Балқаш жаңалықтары 18.11.2019

  1. Өткен демалыста Шашубай кентінде гараж өртенді. Ішінде жеңіл көлік пен  газ баллондары болған. Таңғы 11-де келіп ТЖ қызметіне өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына 2 арнайы көлік пен 6 өрт сөндіруші аттанады. Келе сала гараждың ішіндегі көлікті сыртқа итеріп шығарады. Алайда қызыл жалын оның маторы мен салонын шарпып үлгерген. Артынша 2 газ баллонды сыртқа алып шығады. Жалынды толық сөндіруге жарты сағаттай уақыт жұмсалған. Қазір мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр
  2. 27 балқаштық облыстық шығармашылық байқауға жолдама алды. Политехникалық колледжде  өнерпаздарды іріктеу сайысы өтті. Қалалық байқауға 14 пен 18 жас аралығындағы 51 балқаштық қатысты. Олар 5 номинация бойынша сынға түсті. Атап айтсақ қолөнер, ән айту, музыкалық аспапта ойнау, би және мәнерлеп оқу. Қатысушыларды Қарағандыдан арнайы келген ұйымдастыру комитетінің мүшелері бағалады. Сайыс нәтижесі бойынша  әр номинацияда жеңімпаздар анықталып, 27 студент облыстық кезеңге жолдама алды
  3. Балқаш қалалық орталық кітапхана облыста үздік деп танылды. Орталық өңірдегі кітапханалар арасында байқау өткізіліп, оның нәтижесі белгілі болды. Конкурсқа 7 кітап үйі қатысқан. Үздіктерді анықтау үшін облыста құрылған арнайы комиссия қалалық Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханаға келіп, зерттеу жүргізген. Байқау шарты бойынша балқаштықтар кітапхананың жұмысын жандандырып, оның қоғамдағы рөлін арттыратын 8 жоба әзірлеген. Комиссия мүшелері барлық кітап үйлерінде болып, ондағы атқарылған істерді саралай келе екі кітапхананы үздік деп таныды —  Шахтинск қаласының кітап үйін және Балқаш қалалық орталық кітапхананы
  4. «Өнер қырандары» театры арнайы шақыртумен Балқашқа келді. Актерлар көрермендер алдында бір емес үш рет өнер көрсетті. Қойылымдары арқылы балқаштықтарды бір жылатып, бір күлдірді. «Өнер қырандары» театрының құрылғанына биыл 12 жыл. Топ 7 адамнан тұрады, онымен қоса бишілер мен жүргізушілер де бар. Көбінесе қоғамдық проблемаларды қозғап, әлеуметтік мәселелерді көтереді. Пародиядан да құр алақан емес. Бұл «Өнер қырандарының» Балқашқа екінші рет келуі.  Бір күнде әртістер үш рет өнер көрсетті. Әзілден бөлек, көрермендер назарына  теріс діни ағымдар жайлы қойылым ұсынды. Балқаштықтар арнайы шақыртумен келген әртістердің өнерін тегін тамашалады
  5. Балқашта каратэ до шотаканнан облыс чемпионаты өтті. Жарысқа Теміртау және Шахтинск қалаларынан жалпы саны 90-ға жуық спортшы қатысты. Ал жеңімпаздар Қазақстан кубогына жолдама алды. Каратэ до шотаканнан өткен  облыс чемпионаты екі күнге созылды. 6-15 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар  ката және кумитэ бойынша жеңімпаздарды анықтады. Жүлделі орын алғандар осы айдың соңында Шымкентте өтетін Қазақстан кубогында облыс намысын қорғайды

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login