Балқаш жаңалықтары 14.10.2019

  1. Балқашта қала тұрғынын іздестіріп жатыр. 39 жастағы ер адам 26 қыркүйекте үйден шығып кетіп, қайтып оралмаған.Нұржан Абдраховтың үстінде сол күні спорттық шалбар, қара көк кеңжейде және басында қалпағы болған. Ерекше белгілері жоқ. Ер адам 26 қыркүйек күні Қараменде би көшесіндегі үйінен шыққан. Содан бері оны ешкім көрмеген. Полиция қызметкерлері егер қандай да бір ақпарат білсеңіздер 102 нөміріне хабарласуларыңызды сұрайды
  2. Балқашта жағалау аумағына 50 үйеңкі ағашы отырғызылды. Шаһарда күзгі экологиялық акция өтті.Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин бастамасымен бүкіл республикамызда ағаш отырғызу экологиялық акциясы басталып кеткен. Оған қала басшылығынан бастап, мемлекеттік қызметкерлер және белсенді жастар қатысты. Алғашқы көшетті қала әкімі Ораз Тәуірбеков екті. Шаһар басшысының айтуынша талдарың күтімі мен суарылуына «Зеленстрой» компаниясы жауапты. Бұл күні 50 үйеңкі ағашы егілді. Жалпы экологиялық акция аясында осыған дейін қала мектептерінің ауласына 400 түп көшет отырғызған. Алдағы уақытта тағы 430 тал егу жоспарлануда
  3. Балқаштық ақын Махмет Нұртазаұлының өлеңдер жинағы жарық көрді. Өткен сенбіде Абай атындағы №2 лицейде «Аманат» атты кітаптың тұсауы кесілді. Кешке ақынның артында қалған жары, жора-жолдастары, әріптестері және оқушылар жиналды. Махмет Нұртазаұлын еске алып, өлеңдерін оқыды. Ал жаңадан жарық көрген жыр жинақ 8 бөлімнен, 300 беттен тұрады. Таралымы 200 дана. Алматы қаласында басылып шықты. Қаламгердің шығармаларын жинақтаған жары — Гүлбаршын. Ал ақыннан қалған жырдың кітап болып жарыққа шығуына көмектескен жазушы-этногарф Төрехан Майбас пен  журналист Оралбек Жүнісұлы. Бұл Махмет Нұртазаұлының үшінші кітабы. Көзі тірі кезінде «Асыл Арман» және «Ата жұрттан айналдым» атты екі туындысы жарық көрген
  4. «Қазақмыс» корпорациясының политнехникалық колледжіне биыл — 10 жыл. Осыған орай білім ордасында оқу процесі мен өзекті мәселелер талқыланған семинар-тренинг өтті. ЖШС «Қазақмыс Корпорациясы» Басқармасының шешімімен 2009 жылдың 16-шы наурыз күні Балқаш қаласында политехникалық колледжі құрылды. Қазір онда 600 ден аса студент 13 мамандық бойынша дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алуда. 10 жыл ішінде білім ордасы 900 ге жуық жас маманды даярлап шығарған.  Мерейтойға орай ұйымдастырылған концерттік бағдарлама барысында колледж ұстаздары ұлықталды. Облыстық білім басқармасының, қала әкімінің, «Қазақмыс» корпорациясының атынан құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен, төс белгілермен және гүл шоқтарымен маратталды
  5. Балқаштық мектеп оқушылары мен студенттері құтқарушылардың жұмысымен танысты. Өткен демалыста судан құтқару станциясында ашық есік күні өтті.Бір күнде 150 бала келіп, ТЖ қызметкерлерінің қызметін көзбен көрді. 9-шы мектеп оқушылары суда құтқару станциясының ең үлкен кемесінде.Бұл техника көлде жоғалған адамдарды іздеуге арналған. Дабыл белгісі берілгенде мұнда құтқару құралдары мен жабдықтар тиеледі. Бүгін оқушыларға кемемен жақынырақ танысуға рұқсат етілді. Келушілерге құтқарушылардың су астындағы жұмысы көрсетілді. Сүңгуірде құрғақ және дымқыл костюм болады. Біріншісі суық мезгілде, екіншісі жазда қолданылады. Жабдық суды жібермейді және қатып қалмайды Бұл жұмыста арнайы маска, сығылған ауаға толы баллон, қолшам мен пышақтың болуы маңызды. Бірнеше сағат ішінде судан құтқару станциясына қаладағы 8 оқу орнынан 150-ге жуық оқушы мен студент келді.Оларды қызықтырған сұрақтарға ТЖ қызметкерлері жауап берді
  6. Балқаштық оқушылар әскери-спорттық сайыста сынға түсті. Олар жер бауырлап мина іздеді, граната лақтырып уақытқа газтұтқыш киіп жарысты.Алғашқы сайыс кедергілер жолағынан өту. Мұндағы шарт тартылған лентаға денеңді тигізбей жер бауырлап алға жылжу қажет. Егер шарт бұзылса, онда тапсырма орындалған болып саналмайды. Болашақ сарбаздарға ең қиынға соққан кезең мина алаңын кесіп өту болды. Қолдарына таяқ ұстаған қатысушылар құмды ұңғылау арқылы терең көмілген жарылғыш заттарды іздеді. Әр команда 5 минадан табулары тиіс. Әскери-спортық сайыс №8, 16 мектептер мен Абай атындағы №2 лицей арасында өтті. Әр команда 10 қатысушыдан құралған. Соңғы сайыста оқушылар құм арасына  жасырылған команда жалауын  іздеді. Туды №16 мектеп балғындары бірінші болып тауып, сайыста жеңіске жетті
  7. Балқаштық жас спортшы Алем Байдағұлов грэпплингтен Алматыда өткен халықаралық жарыстан 2 орын алды. Осылайша  қоржынын күміс медальмен толықтырды. Халықаралық додаға Нұр-Сұлтан, Өскемен, Павлодар қалалары мен  көршілес Қырғызстан, Өзбекстаннан бас аяғы 800-ге жуық спортшы қатысқан. Спортшылардың жас шамасы 4-тен 17 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Бұл жолғы грэпплинг турниріне жерлесіміз 49 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Төрт кездесу өткізіп, 3-еуінде жеңіске жетеді. Алайда финалда павлодарлық қарсыласынан 3:1 есебімен ұтылып, екінші орынды иеленді.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login