Балқаш жаңалықтары 24 қаңтар 2018

Балқашта 50-ден аса көліктің балонын жарып кеткен екі қала тұрғыны ұсталды. Құйтырқы әрекеттері арқылы елді шулатқан бұзақылардың бірі кеше қолға түсті. Оны полиция қызметкерлері бейнекамералардың арқасында тапқан.

Бүгін коммуналшылар балқаштықтар алдында есеп беру үшін жиын өткізді. Шара оқушылар сарайында ұйымдастырылды. Алайда, тұрғындар аяздан сескенген секілді. Үлкен залда өткен кездесуде халықтан гөрі коммуналшылар саны көп болды. Коммуналшылардың ендігі кездесуі 26 қаңтарда өтеді.

Балқаштықтар ақша жинап, көмек берген Ислам Тұрсынның бір көзіне операция жасалды. Ота Санкт-Петербург қаласында, балалар клиникалық ауруханасында өтті. Егер оның нәтижесі жақсы болса, онда жақын арада екінші көзіне де ота жасалады.

«Жас қанат» жас таланттарды шақырады. Балқашта 22-ші рет жас әншілер мен шоу-бағдарлама жүргізушілері арасында байқау өтпек. Оған бүгіннен бастап өтініштерді қабылдау басталды. Бекітілген шартқа сәйкес «Жас Қанат»сайысы 16 мен 30 жас аралығындағы өнерпаздар арасында ұйымдастырылады.

Аяз балқаштықтарды төзімділікке сынауда. Осы аптада оқушылар осымен үшінші күн сабақтан босатылды. Синоптиктердің болжамы бойынша, ертең күн одан әрі суытады. Күндіз ауа температурасы -20-25 градус болса, түнде -22-27 градусқа дейін жетеді. Ал мұндай аязда балқаштықтар тоңбас үшін қандай амал қолданады. Үсіп қалмау үшін не істейді? Оны халықтың өзінен сұрап білдік.

Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханада ерекше көрме өтуде. Бұл жолы балқаштық оқырмандар назарына бірыңғай қызыл түсті кітаптар ұсынылды. Бір сөреге 50-ге жуық оқулықтар қойылған. Олардың арасынан көркем әдебиет, проза, поэзия, классика , техника жанрындағы кітаптарды табуға болады.

Тропикалық тірі көбелектерді көруге мүмкіндік туды. Балқашта аталған жәндіктің түр-түрін тамашалауға арналған көрме ашылды. Онда тек нәзік жәндіктерді ғана емес түрлі жыландарды, маймылдарды, қояндар мен құстарды көруге болады. Тіпті ұстауға да рұқсат етілген.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login

Комментировать