Балқаш жаңалықтары 05.12.2019

  1. Еңбек ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі, жазушы Тамара Григорьеваны соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Қарымды қаламгер 75 жасында қайтыс болды. Марқұмның азаматтық жаназасы Мәдениет сарайында ұйымдастырылды. Тамара Тимофеевнамен қоштасу рәсімі мәдениет сарайының залында салтанатты түрде өтті. Жазушыны соңғы сапарға шығарып салуға оның туыстары, жақындары, достары мен әріптестері келді. Қоштасу рәсіміне Балқаш қаласының әкімі Ораз Таурбеков те қатысты. Қала басшысынан кейін Тамара Тимофеевнаны жақындары еске алып, сөз сөйледі. Барлығы үшін марқұм адамдар мен қаланың  өміріне бей-жай қарамайтын бауырмал, қайырымды,  сезімтал адам ретінде естерінде қалды. Тамара Григорьева Балқашқа 1952 жылы келген. 1961жылы 4-ші мектепті алтын белгімен бітірді. 1971 жылдан бастап Балқаш телестудиясында редактор болып жұмыс істеді. Ал 1978 жылдан бастап «Балхашский рабочий» газеті редакторының орынбасары, содан кейін облыстық «Джезгазганская правда» газетінің меншікті корреспонденті және «Пульс» газетінің тілшісі болып қызмет еткен. Ол өмірінің 50 жылдан астам уақытын журналистикаға арнады
  2. Балқашта жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың 2-ші кезеңі өтуде. Оған барлық қала мектептерінің 9 бен 11 сынып оқушылары қатысуда. Республикалық олимпиаданың 2-ші қалалық кезеңі №17 мектеп-лицейінде өтуде. Оған шаһардағы білім ошақтарынан іріктелген 300-ден аса оқушы қатысуда. Республикалық олимпиада еліміздің барлық мектептерінде бірдей уақытта сағат 11.00-де  басталған. Қатысушылар бір уақытта тапсырма орындауға отырды. Оқушылар ертең де үздіктер қатарынан көріну үшін бақтарын сынайды. Оған бүгінгі сынақтан сүрінбей өткендер жолдама алады. Пәндік олимпиаданың тапсырмаларын «Сарыарқа дарыны» республикалық ғылыми-практикалық орталығы әзірлеген
  3. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 1000-нан астам бала оқу жылы бойы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Ағымдағы жылы осы мақсатта 69 миллион теңге қаржы бөлінді. 900-ден астам оқушы көпбалалы мен аз қамтылған отбасылардан шыққан, ал қалғаны жетімдер мен ата-аналарының қарауынсыз қалғандар. Олардың барлығына сабақ арасында ыстық тамақ беріледі. Биылғы жылы Балқашта қалалық жалпыға міндетті оқу қоры  87 миллион теңгеден астам қаржыны қамтыды. Қаражат тамаққа, оқу мен кеңсенің керек-жарағына, балалардың денсаулығын жақсарту үшін лагерлерге және де халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын отбасылардың материалдық жәрдеміне жұмсалды.   2019 жылы Қарағанды облысының жалпыға міндетті оқу қорына бір жарым миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Былтырғы жылмен салыстырғанда шығын көлемі 500 миллион теңгеге артқан. Қор қаражаттарының негізгі бөлігі халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын мектеп оқушыларына тегін ыстық тамақ беру үшін жұмсалады.  Осы мақсатта облыс бойынша 20 мыңға жуық балаға бес жүз миллионнан астам қаржы жұмсалды. Ал 7 мың оқушыға арналған мектеп формасына 185 миллионға жуық қаражат кетті. Бұдан бөлек 10 мыңға жуық балаға жазғы демалыста лагерьге бару үшін 120 миллион теңге бөлінді. Ал 10 миллион теңге көлеміндегі қаражат материалдық көмек көрсетуге жұмсалды
  4. Политехникалық колледж студенттері АИТВ инфекциясына тексерістен өтті. Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күнге орай оқу ордасында жасөспірімдерден қан алып, артынша семинар өткізілді.Студенттерге АИТВ-ның қандай ауру екендігі түсіндірілді. Оның берілу жолдары қандай және қалай емделуге болатындығы айтылды. Арнайы маман Балқаштағы соңғы тіркелген сандық мәліметтерді алға тартты. Айтуынша, жыл басынан бері 9 мың балқаштық АИТВ инфекциясына тексерістен өткен. Соның ішінде 15 адамның талдамасы оң нәтижесі көрсеткен. Вирус жұқтырғандар 15 пен 58 жас аралығындағы тұрғындар. Бұл диагноз көбіне ерлер қауымында расталып отыр. Семинардан соң студенттер анонимді түрде АИТВ-ға тест тапсырды. Колледждің медициналық пунктіне арнайы қан алатын зертхана жасақтаған. Осылайша, кәмелет жасынан асқандар инфекцияға қан тапсырып,  өз АИТВ мәртебелерін анықтады. Қан тапсырушыларға тәттілер берілді. Сараптама қорытындысы 4-5 күннің ішінде дайын болмақ. Нәтижені Қазбекова көшесі 25-ші мекен жайдан білуге болады
  5. Балқаштық жастар «Қазақстаннның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Серік Есматовпен кездесті. Қонақпен сұхбаттасу үшін қаламыздың оқушылары мен студенттері жиналды.21 жастағы Серік Есматов шаһарымызға жастарға өзінің басынан кешкен оқиғасын айту үшін келген. Ол жиналған қауымға кез-келген жағдайда қайғырып, өмірден түңілуге болмайтынын түсіндірді. Алматыдан келген қонақ бала кезінен велоспортпен, бокспен және жүзумен айналысқан. 13 жасында ол жаттығудан қайтып келе жатқан жолда поездың астына түсіп кетіп, екі аяғынан айырылған. Одан кейін Серік Есматов бірнеше жылдар бойы оңалту орталықтарына барып, қайтадан жүруді үйренді. Отбасы мүшелерінің қолдауының, өзіне деген сенімнің арқасында ол волейбол ойнауды бастаған. Қазіргі таңда аталмыш спорт түрі бойынша Қазақстанның параолимпиада құрамасының  капитаны. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы алдымен еріктілер орталығында жастармен, одан кейін 7-ші гимназия оқушыларымен кездесті. Жиынға қатысушылардың барлығы өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Кездесу соңында қонаққа естелікке сыйлық берілді.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login