Балқаш жаңалықтары 09.12.2019

  1. Жидебай батыр ықшам ауданындағы көпқабатты үйдің пәтерінен өрт шықты. Тілсіз жаудан жанған пәтердегі 3 адам мен 18-ші үйдегі 15 тұрғын эвакуацияланды.Қызыл жалын 3 қабаттағы  1 бөлмелі пәтерден тұтанған. Оқиға кезінде  3 адам пәтерден сыртқа шығарылған. Оның екеуі ер адам, бірі егде жастағы мүгедек әйел. Бүгінде ол өрт кезінде иістен улану себебімен орталық ауруханада ем қабылдауда. Қызыл жалынның тұтанғанын бірінші болып кешкі сағат 19.23-те көршілері хабарлаған. Өртті сөндіруге 16 өрт сөндіруші мен 3 техника жұмылдырылған. Өрттен қалған қоңсы иіс тұрғындардың баспанасын тастап басқа жаққа бас сауғалауына себеп болды. Одан өзге пәтер жанғанда ондағы жылу құбыры жарылған. Бүгінде 18 үйге жауапты пәтер иелерінің кооперативі қалпына келтіру жұмыстарын жасауда
  2. Көлге балық аулауға барған балықшылар оқыс оқиғаға тап болды. Мұз жарылып кетіп, адамдарды желдің күшімен жағалаудан 10 шақырымға алыстатқан.Төтенше оқиға көлдің оңтүстік жағалауында, Ақөлең ауылынан 15 шақырым жерде болған. 4 ер адам мотоциклмен мұз бетіне шығады. Балық аулау кезінде мұз жарылып, желдің күшімен адамдар мен көлікті  ағыспен итеріп әкетеді. Балықшылардың бірі құтқарушыларға хабарлап үлгерген. Төтенше жағдайлар мамандары оқиға орнына 2 сағатта хивус аэроходымен жетеді. Жеткенше олармен байланыста болады. Оқиғаның куәгерлері құтқарушыларға мұздың жылжу бағытын көрсеткен. Артынша жағалаудан 10 шақырым жерден балықшылар табылады. Құтқару жұмыстарына толқын кедергі жасағанымен, адамдардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Алайда, мұз опырылып кетіп мотоциклдің біреуі суға кеткен. Осы оқиғаға қатысты мамандар дабыл қағуда. Көлдің кей бетінде мұз әлі толық қатпаған.  «Бертіс» бухтасындағы мұз жамылғысы 15 сантиметрді құрайды. Ал ашық көл бетінде мұндай емес. Одан бөлек құтқарушылар тұрғындарға көлдің бетіне көлікпен шығуға тыйым салуда
  3. Атқа мінген бір адам қаланың басты көшесінен жүріп өтті.  Шабандоз куәгерлердің бейне камераларына түсіп қалған. Бейнежазба таңертең әлеуметтік желілерде пайда болды. Бір күннің ішінде оны 12 мыңға жуық адам көріп, 100-ге тарта пікір қалдырған. Интернет қолданушылардың ойлары сан түрлі. Бірі қозғалыстың бұл түрін экологиялық таза десе, енді бірі қалалық ортаға бұл әрекет жараспайды деп отыр. Көпшіліктің пікірінше шабандоз жол ережесін дұрыс сақтап, іс-қимылмен қозғалыс бағытын көрсетіп отырған. Ал тәртіп сақшылары қала ішіндегі мұндай жол қозғалысына тиым салынбайтынын айтады. Қазақстанның жол қозғалысы ережелеріне сәйкес, кемінде 14 жасқа толған адам атқа міне алады. Алайда жануарларды қараусыз қалдыруға, теміржолмен айдап өтуге,  асфальт пен цементбетон төселген жолмен жетелеп жүруге тиым салынады
  4. №8 орта мектебінің 20 оқушысы «Ұлан» сыныбына қабылданды. Демалыс күндері жас патриоттар салтанатты түрде ант қабылдады. Осы сәттен бастап жаңа шақырылғандар кесте бойынша қосымша сабақтарға қатысатын болады. Ал оқу аяқталғаннан кейін оларға сертификаттар беріледі.  Бүгін 5-ші сыныптың 20 оқушысы үшін ерекше күн. 1 ай бойы олар «Ұлан» сыныбына түсу үшін дайындалған болатын. Жас кадетшілер ант сөзін жаттап, саптық адымды үйренді. Бүгін жаңа шақырылғандар көпшілік алдында Отанға адал қызмет етемін серт берді. Әскери сыныпқа қабылдану үшін әрбір ұландық қатаң іріктеуден өтті. Олар математика мен қазақ тілі пәндерінен экзамен тапсырды. Одан кейін жас сарбаздардың физикалық дайындығы тексерілді. Оқушылар 6 реттен кем емес тартылып, 1,5 метр ұзындыққа секіру керек болатын. Ант қабылдау рәсімінен кейін оқу озаттары әскери атақ алды. Атап айтсақ, 4 ұландыққа вице-ефрейтор пагоны, ал 1 кадетшіге кіші сержант атағы берілді
  5. Балқаш вагон жөндеу депосына 80 жыл толды.  Аталмыш ұйым мерейтойларын М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында концертпен атап өтті. Мерекеге орай 20 жылдан аса еңбек өтілі бар жұмыскерлер марапатталды. 5 адам алғыс хатқа ие болды. Олар 30-дан 43 жасқа дейінгі қызметкерлер. Құрмет грамотасына тағы 5 қызметкер лайықты деп танылды. Ол тізімде Сергей Золотарев, Светлана Момбекова, Сергей Емельянов және Марина Макушинскаялар бар.  Олардың әрқайсысына 300 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар берілді. Кеш музыкалық құттықтау мен мерекелік концертке ұласты
  6. Балқаштық ұстаз Қарағанды облысының үздік мұғалімі атағына ие болды. Алдымен қалалық іріктеуден сүрінбей өткен оқытушы  ендігі кезекте республикалық байқауда сынға түспек.Облыстық сайыстың жеңімпазы Олжас Саурықов №10-шы мектепте география пәнінен сабақ береді. Қарағанды қаласында өткен  «Жыл мұғалімі» байқауы үш кезеңнен тұрды. Біріншісі аудандар мен қалалар деңгейінде өтті. Келесі кезең — сабақтар мен сыныптан тыс іс-шараларды өткізу болды. Ал финал көпшілік алдында сөз сөйлеу түрінде ұйымдастырылды және ол да бірнеше турдан тұрды. Алдымен, қатысушылар өздерін таныстырып, «Ашық микрофон» байқауында ұсынылған тақырыптар бойынша ой бөлісті, содан кейін педагогикалық жағдайды талдады. Жерлесеміз барлық тапсырма бойынша жоғарғы ұпай жинап, облыстық ақтық сынға қатысқан 12 мұғалімнің арасында топ жарды. Ендігі кезекте Олжас Саурықов «Жыл мұғалімі» атағы үшін республикалық кезеңде сынға түспек. Ал Шашубай кентінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі республикалық форумның «Үздік жас маман-2019» атағына ие болды. Абай Қомар 3 жылдан бері балаларға кикбоксты үйретеді. Оның 1 тәрбиеленушісі республикалық жарыстардың жеңімпазы, 6-ы 1 дәрежедегі, ал 5-і 2-ші дәрежедегі спортшы. Балқаштық жаттықтырушыға арнайы төсбелгі беріліп, есімі «Үздік жас маман»  кітап жинағына енді
  7. Балқаштық каратэшілер Қазақстан Кубогында үздік нәтиже көрсетті. Шаһарымызға спортшылар 14 медальмен оралды.Турнир Шымкент қаласында өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің спортшылары қатысты. Каратэшілердің арасында 15 балқаштық болды. Қатысушылар 5-тен 40 жастан жоғары, жас және салмақ дәрежесіне байланысты сынға түсті. Олар бағдарламаның 4 түрі бойынша жеке ката мен кумитэ және командалық ката мен кумитэ бойынша бақ сынады. Жарыс нәтижесі бойынша 2 алтын медальға балқаштық Мирас Ауэз бен каратэ-до шотокан жаттықтырушысы Владимир Сапрыгин ие болды. Тағы 7 жерлесіміз команда қоржынын күміспен толтырды. Ал 5 каратэші қола жүлдеге қол жеткізді.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login