Балқаш жаңалықтары 26.11.2019

  1. Балқаштық құтқарушылар тұрғындарға мұзға шығудың қауіпті екенін ескертеді. Мұз енді қата бастаған. Қалыңдығы 8 см. Алайда жағадан ұзаған сайын жұқара береді. Осыны ескерген құтқарушылар күн сайын рейдке шығып, тұрғындарға ескерту жасауда. Өткен демалыстан бастап көлдің беті қата бастаған. Қазір мұздың қалыңдығы жағадан 50 метр жерге дейін 8см. Ал ашық көлге қарай мұз қалыңдығы одан да жұқа. Яғни  бір адамның ғана салмағына шыдамай жарылып кетуі әбден мүмкін. Ал егер мұз жарылып, адам суға құлап кетсе онда мамандар келесі ережелерді ұстануға кеңес береді. Біріншіден сабырлық сақтау қажет. Содан кейін қолды мұз үстіне шығарып, алға қарай жылжуға тырысу керек. Не болмаса қолмен, аяқты қатар шығарып мұз қалың жаққа қарай аунаған жөн. Құтқарушылар қауіпті болғандықтан балқаштықтарға мұз үстіне шығуға тыйым салады. Әсіресе автокөлікпен мүлдем жүруге болмайды. Ол үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Яғни айыппұл арқалайсыз. Ал егер көл үстінде төтенше жағдайға тап болсаңыздар онда 112  немесе  45479 нөміріне хабарласу керек
  2. «Үлкен жүрек» бірлестігіне 10 жыл. Атаулы датаға орай мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықта ашық есік күні өтті. Оған келген құрметті қонақтарға бірлестіктің тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетіп, естелік кәдесыйларын тарту етті. Биыл көктемде «Үлкен жүрек» орталығы 4 бөлмелі пәтерден 300 шаршы метрлі кең ғимаратқа көшкен болатын. Мұнда келетін мүмкіндігі шектеулі жандарға логопед, психотерапевт, денешынықтыру, емдік педагогика бас аяғы 10 кабинет қызмет көрсетеді. Бүгін бейімдеу орталығының тыныс-тіршілігімен танысуға шаһар басшысы, мәслихат депутаты, демеушілер келді. Құрметті қонақтарға тәрбиеленушілер музыкалық бағдарлама ұсынды. Түрлі аспаптарда ойнап, би биледі. Соңында осы уақытқа дейін орталыққа көмек көрсетіп келген демеушілерге алғыс  ретінде жүрек пішіндес кәдесый табыс етті. «Үлкен жүрек» қоғамдық бірлестігі 2009 жылы құрылды. Ал оңалту орталығы 2011 жылы ашылды. Осы уақыт аралығында 240 бала осы орталықта ем алды. Нәтижесінде  50-дей тәрбиеленуші арнайы мектеп интернатқа, ал 12-ден астам бала жалпы білім беретін мектептке оқуға барды
  3. Биыл балқашта 20 жас маман мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрақты жұмысқа тұрды. Олардың барлығы алдымен жастар практикасынан өткендер. Тағы 36 адам алған мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауда. «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы енді ғана қолына дипломын алған жас мамандарға қандай мүмкіндік ашып отыр. Қандай  талаптары бар. Өткен жылы жастар практикасына 65 балқаштық жіберілсе, биыл бұл мүмкіндікті 56 адам пайдаланған. Олардың 20практика аяқталғаннан кейін тұрақты жұмыспен қамтылды. Қалған 36 әлі мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауда. Жастар практикасына университет немесе колледж түлектері. Қолына дипломын алғанына 3 жылдан аспау қажет. Жұмыс істемеген 18 бен 29жаcқа дейінгі мамандар. Келер жылы 35 жас маманды мамандығы бойынша тәжірибеден өтуге жіберу көзделуде
  4. 26 қараша — халықаралық етікшілер күні. Етікші болу — екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер.Тіпті, әлемдегі ең керекті мамандықтардың бірі десек болады. Қыс келісімен көбіне етіктерді тігу және жамау жұмыстары көбейетін көрінеді
  5. Өнер мектебінің тәлімгерлері Алматы қаласында өткен халықаралық конкурста қала намысын қорғап қайтты. «Ақмаржан»  би ансамлі ұлттық бимен жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Байқауға Қазақстанның облыстары мен қалаларынан және Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен 150-ге жуық би ұжымы қатысқан. Қатысушылар екі күн бой халықтық, классикалық, заманауи, спорттық гимнастикалық және қазақ биінен сайысқа түскен. Балқаштықтар соңғы номинацияда өнер көрсетіп, үшінші орынды иеленді
  6. Балқаштық «Бертіс» әуесқой командалар арасындағы түнгі хоккей лигасында  3-ші орынға көтерілді. Осы уақытқа дейін хоккейшілеріміз 8 ойын өткізіп, 14 ұпай жинады.Соңғы екі ойын балқаштықтықтар үшін сәтті болды. Қарағандылық «Қорғау» командасымен өткен кездесу 7:0 есебімен хоккейшілеріміздің пайдасына шешілді. Ал «Шторм» командасымен өткен ойында «Бертіс» 8:1 есебімен тағы да жеңіске жетті. Жалпы әуесқой командалар арасындағы түнгі хоккей лигасында балқаштықтар 8 ойын өткізіп, 5-еуінде жеңіске жетті. Ал 3 ойын жеңіліспен аяқталды. 1 айналымның нәтижесі бойынша 14 ұпай жинап, турнир кестесінің 3 сатысына көтерілді. Алда әлі екінші айналым бар. Кейін суырылып алға шыққан үздіктер плей-оффта кездеседі.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login