Балқаш жаңалықтары 28.05.2019

  1. 1 маусымнан бастап Балқашта 4 мыңға жуық адамның жалақысы көтеріледі. Бұл өзгеріс  білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала жұмыскерлеріне ғана қатысты. Яғни ұстаздардың, тәрбиешілердің және медиктердің еңбекақысы 10 пайыздан 30 пайызға өседі.
  2. Созылмалы аурумен ауыратын науқастардың шақыртуына енді  емхана фельдшерлері  келеді. №2 емхана жанында жедел-жәрдем бөлімшесі ашылды. Онда арнайы көлік пен қажетті дәрі дәрмек те қарастырылған. Әрі тәулік бойы жұмыс істейді. Тұрғындар үшін жедел жәрдемді шақырту жүйесі өзгерген жоқ. Олар әдеттегідей 103 нөміріне қоңырау шалады. Ал орталықтағы диспетчер науқастың ауру белгілеріне және тіркелген мекен-жайына қарай тиісті емханаға бөледі.
  3. Балқаштық 250 түлек мектеп бітіру емтиханын тапсыруды  бастады. Оқушылар ең негізгі деген 6 пәннен 11 жыл бойы алған білімдерін дәлелдеулері тиіс. Бүгін қазақ және орыс сыныптары өз ана тілдерінде эссе жазды. Бұл қорытынды аттестацияның нәтижесі әсіресе алтын белгі және үздік аттестатқа үміткер болып отырған оқушылар үшін аса маңызды.  Толығырақ бейнематериалда
  4. Статистика комитетінің мәліметінше 2018 жылы үйленгендер мен ажырасқандардың да саны 1,5-2 пайызға өскен. Қарағанды облысы бойынша заңды некелерін қиған 11 мың жұптың 78 пайызы бірінші рет отбасы құрған жандар. Ал Балқашта 650 жанұя отбасын құрып, 300-нің жұптары жараспаған. Отбасын құрғандар 20 мен 29 аралығындағы жастар көрінеді. Десе де кәмелет жасына толмаған 84 қыз тұрмысқа шыққан. 18 жаcқа толмаса да 9 жігіт үйленген.
  5. Балқаштық дін қызметкерлері қайырымдылық акциясын жариялады. Игі іске қатысу үшін азық-түлік әкеліп мешітке өткізу қажет. Жиналған өнім мұқтаж отбасыларға, жағдайы төмен көпбалалы жанұяларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға таратылып беріледі. Тұрғындардан 2 келі ұн, 2 литр сұйық май, 2 кг рожки, 1 қорап шәй, 2 келі күріш, 2 кг вермишель, 2 келі қант қабылданады. Қазірдің өзінде 30 адам тізімде көрсетілген өнімдерді өткізіп қойған. Игі іс 30 мамырға дейін жалғасады. Ал, 31 мамыр Қадыр түні қарсаңында азық-түлік 100-ге жуық мұқтаж отбасыға таратылады
  6. Балқаштық боксшы Қазақстан чемпионатының  күміс жүлдегері атанды. Атбасарда өткен жарысқа   облыстық  чемпионат пен аймақтық біріншіліктің  жеңімпаздары ғана қатысқан. Бокстан жеткіншектерді даярлайтын мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебінің тәлімгері, балқаштық Мадияр Тайпақов бұл жарыста 54 келі салмақ дәрежесінде облыс намысын қорғады. Үш кездесу өткізіп, финалда Алматы облысынан келген қарсыласына есе жіберген. Деседе күміс жүлде иеленіп, ұлттық құрамаға алынды

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login