Елбасы Қазақстан халқына кезекті жолдауын арнады

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті жолдауын арнады. Бұл Елбасының егеменді ел болғалы бергі 22-үндеуі. Онда 10 бағытқа басымдылық берілген.

БІРІНШІ.Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. Қазақстан 2018 жылдан бастап кәсіпорындарды «цифрлық дәуірге» көшіруге дайындала бастайды. Ол үшін еліміздегі бірнеше өндіріс орнында цифрландандыру жөніндегі пилоттық жоба іске қосылады. Ал ол үшін IT және инжинирингтік қызмет көрсетуді дамыту қолға алынады.

ЕКІНШІ. Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту. Бұл тармақта Президент табиғи байлықты тиімді пайдалану керектігін жеткізіп, сол мақсатта ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізуге тапсырма берді. Баламалы энергия көзін дамытып, 2030 жылға қарай оның үлесін 30 процентке жеткізу керектігін баса айтты.

ҮШІНШІ. «Ақылды технологиялар» — агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі. Ауыл шаруашылығының алға қадам басуы үшін аграрлық университтерде оқу бағдарламасы жаңартылады. Ғылыммен айналысатын мамандар дайындалады. Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдер енгізіледі. Елбасының тапсырмасы бойынша 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігі және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты, кем дегенде 2,5 есеге артуы қажет.

ТӨРТІНШІ. Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру.
Қазақстан транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізуі тиіс. Осы мақсаттар үшін Интеллектуалды көлік жүйесін енгізіп, жолдарды жөндеуге бөлінетін қаржы көлемін арттыру қажет. Бұл жүйе көлік ағынын тиімді басқаруға және инфрақұрылымды одан әрі дамытуға септігін тигізеді.

БЕСІНШІ. Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу.Президент ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану керектігін жеткізді. Елбасының айтуынша, салынған үйлерді интеллектуалды басқару жүйесімен жабдықтау қажет. Ал орнатылған заманауи жабдықтар тоқ көзін, жылу мен суды үнемдеуге мүмкіндік береді.

АЛТЫНШЫ. Қаржы секторын «қайта жаңғырту». Банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтау қажет. Ол үшін банк иелері шығындарын мойындай отырып, экономикалық жауапкершілік алуға тиіс. Сондай-ақ Елбасы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тездетуге және 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін халыққа берілген валюталық ипотекалық займдар жөніндегі мәселені Ұлттық Банкке толығымен шешуді тапсырды.

ЖЕТІНШІ. Адами капитал — жаңғыру негізі. Қазақстанда білім беру саласында тағы үлкен өзгерістер күтіп тұр. Орта білім беру саласы жаңартылған мазмұнға көше бастайды. Бұл — мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Денсаулық сақтау саласы да айрықша өзгереді. Онкологиялық орталық құрылады. Сондай-ақ 2018ж 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 процентке, ұстаздардың жалақысы 30 процентке, мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған жәрдемақылар 16 процентке дейін өседі. Ал 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейеді. Нұрсұлтан Назарбаев бұдан бөлек, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізуді тапсырды.

СЕГІЗІНШІ. Тиімді мемлекеттік басқару. Кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғасады. Бизнестегі тексерісті азайтуға бағытталған заң жобасы қабылданады. Мемлекетке бағынышты ұйымдардың саны қысқарып, жекешелендіру жүзеге аса бастайды. Шығынды азайту мақсатында бір ведомствоға қарайтын ұйымдар біріктіріледі. Ал босаған қаражат мемлекеттік қызметшілердің факторлық-балдық шкалаға негізделген жаңа еңбекақы жүйесін енгізуге бағытталады. Пилоттық жоба осы жылдан басталады.
Ал, тоғызыншы, оныншы бағыт жемқорлықпен күресуге және қалаларды дамытуға арналады.

Комментировать

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *