№7 мектеп-гимназиясының алдындағы Сәкен Сейфулиннің бюсті қайта жаңартылды

Ақын, жазушының 125 жылдық мерейтойына орай және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында мүсін салтанатты түрде ашылды.

Шараға жазушының немере інісі Сәкен Орынбекұлы, тарихшы Марат Әбсеметов, қала басшылары және ұстаздар қауымы қатысты. №7 мектеп-гимназиясына 1994 жылы Сәкен Сейфулиннің есімі берілген. Сол жылы ақынның 100 жылдық мерейтойына орай бюст орнатылады. Араға 25 жыл салынып мүсін қайта жаңартылды. №7 мектеп-гимназиясының түлектерінен құралған «Үркер» қауымдастығы фундаментін ауыстырып, онда ақынның өлеңін қашап жазған. Шарада  жиналған қауым гүл шоқтарын қойып, тұлғаның рухына тағзым етті.

Бюсттің ашылу салтанатынан кейін шақырылған қонақтар мектепке бас сұқты. Холда оқушылар орындауындағы  «Сәкен сұңқар»  әнін тыңдап,  ақынның мерейтойына орай ашылған Сәкен кабинетін аралап көрді. Биыл оқушылар жазушының туған жері Қарашілікке барып, Нұр-Сұлтан қаласындағы мұражайына барған. Түрлі дубликат-экспонаттар әкеліп, кабинетке қойған.

Өмірсерік Исмухан — №7 мектеп-гимназиясының  оқушысы: «Біз Сәкен Сейфулиннің кіндік қаны тамған жерге саяхаттандық.  Кіндік қаны тамған жерінен топырағын алып келгенмен, туған жеріне көргеніме қуандым»

Аружан Құрмаш№7 мектеп-гимназиясының оқушысы: «Мұражайда маған ең қатты ұнаған залдардың бірі — Сәкен Сейфулиннің жұмыс кабинеті. Саквояжы, жазу машинкасы, экспозициялар бар»

Кейін қонақтар Сәкеннің өмірі жайлы сыр шертетін «Емен — ұзақ жасайтын ағаш» драмалық қойылымын тамашалады. Онда ақынның балалық шағынан және абақтыға қамалар алдындағы өмірінен үзінді көрсетілді.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login