Біз 8 наурыз мерекесіне орай балқаштық әйелдер туралы айдарымызды жалғастырамыз. Бүгінгі кейіпкеріміз – №2 емхана бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзира Қосжанова. 30 жылға жуық тәжірибесі бар білікті маман бұл мамандыққа қалай келді? Қызығушылығын оятқан кім?
Дәрігер-сарапшы, №2 емхана бөлімшесінің меңгерушісі Гүлзира Қосжанова тұрғындардан келіп түскен қоңырауларға жауап беруде. Оның көпшілік уақыты осы кабинетте өтеді. Түрлі мәселені айтып шағымданған тұрғындарды тыңдап, істің ақ-қарасын анықтайды. Осылайша медициналық қызметтің сапасын жақсартуға өз үлесін қосып жүр.
Гүлзира Қосжанова – №2 емхана бөлімшесінің меңгерушісі
«Қоластымдағы қызметкерлерге талап қоямын. Егер мамандығын сүймейтін, тек ілініп-салынып істеп жүргендер болса. Бұл жерде саған орын жоқ деп айтуға тура келеді»
Гүлзира Қосжанованың мамандығына деген қызығушылығы бала күнінде басталған. Қуыршақтарға екпе салып жүріп, дәрігер болуды армандайды. 23 жасында отбасын құрып, жас ана атанады. Алайда бала күнгі арман тыным бермей, Өзбекстанның Самарқанд қаласындағы медициналық институтқа түсіп, онда 6 жыл білім алады.
Гүлзира Қосжанова – №2 емхана бөлімшесінің меңгерушісі
«Мен бетімнен қақпай, мақсатыма жету үшін бар күштерін салған ата-анам мен ата-енеме және жарыма алғысым шексіз. Балама қарайласып, үйдің шаруасын өз мойындарына алып, мені оқуға жіберді».
Оқуын аяқтағаннан кейін Балқашқа қайтып келіп, алғашқы еңбек жолын емханада педиатр қызметінен бастайды. Кейін орталық ауруханада неонотолог дәрігер болып жұмыс істейді. №3 емханаға басшылық еткен. Қазір №2 емханада бөлімше меңгерушісі.
Гүлзира Қосжанова – №2 емхана бөлімшесінің меңгерушісі
«21 ғасырда жұмыс істеу қиын, бірақ өте қызықты. Жаңа құрылғылар, технология дамыған. Қазір қағазбастылық деген жоқ. Барлығы компьютерленген заман. Жастарға мол мүмкіншілік бар»
Білікті маман бүгін де екі қыздың анасы. Сүйікті жар. Немеріне қамқор әже. Жұмысынан өзге әлемдік саясат пен экономикаға да қатты қызығушылық білдіретін көрінеді. Ал салауатты өмір салтын ұстану басты ұранына айналған.
Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login