Балқашта демалыс күндері 6 рет өрт оқиғасы тіркелді

Тілсіз жаудың кесірі. Балқашта демалыс күндері 6 рет өрт болды. Күшіне енген қызыл жалыннан Қоңыраттағы үй түгел жанып, екі саяжай мен үш сарайдың күл-талқаны шықты. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ, өрт сөндірушілер әбден қиналды. Өйткені, бір өрттің өзін ауыздықтау үшін 26 сағат бойы тыным таппады.
Алғашқы өрт сенбі күні Қоңырат мөлтек ауданынан басталды. Онда екі қабатты ағаш үйдің 300 шаршы метр аумағы жанып кетті. Қараусыз қалған ғимарат түгелі жанбағанымен, өртті ауыздықтау үшін 26 сағат уақыт жұмсалды.Өйткені, терезе-есіксіз қалған үйдегі өртті сөндіруге жел кедергі келтірді. Қазіргі күні екінші рет жанған баспананың қожайыны іздестіріліп жатыр.

Олег Грабовский – ТЖБ мемлекеттік өртті бақылау бөлімінің басшысы:«Бұл үйдегі өртті сөндіруге 26 сағат кетті.4 техника мен қаладағы барлық өрт сөндіру мекемелері жұмылдырылды. Үйдің ішкі қабаты ағаштан болғандықтан өрт тез шарпып, ауыздықтауға қиындық туғызды. Оған қоса, жел қатты болды ».

Ал тағы екі өрт оқиғасы, бүгін болды. Дабыл қоңырауы таңғы сағат 5-те тіркелді. Бірінші су құятын құдық, яғни «Прибалхашстрой» саяжай маңында 30 шаршы метр сарай мен 15 метр шарбақ жанып кетті. Және содан бір жарым сағаттан кейін көл жағалауында тағы бір жазғы үй өртенді. Әпсәтте күлге айналған 50 шаршы метрлі баспанадан түк қалмады.
Бұдан өзге, шаһар мен Шашубай кентінде 3 сарай өртенді.Осылайша, өрт сөндірушілер үшін екі күндік демалыс тынымсыз өтті.Мамандар жалпы 6 рет шақыртуға барып,қызыл жалынмен күресті. Бастысы, адам шығыны тіркелмеді.

Олег Грабовский – ТЖБ мемлекеттік өртті бақылау бөлімінің басшысы:«Бұл өрт оқиғаларына барлық техникалар мен түгел өрт сөндірушілер жұмылдырылды.Балқаш горнизинның техникалары қолданылды. Қазір өрттің себептерін анықтау үшін құжаттарды жинап жатырмыз».

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login

Комментировать