Балқаш жаңалықтары 17.02.2020

  1. Демалыс күндері Балқашта автокөлік отқа оранды. Оқыс оқиға туралы куәгерлер құтқарушыларға дереу хабарлаған. Минивэн Балқаш станциясындағы жанармай бекетіне жақын маңда өртенді. Таңертеңгі сағат 8-дер шамасында жүргізуші көлікті от алдырған, сол кезде қалың түтін басталып, кейін өртке ұласқан. Тілсіз жауды ауыздықтау үшін 12 құтқарушы мен 3 арнайы техника жұмылдырылды. Өрт сөндірушілер келген кезде минивэн ашық отқа оранған, тілсіз жау 10 минутта ауыздықталды. Алайда, көлік толығымен жанып кеткен. Абырой болғанда, зардап шеккендер мен жарақат алғандар жоқ. Қазіргі таңда өрттің шығу себептері анықталуда
  2. Депутаттар жергілікті бюджет жайын талқылады. Қалалық әкімдікте кезектен тыс 36-шы мәслихат отырыс өтті.Өткен жылы қала қазынасындағы 800 млн теңге игерілмей қалған. Отырыста осы игерусіз қалған қаржыны «Самал» шағын ауданының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына, 45 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылыс жұмысына жұмсау ұсынылды. Одан бөлек, республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығына барар жол мен қалалық жағдайды абаттандыру, Тоқырау-Саяқ су құбырындағы сорғы станцияларын жаңартудың жобалық құжатнамасына жұмсалмақ. Енгізілген өзгерістерді ескергенде 2020 жылға жоспарланған бюджет көлемі 15 млрд теңгеден асады. Мәслихат отырысында Саяқ кентіне жұмсалар бюджет те қаралды. Жалпы сома 180 млн-ды құрайды. Оның бір бөлігі абаттандыру жұмысына бөлінбек
  3. 2019 жылы Балқаш сотына 2 мыңнан астам әкімшілік іс келіп түсті.  Шағымдардың көп бөлігі отбасылық және тұрмыстық қатынастар бойынша қоғамдық тәртіпті бұзумен байланысты.Өткен жылдың 12 айында заң бұзушыларға ескерту жасалды, айыппұл салынды, әкімшілік қамауға алынды, арнайы құқықтардан айырды және елден шығарылды. Айта кетсек, 200-ге жуық жүргізуші мас күйде көлік жүргізгені үшін сотталды. Ал,170-тен астам адам жүргізуші куәлігінен айырылды. Қаланың 15 тұрғыны кәмелетке толмаған балалары түнде қараусыз жүргені үшін жауапқа тартылды. Ал шетелдіктерге қатысты 150 іс қаралды, олар Ресей, Өзбекстан, Әзірбайжан және Қырғызстан азаматтары. Бұдан бөлек, алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың 55 фактісі анықталды және әскери қызметшілерге қатысты үш сот отырысы өткізілді. «Түнгі сот», «виртуалды сот» және «медиация» пилоттық жобаларын іске асыру барысында 300-ден астам өтініштер қаралды
  4. Бүгінгі таңда балқаштық көлік иелерінің 20-млн-нан аса айыппұлы бар. Мұндай мәліметті жеке сот орындаушылары беріп отыр. Ақпанның  8-і мен 16-сы  аралығында қаламызда «Борышкер» акциясы өтті.Жол-көлік инспекторлары мен сот орындаушылары бірлесіп рейдке шықты. Автокөліктерді тоқтатып түсіндіру жұмыстарын жүргізді, айыппұлы бар, жоғын тексерді. Бүгінгі таңда сот орындаушыларының тізімінде  2000 мыңнан аса борышкер бар. Айыппұл төленбесе, сот орындаушылар бірқатар заттарға тоқтау салады. Банк есепшотын бұғаттайды, дүние-мүлкін тәркілейді. Егер 6 айдан асса борышкер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Айыппұл арқалағандардың көбісі: алкоголді ішімдік ішіп рөлге отырғандар, көлігін техникалық байқаудан өткізбегендер, тыйым салынған жерлерде жылдамдықты арттырғандар, көлік тізгіндеп отырып ұялы телефон қолданғандар
  5. Есімдері мәңгілік ел есінде! Осыдан тура 31 жыл бұрын Ауғанстандағы соғыс ресми түрде аяқталды. 10 жыл ішінде 22 мыңнан астам қазақстандық Кеңес-Ауған майданына аттанды. Олардың 15 мыңға жуығы қайтыс болды, ал 20-дан астамы хабарсыз кеткен. Мыңдаған сарбаздар болса, үйлеріне мүгедек болып оралды. Демалыс күндері политехникалық колледжде жыл сайынғы дәстүрлі жиын өтті. Ауған соғысының құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Ауғанстанға халықаралық парызын орындау үшін Балқаштан 100-ден астам адам жіберілді. Олардың 2-уі қайтып оралмаған. Анатолий Антонов пен Самат Нұрғалиев Ауғанстанда қайтыс болды. Колледж студенттері қаза болғандар мен аман қалған жауынгерлердің құрметіне орай өлеңдер оқып, би билеп, ән шырқады
  6. Кеңес әскерінің Ауғанстан аумағынан толық шығарылғанына 31 жыл толды. Осы датаға орай балқаштық студенттер әскери-спорттық сайыста сынға түсті. Кедергілерден өтіп, түрлі тапсырмаларды орындады. Әскери спорттық сайыс Балқаш гуманитарлы-техникалық колледжінде өтті. Жарысқа қонақ ретінде қаламыздағы ауған соғысының ардагерлері шақырылды. Сайыс әнұранмен басталып, қаза болған ерлерді 1 минут еске алумен жалғасты. Сайыс шымылдығы әнмен ашылды. Жарыс алаңына бірінші болып шыққандардың бірі Балқаш сервис колледжінің студенттері. Олардың қарсыластары медициналық колледж студенттері. Бұл кезеңнің тапсырмасы кедергілерден өту арқылы автоматты шашып, жинау. Студенттер арасында ұйымшылдық пен патриоттықты дамытуға арналған сайысқа 5 колледж қатысты. 2 кезеңде үздік атанған политехникалық колледж студенттері 1-ші орында. 2 орын Балқаш гуманитарлы техникалық колледжінде. Ал медициналық колледж студенттері 3 орынға табан тіреді. Жеңімпаздарға дипломдар мен естелік сыйлықтар берілді
  7. «Ғұмыры қысқа, ғибраты мол Ерсейіт». Өткен демалыста шаһарымызда тоғызқұмалақтан облыстық ашық біріншілік өтті. Бұл жарыс тоғызқұмалақтан сан мәрте қала намысын қорғаған, ғұмыры ерте үзілген Тойымбек Ерсейіт Нұрсейітұлына арналды. Ұлттық спорт түрінен жарыс №16 орта мектепте өтті. Облыстық біріншілік 15 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында болды. Оған Ағадыр кенті, Киікті мен Мойынты станциясы,Ақтоғай ауданы, Қарағанды және Балқаштан 10-ға жуық команда қатысты. Барлығы 80-ге жуық тоғызқұмалақшы жиналды. Ұлттық ойынды хоббиі санайтындардың бірі Ағадыр кентінен келген Жантөре Қанат. Жарыс қорытындысы бойынша Ағадырдан келген тоғызқұмалақшылар алдына жан салмады. Ал балқаштықтар 4-ші орында. Жүлдегерлерге кубок, грамота және тұрмыстық техникалар тарту етілді. Ең жас 10 ойыншыға ынталандыру мақсатында ақшалай сыйлықтар берілді.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login