуды бастады. Жұмысшы топ 5 гүлзарға 6 түрлі гүл сұрыптарын егіп жатыр. Биыл шаһарда жаңа гүл сұрпы циния пайда болды. Германиядан алып келінген тұқымдар «Зеленстрой» жылыжайында арнайы өсірілді.
Нина Орлова – агроном: «Гүлдің жаңа сұрпын біз Германиядан арнайы алдырттық. Бір емес бірнеше түріне тапсырыс бердік. Енді гүлзарлардағы композиция одан сайын құлпыра түсетін болады».
Гүл отырғызу жұмыстары биыл жылдағыдан кеш басталды. Былтыр көктемнің соңында қаладағы барлық гүлдер отырғызылып біткен болатын. Осы жылы мамыр айының ортасында мәдениет пен оқушылар сарайының айналасындағы гүлзарларға 5 мың көшет егілсе, қаладағы отырғызылу жұмыстары енді ғана жандана бастады.
Алтыбай Сағындықов — «Зеленстрой» ЖШС бригадирі: «Біз негізі майдың ортасы, майдың бас жағынан бастап егетінбіз. Кеш түскеніне байланысты гүлдер ыстыққа төзімді болу керек. Күтімі енді күнара суғарамыз. Июль айының 15-20 на дейін егіп біту керек қаланың ішін полностью».
Биыл шаһарда 10 түрлі 100 мыңнан астам гүл отырғызылады. Оған қалалық бюджеттен 15 млн теңге бөлінді. Көшеттер ақпан айынан бастап жылыжайда өсіріле бастаған. Гүл тұқымдары Қазақстан, Германия, Голландиядан арнайы тапсырыспен алынды.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login