Балқаш жаңалықтары 24.02.2020

  1. 20-сы 21 ақпан күндері қаламызда «World Skills Қазақмыс 2020» чемпионаты өтті. Ерекшелігі республикамыз бойынша алғаш рет студенттермен бірге жас мамандар сынға түсті. Біліктілік пен ептілік сынға түскен чемпионат 2 күнге жалғасты. Кәсіби шеберлік чемпионаты 4 құзыреттілік бойынша өтті: «Дәнекерлеу ісі», «Электромонтаж», «Слесарлық іс» және «Графикалық дизайн». Ол бойынша жалпы саны 21 қатысушы сайысты. Әр құзыреттілікті арнайы тағайындалған сарапшылар бағалады. Өзгелерден ерек зауыт цехында сайысушы – дәнекерлеушілер. 5 қатысушыға берілген тапсырма алдарындағы темір бөлшектерден шаршы құрастыру. Бұл бірінші күннің тапсырмасы, ал ертең құралған шаршыны қызған отта пісіреді. Кәсіптік бағдарын қалыптастыруға №9 мектептің 9 сынып оқушылары шақырылған. Олардың бірі дәнекерлеуші мамандығына деген қызығушылығын жеткізді. Кәсіби шеберлік чемпионатында ең көп қатысушы электромонтажда болды. 3 жұмысшы мен 3 студентке арнайы кабина құрылған. Берілген тапсырма электр құрылғыларын құрап, кабинаға жарық тарту. Басқа құзыреттіліктерге қарағанда мұнда өте шулы. Слесарлық іс бойынша қатысушылардың тапсырмасы құрал-сайман салуға арналған үстел жәшігін жасау. Бірінші оның қалташаларын дайындап, одан соң бәрін біріктіреді. Графикалық дизайн сайыскерлері өзгелерден ерекше, өнер мен технологияны біріктіреді. Оларға толықтай ағылшын тілінде жазылған нұсқамалық берілген. Тапсырма сол арқылы туристік компанияның брошюрасын әзірлеу. 21 қатысушы қатарынан 2 күн 4 сағаттан тапжылмай тапсырмалар орындады. Оларды 30-ға тарта сарапшы бақылап, бағалады. Ал бұл уақытта «World Skills Қазақмыс 2020»-ға арнайы келген қонақтар политехникалық колледж ұжымына семинар кеңестер өткізді.  «World Skills Қазақмыс 2020» 2 күнге созылды. Оған 16 мен 22 жас аралығындағы 21 адам қатысты. Қол жұмысы олимпиадасының қорытындысы мынадай болды. Дәнекерлеу ісі бойынша жас маман Ерданат Қонақбаев үздік атанды. Слесарлық іс бойынша студент Илья Один оқ бойы озық болды. Ал графикалық дизайн бойынша Әділет Сәтенов үздік шықты. Студент Олжас Асанов болса электромонтаж құзыреттілігінде 1 орын иеленді. Әр мамандық бойынша 1 орын иелеріне 50 мың, 2 орынға 30 мың, ал 3-ші орын жеңімпаздарына 20 мыңнан ақшалай сыйлықтар табыс етілді
  2. Кәмелет жасына толмаған балқаштыққа алкогольді ішімдік сатқаны үшін, дүкен иесіне 200 мыңнан аса айыппұл салынды. Бұл құқық бұзушылық алғаш рет болып тұрған жоқ.Қала дүкендерінің бірінде сатушы кәмелет жасына толмаған сатып алушыға бір бөтелке шарап пен 2 бөтелке сыра сатқан. Заң бойынша 21 жасқа дейінгі тұлғаларға алкоголді ішімдік сатуға тыйым салынған. Заң бұзушылық жыл бойына бұл дүкенде осымен 2-ші рет қайталанып отыр. Сотта сауда нүктесінің иесін айыпты деп танып, 200 мыңнан аса айыппұл салды. Одан бөлек ішімдіктерді сату және сақтау лицензиясынан айырды
  3. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған балқаштықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін емханаларда төлем жасай алады. Терминалдар қаламыздың 4 медициналық орталығына қойылды.Тұрғындар төлемді аппаратта көрсетілген нұсқаулықтар бойынша жасай алады. Ол үшін ең алдымен басты беттегі «қызметті төлеу», одан кейін «өзге төлемдер» батырмасын басып «медициналық сақтандыру қоры» деген бөлімді таңдау қажет.  Ары қарай ЖСН теріп, өзіңіз туралы деректі толтыруыңыз керек. Қазіргі таңда терминалдар Ленин, 10, Қазбекова, 25 және Сейфуллин, 40 көшелері мен Сәбитова, 24А ықшамауданындағы емханаларда бар. Айта кету керек, төлемді тек өзін-өзі жұмыспен қамтыған балқаштықтар ғана жасай алады. Медициналық сақтандыру қорына жалдамалы қызметкерлер үшін жұмыс берушілер, ал азаматтардың жеңілдетілген 15 санаты үшін мемлекет төлем жасайды
  4. Балқаш қаласындағы аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары 39 жанұяға 59 әлеуметтік пакетті табыстады. Айта кету керек, көмек алушылардың саны ай сайын өзгеріп отырады. Сәйкесінше, ақпан айындағы 74 азық-түлік жиынтығы наурызда 54 отбасыға берілмек. Ал, сәуірде 74 гигиеналық заттар жиынтығын аз қамтылған отбасылар 1-ден 6 жасқа дейінгі барлық балалары үшін алатын болады деп жоспарлануда
  5. Мектептегі оқыту мен тәрбиенің үлгісі. Дәл осы тақырыпта №2 интернатта мектеп күніне орай экологиялық форум өтті. Шараға Қарағанды экономикалық университетінің оқытушылары, Қарағандының жас натуралистер станциясы мен Балқаш қаласы білім бөлімінің мамандары және қала мектептерінің директорлары қатысты. Форум шеберлік сағаттарымен басталды. Онда №2 интернат ұстаздары экологиялық бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндады. Шара экопавильон көрмесімен жалғасын тапты. Көпшілік назарына оқушылардың табиғи қалдық заттардан жасаған бұйымдары ұсынылды. Әр оқушы зерттеген ғылыми жобаларын келген қонақтарға таныстырды. Форум пленарлық отырыспен аяқталды. Онда экологиялық білім берудің өзекті мәселелері қаралып, талқыланды. №2 интернаттың ерекшелігі мұнда жылыжай бар. Бұл жерге қызанақ, қиярдан бөлек, құлпынай дәндері де егілген. Балалардың өсірген гүлдері болса көздің жауын алады. Оқушылар дәрістен бос уақытында кезектесіп бақшаны суарады. Ал жасыл желек көктеген соң арам шөптерден тазалайды. №2 интернат директоры орынбасарының айтуынша, жылыжай-балалардың зертханалық жұмыс жасауларына үлкен бір мұмкіндік
  6. Шаһармыздың ең лас көшесінде сенбілік өтті. Қала тұрғындары әлеуметтік желілерге көп қабатты жатақхананың ауласы қоқысқа толы деп жазған. Бұл Сейфуллин, 34 көшесіндегі бұрынғы жатақхана. Қоқысқа толы ауланы тазалау үшін қала еріктілері демалыс күндері сенбілікке шықты. Олар тұрғындарды есік алдын тазалауға шақырған еді. Алайда, олардың бірі есік ашпаса, енді бірі қолымыз бос емес деп ат тонын ала қашты. Ал кейбіреуі сенбілікке шығуға денсаулықтары жарамайтынын айтты. Бұл аулада аяқ басар жер жоқ. Бос бөтелкелерді де, қораптарды да, тұрмыстық қалдықтарды да көруге болады. Тіпті, тұрғындар подьезден шыға сала, қоқыс салынған пакеттерін есік алдына тастай салатын көрінеді. Демалыс күні бір топ қала жастары ауланы тазалау үшін сенбілікке шыққан. Арасында бірең-сараң қала тұрғындары да бар. Барлығы бірігіп ауладан  бірнеше қап қоқыс шығарды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді еріктілер клубының мүшесі. Айта кету керек, наурыз айынан бастап Сейфуллин 34 көшесінің тазалағы үшін енді Балқаш Универсал мекемесі жауапты болады. Алайда мамандар тұрғындарды ауланы таза ұстауға шақырады
  7. Тарихты QR-код арқылы таны. Балқаштық еріктілер қаладағы 12 ескерткіштің штрихкодын жаңартты.QR-кодтар осыдан 2 жыл бұрын жабыстырылған болатын. Ерікті жастар оларды жаңартуда. Бірінші болып мәдениет сарайының алдындағы Мағауия Хамзин ескерткішінен бастады. Одан соң қала орталығындағы Ағыбай батыр ескерткішіне барды. QR-код арқылы ақпарат алу өте оңай, әрі ыңғайлы. Ұялы телефоныңыздың камерасын ашсаңыз болғаны. Ақпарат бірден экран бетінде пайда болады. Мемариолдың авторы кім, ол қашан ашылды, кімдерге  арналған? Оның барлығы QR-кодта сақталған. Бұл тұрғыда еріктілердің балқаштықтарға айтары, туған жер тарихын жақсы білу үшін жасалған жаңа форматқа жауапкершілікпен қараса дейді

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login