Балқаш жаңалықтары 04.11.2019

  1. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Жұмысшылар кентінің тұрғындары жарықсыз қалды. Автокөлік бағанаға соғылып, бірнеше желі тоқтан ажырап қалған. Апат кеше кешкі сағат 8 шамасында болды. Автокөлік Сәрсенбаев көшесіндегі  электр бағаналарының біріне соғылған. Салдарынан 6 желі тоқтап ажыратылды. Олардың 5-і 30 минуттың ішінде қалыпқа келтірілді. Ал соңғысын жөңдеу үшін бірнеше сағат кеткен. Нәтижесінде Сәрсембаев, Ержанов, Жезқазған, Лермонтав және Луначарск көшелерінің тұрғындары жарықсыз қалды. Жұмысқа 8 адам мен 3 техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда «Балқаш энерго»  мамандары шығын көлемін есептеуде
  2. Қарағандыда YDD Corporation ферроқорытпа зауытының екінші пеші іске қосылды. Енді онда  жылына 60 мың тоннаға дейін ферросилиция өндіреді. Зауыттың  қарқынды дамуы ферросилиций  өнідіруде  көшбасшы және металлургия саласының  кілті болуға мүмкіндік береді. Өндірістегі жаңа пешті   Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек іске қосты. Небәрі 3 айдың ішінде кәсіпорын 5 мың тонна өнімді сыртқа саудалаған. Әуелде өндіріс ошағының жылдық қуаты 180 мың тонна болса, екінші пеш іске қосылған соң, 240 мың тоннаға ұлғайып отыр. Ал келер жылы мұнда 4-інші пеш салынбақ. Жоба құны – 35 млрд теңге. YDD Corporation акционері Ерлан Нығматулин жаңа пешті іске қосу жоспарланған кестеге сәйкес жүргізілгенін атап өтті. Ол талмай еңбек еткен әріптестеріне, зауыттың құрылысына қатысқан Қазақстандық және шетелдік мамандарға  алғысын жеткізді.Ферросилиций – темір мен кремнийдің қоспасы. Болат балқытуға кеңінен қолданылады. Әлемде бұл өнімге деген сұраныс аса жоғары екен. Ал отандық зауыт әзірге ферросилиций өндіруден дүние жүзі бойынша 6-орында тұр. Тіпті мұнда өндіріс қалдығы да қайта өңделеді. Зауыттан шығатын газ, шаң-тозаңнан микрокремнез ұнтағы алынады. Қазір зауытта 380 адам еңбек етеді. Келешекте тағы 200-ге жуық адамға жұмыс көзі ашылмақ
  3. Балқаш тұрғындары қоршалмаған және қоқысқа толы учаскелері үшін жазаланды. Абаттандыру ережесін бұзған жер иелеріне  әкімшілік хаттама толтырылады. Заң бұзушылықпен күресу үшін арнайы құрылған жұмыс тобы қаланы аралауға шықты. Сәтпаев көшесіндегі мына аумақ жұмыс тобының назарына бірден ілікті. Екі мың шаршы метрді құрайтын жер телімі екі адамға тиесілі. Құрылысы аяқталмаған екі ғимараттың маңайы қоршалмаған, Ал айналасы қоқысқа толы. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жер үйсіз жүргендер мен ішімдік ішетіндердің жиналатын орнына айналған. Алайда полиция қызметкерлерімен кездесуге қожайындардың бірі ғана келді.  Оған «Абаттандыру ережесін бұзу» бабы бойынша ескерту жасалды,  ал келмеген екінші жер иесіне сырттай әкімшілік хаттама толтырылды. Ескертуден нәтиже шықпаса онда 50 мың тг айыппұл төлеуге тура келеді. Естеріңізге сала кетейік, қазан айында қаланы үйіліп жатқан қалдықтан арылту үшін әкімдікте арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына ТКШ мамандары, тәртіп сақшылары және сәулет бөлімінің қызметкерлері кірді. Қазіргі таңда мамандар аулаларды аралап, тұрғындарға әркім өз жерін таза ұстау керектігін ескертуде.  Заң бойынша әрбір адам өз учаскесінен 5 метрге дейінгі жердің тазалығына жауапты
  4. 2019 жылдың 9 айында  тұрғын үй секторында 30 өрт оқиғасы тіркелген. Оның бірі  жылыту маусымында пешті дұрыс жақпағандықтан болған. Суық кезде жер үйлерде өрт оқиғасы жиілейтіндіктен ТЖ қызметкерлері рейдке шықты. Әсіресе көпбалалы отбасылар басты назарда. Естеріңізде болса Астанада өрттен бес баламерт болған еді. Бөкейханов көшесіндегі мына үйде 4 бүлдіршін тәрбилеп отырған отбасы тұрады. Суық күнде үйдегі пешпен жылынады. Алайда оның кірпіштері ажырап, жарыла бастаған. Одан шыққан түтін тіпті үйдің төбесін қарайтып жіберген. Мамандар әйелге пештен келер қауіпті түсіндіріп, оны жөндеу қажеттігін ескертті.  Былтырғы жылы 9 айда тұрғын үй секторында  35 рет өрт болған. Ал биыл қызыл жалынға қатысты 30- оқиға тіркелген. 2018 жылы тілсіз жаудан 1 тұрғын зардап шексе, биыл 3 балқаштыққа медициналық көмек көрсетілген. Адам өлімі жоқ
  5. Сауатты имам жамағат бірлігінің кепілі. Осындай атаумен балқашта дін қызметкерлеріне арналған семинар өтті. Ол үшін Алматыдан Нұр Мүбәрәк университетінің ұстазы Ризабек Баталұлы шақырылды.  Семинар жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылды. Оған Балқаш қаласының, Саяқ, Приозерск кентінің, Қоңырат мөлтек ауданының имамдары және ақпараттық түсіндіру тобының өкілдері  қатысты.  Жиында исламтанушы-ғалым «ислам мәдениеті», «дін және ғылым»,  «діни экстремизм» тақырыптары бойынша лекция оқып, діни терминологияны дұрыс қолданып, дұрыс жеткізе білу керектігін түсіндірді. Соңында барлық қатысушыларға сертификат берілді
  6. Мемлекеттік күзет қатарына кімдерді қабылдайды. Балқаштық жастар осы сауалға жауап алды. Оқушылар сарайында патриоттық акция өтті. Шара «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС бас директоры Әділет Барменқұловтың бастамасымен ұйымдастырылды. Оған политехникалық колледж студентері, жас зауыт жұмыскерлері және Ұлан сыныбының оқушылары шақырылды. Олармен кездесуге запастағы полковник Талапқали Әміров, мемлекеттік күзет полковнигі Болат Исмайлов, подполковник Георгий Демченко және шекара қызметінің контр адмиралы Кенжеберген Әбікеев келді. Ардагер офицерлердің барлығы қазіргі таңда «TF–Security» агенттігінде бірнеше жылдан бері «Қазақмыс Смэлтинг» компаниясының қауіпсіздігіне жауап береді. Әр қонақ өз қызметі жайлы әңгімелеп, жастарды отанға адал болуға шақырды. Ал жастар болса қонақтардан мемлекеттік күзетке қалай түсуге болатынын, ол үшін қандай мемлекеттік университетте оқу керектігін сұрады. Қыздар да өз қызығушылығын байқатты. Сұрақ жауаптан кейін, политехникалық колледж студенттері мен Ұлан сыныбының оқушылары  өнер көрсетті
  7. Балқаштық каратэшілер республикалық чемпионатта 15 жүлде жеңіп алды. Cртшыларымыз Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында үздік нәтиже көрсетті. Республикалық жарысқа Қазақстанның барлық қалаларынан 350-ден астам қатысушы келген. Олардың ішінде 18 балқаштық бар. 5-тен 17 жасқа дейінгі каратэшілер бағдарламаның 4 түрі бойынша сынға түсті. Атап айтсақ, жеке кумитэ, жеке катта, командалық катта мен кумитэ. Осы санатта балқаштық спортшылар Анель Мерекеева, Ульяна Кеңесқалиева және Анар Бекмұратқызы 3 алтын мен 5 күміс медальға ие болды.  Тағы 7 каратэші 3 күміс және 4 қола жеңіп алды
  8. Өткен демалыста баскетболдан әуесқой командалар арасындағы күзгі біріншілік басталды. Оған 5 команда қатысуда. Ойын 5:5 классикалық жүйесі бойынша өтуде. Күздік біріншілікке EFK және Бірлік командалары қосылып, бір құраммен келіп отыр. Алғашқы ойындағы қарсыластары Искандер2 командасы болды. Екінші құрама да жастар басым, алайда EFK бұл ойында 65:38 ұпайымен басым түсті. Турнирде 5 команда бақ сынауда. Олар: EFK, Искандер, Искандер 2, Қазақмыс Смэлтинг және балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің командалары. Алғашқы 2 күннің қорытындысы бойынша әзірге Искандер 2 командасы алда келеді. Баскетболдан өтіп жатқан әуесқой командалардың күзгі турнирі осы демалыс күндері әрі қарай жалғасады. 10 қарашада жартылай финалдық және финалдық ойындар өтеді. Үздіктердің үздігі анықталып, жеңімпаз командалар ақшалай сыйға ие болмақ.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login