Балқаш жаңалықтары 16.01.2020

  1. Жол көлік оқиғасы қаладан 3 шақырым қашықтықта болған. Алматы-Екатеринбург тас жолының 639-шы шақырымында түскі 2-лер шамасында «Хюндай» маркалы екі шағын автобус қақтығысқан. Нәтижесінде 3 адам зардап шекті. Оның ішінде 5 пен 7 жасар екі бала бар. Барлығы да Қырғызстан азаматтары. Белгілі болғандай зардап шегушілер ауыр жарақат алмаған
  2. Қарағанды облысында былтырғы жылы автобустардың қатысуымен 30-ға жуық жол-көлік оқиғасы орын алды. Салдарынан 2 адам қаза тауып, 37 адам жарақат алды. Балқашта 15-17 қаңтар аралығында «Автобус» жедел алдын-алу шаралары өтуде.Қала ішінде және қалааралық бағыттарда қатынайтын автобустар назарға алынды. Бірінші күні тәртіп сақшылары 8 заңбұзушылықты анықтады. Жүргізушілер қауіпсіздік белдігін тақпаған, кейбіреуінің тиісті куәлігі жоқ болған. Тіпті бірі рөлде келе жатып телефон арқылы сөйлессе, енді бірі маневр ережелерін бұзған. Әрқайсысына 13 мыңнан 53 мың теңгеге дейін айыппұл салынды
  3. Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері Дерек базасын қалыптастыру үшін, қызмет туралы мәліметті уақытылы ұсыну қажет. Ақпарат ұсыну мерзімі 2020 жылдың 31 наурызында аяқталады.Бұл туралыҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабарлады. Қазіргі таңда Балқаш қаласындатіркелген 67 аталмыш ұйым бар. Олардың өкілдері infonpo.kz сайтындағы электрондық есеп беру нұсқасын уақытылы толтырулары қажет. Бұл әлеуметтік жобаларды немесе бағдарламаларды және мемлекеттік гранттарды іске асыруға арналған конкурсқа қатысу үшін міндетті шарт болып табылады.  Есеп беру кезінде сұрақтар туындаған жағдайда «Балқаш қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ-сінің 4-50-33 номіріне хабарасуға болады
  4. Алдағы демалыс күндері оқушылар ҰБТ тапсырмақ. Биылғы жылы қаламызда 500-ге жуық түлек мектеп бітіреді. Олардың ішінде 200-ден астамы қаңтар айында ақылы түрде ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген.11 сынып оқушылары үшін тестілеу форматы өзгеріссіз қала бермек.5 пән бойынша 120 тапсырма, оның ішінде 3-і негізгі, ал екеуі салалық пән. Экзамен барысын 18-19 қаңтар күндері онлайн режимде көруге болады. YouTube каналғасілтемені orken-media.kz сайтынан немесе телеарнаның әлеуметтік желілерінен көре аласыздар
  5. «Сарыарқа саңлағы». Облысымызда бастау алған жоба аясында бүгін қаламызда дебат ойыны өтті. Оған барлық қала мектептерінен 70-ке жуық оқушы қатысты. От тілді, орақ ауызды қыздар мен ұлдар өз ойларын ортаға салды. М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын мектеп бағдарламасына факультатив ретінде қосу керек. Бұл үкімет позициясындағы спикер Әлішер Мұраттың ұстанымы. 16 мектептің 9 «А» сынып оқушысы дебат алаңында былтырғы жылдан жүр. №24 мектеп пікірсайышыларымен өткен алғашқы ойында Әлішердің командасы алға шықты. Дебаттық турнир қазақ және орыс лигасы арасында өтті. Қарарлар Абай Құнанбаевтың, Әл-Фараби мен басқа да көрнекті ойшылдардың шығармашылық мұрасына арналды. Пікірсайысқа 5 қарар алынған. Бүгінгі турнир «Сарыарқа саңлағы» облыстық жобасының бірінші кезеңі болды. Алдағы уақытта  тағы 2 кезең өтеді. Оқушыларға ойындарда колледж қабырғасындағы аға буын дебатшы студенттер  төрелік етуде. Турнир қорытындысы бойынша қазақ лигасында 1-ші орын №8 мектептің «Өркен»  тобында. 2 және 3 орын 7 мектеп-гимназиясының «Сәкен жастары» мен 25 орта мектептің «Болашақ» командасында. Үздік спикер атағы №25 мектеп оқушысы Төлеухан Әділханда. Орыс лигасында үздік атанған 4 орта мектептің «Жігер» тобы. Ал 10-шы мектеп пен №17 мектеп-лицейінің командалары күміс және қола жүлде иегерлері. Орыс лигасында «Үздік спикер» 4 мектеп қатысушысы Инессе Трубина.
  6. Балқаштық коммуналшылар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Бірнеше күннен бері жұмысшылар екі ауысымда қала көшелерін қардан тазартып  жатыр. 1 күн бойы жауған қалың қар коммуналшыларды әбігерге салды.  Алайда синоптиктердің айтуынша, жерге түскен  қар нормадан асқан жоқ. «Горкомхоз» мекемесінің қызметкерлері таңертеңгі 8-ден бастап 2 қолға бір күрек ұстап қар күреуде. Коммуналшылар ең алдымен қаланың орталық көшелерін, одан кейін басқа барлық көшелерді тазалады. Үйілген қарларды тазалауға бірнеше техника жұмылдырылған. Кеше Балқаш көшелеріндегі қарды 12 арнайы техника тазалады. 40-тан астам адам күшейтілген режимде жұмыс істеп,  2 ауысым бойы барлық төңіректегі қарды күреді. Кешегі түнде коммуналшылар қаладан 300 тонна қарды сыртқа шығарды. Ал тазартылған көшелерге 50 тонна құм себілді. Синоптиктердің ақпараты бойынша, бір күнде жауған қардың қалыңдығы тәулік нормадан асқан жоқ. Мамандардың айтуынша қыс басталғаннан бері қала аумағында  көп қар әлі жаумаған
  7. Қыс мезгілі өзінің аппақ қарымен, сықырлаған аязымен, көк айдын мұзымен ерекше. Қыс мезгілінің ерекше көрінісі — қысқы ойындар. Шанамен сырғанап,  аққала жасап, қар атысып ойнаған балалардың көңілді жүздері мен дауыстары ерекше көңіл-күй сыйлайды. Ал балқаштық тұрғындар қандай қысқы ойындарды ұнатады? Сауалнама айдары
  8. Хоккейсүйер қауымды алдағы демалыс күндері  «Металлург» стадионына шақырамыз. Себебі, дәл осы жерде 18-і мен 19 қаңтар күндері Балқаш қаласы әкімінің кубогына қалалық турнир өтеді. Спорт сайысына Қарағанды облысы қалаларының командалары қатысады. Ойынның басталуы сағат 11.00-де. Келіңіздер, көріңіздер, хоккейшілерге жанкүйер болыңыздар!

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login