Қалада облыс әкімінің қатысуымен актив отырысы өтті

Балқашта 2019 жылы бала өлімі 3 есе көбейген. Мұндай жаға ұстатар жайт  облыс әкімінің қатысуымен өткен актив отырысында айтылды. Жаңа қызметке тағайындалғанына екі күннен кейін тура бір ай болатын облыс әкімі Жеңіс Қасымбек мемлекеттік қызметкерлермен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.

Балқаш өңірінде бала өлімі биыл үш есеге артқан. Егер былтыр 9 айда 1 жасқа дейінгі 7 нәресте шетінесе осы жылы 21 ана сәбиінен айырылған. Оның себебін мамандар әйелдердің жүкітілікті алдын ала жоспарламауымен, инфекциялық тексерістен дер кезінде өтпеуімен түсіндірді. Алайда облыс  басшы бұл жауапқа қанағаттанбады.

Жиында көтерілген мәселелердің бірі  тұрғын үй құрылысы. Қазіргі таңда су, жылу, канализация тартылмағандықтан Самал ықшам ауданынан түрғындарға үй салуға жер берілмей отыр. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті мамандар жобаның сметалық құжатын әзірлеген. Алайда оны облысқа жіберіп, бекітуге асығар емес.

Одан бөлек азық-түлік бағасының қымбаттауы да Жеңіс Қасымбектің ашуын тудырды. Отырыс бойы қабағын бір ашпай, жауапты мамандардың жұмысын сынаумен болды. Жаңа қоқыс полигонын салу, Тоқырау-Саяқ су құбырын тарту  секілді қордаланған мәселелерді шешуге тапсырма беріп, келер жылы мұндай проблемалардың болмауын қадап айтты.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login