Балқаш жаңалықтары 06.01.2020

  1. Балқаштық тұрғын көлігінен айырылды. Оның тұлпары  жүріп бара жатқанда өрте оранған. Ағыбай батыр көшесінде жүріп келе жатқанMercedes автокөлігінен түтіннің  исі шыға бастаған. Кейін ол қызыл жалынға айналып, лапылдай түскен. Алайда, сол уақытта көлік ішіндегі  адамдар сыртқа шығып үлгерді. Ал,оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенше автомобиль толығымен жанып кетті. Тілсіз жау 10 минуттың ішінде ауыздықталды. Болжамға сәйкес, өрт қысқа тоқтың тұйықталуынан орын алған деседі
  2. Аустралияда өрт салдарынан жарты миллиардқа жуық жануар қырылды. Тілсіз жау қыркүйек айынан бері ырық бермей жатыр.Аустралияның шығыс жағалауында бірнеше айдан бері өршіп тұрған орман өрттері әлемдік деңгейдегі апатқа айналуда. Тілсіз жау 20-дан астам адамның өмірін қиған, 30-ға жуық адам із-түзсіз кеткен. Қазіргі таңда өрт бүтін қалаларды да жалмауда. Тіпті қызыл жалынның түтіні Жаңа Зеландияға жетті. 1500-ден астам үй жанып, 5 миллион гектарға жуық жер күлге айналған. Аустралия премьер-министрі Скотт Моррисон өртті сөндіру үшін төтенше жағдай қызметкерлерінен бөлек, 3000 сарбаз көмектесетінін айтты. Осылайша, ел тарихында бірінші рет әскерилер өрт сөндіруге қол ұшын бермек
  3. Медициналық өзгеріс. Енді  086 анықтамасы толығымен электронды форматта жүргізілетін болады. Бұл өзгеріс биыл сәуір-мамыр айларында іске аспақ. Мұндай мәлімдемені денсаулық сақтау саласының  вице-министрі Олжас Әбішев жария етті. Ведомстваның айтуы бойынша алдағы уақытта барлығы электронды форматқа ауыспақ. Сәйкесінше медициналық тексерістен өткен адам жайлы ақпарат бірыңғай базада сақталады. Бұл дегеніміз жемқорлықтан құтылудың бірден бір жолы деп сенеді басшылық
  4. Балқаштық православ дін өкілдері  Рождество мерекесіне  дайындалуда. Христиандардың басты мейрамдарының бірі болып саналатын күн  қаңтардың 6-нан 7 қараған түні аталып  өтілмек. Себебі,  бұл күні Иисус  Христос   дүниеге  келді.  7 қаңтар күні таңғы 8-де шіркеуде құдайға табыну салтанаты өтіп, арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Балқаштықтар үшін дастархан жайылып, түрлі шаралар көрермен назарына ұсынылмақ
  5. Қарағанды облысының екі азаматы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпаздары атанды. 2019 жылы байқауға қатысу үшін бір жарым мыңнан астам адам өтініш білдірген. Үш кезеңнің қорытындысы бойынша 30-дан астам үздіктер анықталды. Олардың қатарында Қазақстанда да, шетелде де жетістікке жетіп жүрген спорт, мәдениет, қоғам, медицина, ғылым мен білім және бизнес салаларының жеңімпаздары бар. Жобаға Қарағанды облысынан 98 адам қатысқан. Оларлың ішінен республикалық қазылар алқасының шешімімен екі үздік анықталды. Оның бірі Абай қаласының тумасы Абылайхан Жүсүпов. Ол бокстан жасөспірімдер арасындағы 2013 жылғы Азия және әлем чемпионы, жастар арасында 2014 жылғы Азия және әлем чемпионы, жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының чемпионы. Абылайхан сонымен қатар Азия чемпионатының күміс жүлдегері және 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Бұдан бөлек, ол 2019 жылы өткен әлем біріншілігінде де қола медальді жеңіп алды. Екінші жеңімпаз Шахтинск қаласының спортшысы Иван Снегуров. Облыстық және республикалық чемпионаттардың бірнеше мәрте жеңімпазы.  Оған екі жыл бұрын «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді. Қазіргі уақытта ол ауыр атлетикадан облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс істейді

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login