Балқашқа Парламент Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров жұмыс сапарымен келді

Балқашқа Парламент Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеров жұмыс сапарымен келді. Әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Тәртіп сақшыларымен, мұғалімдермен, өндіріс жұмыскерлерімен кездесті.

Рысқали Қалиақбарұлы алдымен қалалық полиция бөліміне ат басын тіреді. Тәртіп сақшыларымен кездесу барысында, заңнамаға енгізілген өзгерістерге тоқталды. Одан соң сот ғимаратына барып, былтыр ашылған фронт кеңсенің жұмысымен танысты.

Халық қалаулысы шаһарымыздағы балалар үйіне бас сұқты. Мұнда ата-ана қамқорлығынсыз қалған 15 бала тәрбиеленуде. Депутат балалармен тілдесіп, жағдайларымен танысты. Сонымен қатар баспана мәселесін де тілге тиек етті. Келген қонаққа тәрбиеленушілер ән айтып берді.

Одан соң Рысқали Әбдікеров «Сары қазына» ЖШС ұжымына ат басын бұрды. Бұл 2007 жылдан бері Қоңырат кен ошағындағы катодты мыс өндірумен айналысатын өндіріс ошағы. Мұнда 350 адам еңбекпен қамтылған. Кездесуде сенатор экологиялық заңнаманың, шарттағы міндеттердің сақталуына баса назар аударды.

Халық қалаулысы Қоңырат мөлтек ауданындағы №25 орта мектепке барды. Мектеп мұражайымен, работотехника кабинеттерінің жұмысымен танысты. Оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуына көңіл аударды. Артынан ұстаздармен жүздесіп, жаңа жылдан бастап күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» заңды түсіндірді.

2019 жылы желтоқсанда сатып алынған жаңа мобильді пунктпен танысқан Рысқали Қалиақпарұлы, қалалық жұмыспен қамту орталығына барды. Орталық мамандарына электронды биржа бойынша өз сауалдарын қойды. Жаңадан колледж бітірген түлектердің жұмыссыз қалмауын қадағалауды тапсырды.

Жұмыс сапардың соңы тұрғындарды жеке мәселелер бойынша қабылдаумен аяқталды. Әр түрлі мәселемен 9 адам жүгінді. Балқаштықтар экология, электр энергиясының тарифі және азық-түлік бағасын тұрақтандыру секілді мәселелерді көтерді. Кейбір мәселелер бойынша өз атына жазбаша сауалхат жолдауға кеңес берді. Айтылған сын да жоқ емес. Балқашта тұрғын үй салудың кенжелеп қалғанын баса айтты. Қаланың ішкі көркін келтіріп, тазалық мәселесін қолға алуды тапсырды

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login