«Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының ашылғанына бір жыл болды

Осыдан 1 жыл бұрын Балқаштағы барлық мектептерде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубы ашылды. Оның құрамына 5 пен 11 сынып аралығындағы оқушылар қабылданған болатын. Қазіргі таңда олар мектеп қабырғасында жүріп, әскери дағдыларды үйреніп, жауынгерлік өмірге бейімделуде.

1 жылдың ішінде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының арасында бірқатар жарыстар өткізілді. Мәселен, қаламызда өткен жылы оқушылар үшін «Қалқан», «Ұлан», «Айбын»  әскери байқаулары ұйымдастырылған. Жарыс жеңімпаздары облыста бірнеше мәрте қала намысын қорғады. Бұдан бөлек, жас сарбаздар арасында тұрақты түрде «Зарница» әскери-спорттық ойындары өтеді.

Ольга Садвокасова білім бөлімінің бас маманы: «Жас сарбаз әскери- патриоттық клубына Отанын қорғағысы келетін, немесе әскери тарихқа және жұмыстарға қызығушылығы бар 5-10 сынып аралығындағы оқушылар өз қалауларымен кірді. 2019 жылдың ақпан айында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай қаламыздағы барлық мектептердегі 300-ден астам «Жас сарбаз» клубының мүшесі ант қабылдады»

Әскери-патриоттық клуб мүшелері арасында пневматикалық мылтық атудан жарыс өтті. Шара «Ұлы Жеңіске 75 жыл» аясында Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған.  Спорттық додада 60-тан астам жас сарбаздар бақ сынады. Жеңімпаздар алдағы уақытта облыстық жарысқа қатысатын болады. 

Баян Сағым «Жас сарбаз» әскери патриоттық клубының мүшесі: «Мылтық ату мен үшін ол  хобби десем болады. Өзім қызығушылықпен қатыстым. Бұрыннан осындай әскери спорттық жарыстарға, әсіресе әскери жарыстарды жақсы көремін. Кез келген жарыс болса әрқашан қатысуға дайын тұрамын. Бұл әскери клуб арқылы мен көп нәрсе үйрендім. Ол мысалы өзімді өзім ұстауды, сабырлылықты, намыс-жігерді үйрендім. Жеңіле білуде де, жеңе білуді де үйрендім

Бұдан бөлек, желтоқсан айында Қарағанды облысындағы барлық қалалар мен аудандарда «Жас сарбаз» сыныбы ашылды. Оған облыстық бюджеттен  3 млн-нан астам қаржы бөлінген. Шаһарымызда тек  №8 орта мектептің 7-ші сынып оқушылары үшін 1 кабинет толығымен қажетті әскери жабдықтармен қамтамасыз етілді. Оқушыларға парадтық, күнделікті және спорттық киімдер берілді.

Ислам Айдарбек «Жас сарбаз»  сыныбының №3 взвод командирі: «Мен әрқашанда Отаныма адал қызмет етемін. Болашақта генерал болуды армандаймын. Сол үшін көп еңбектенетін боламын. Осы сыныпты аяқтағаннан кейін «Жас Ұлан» сыныбына немесе Ақтөбедегі жас ұшқыштар мектебіне түскім келеді»

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login