Балқаш жаңалықтары 30.09.2019

  1. Баланы қағып кеткен жүргізушіге 100 мыңнан аса айыппұл салынды. Көлік иесі жасөспірімді жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқанда соққан. Оқиға тамыз айында болды. Жүргізуші Желтоқсаннан Мир көшесіне бұрылмақ болғанда бағдаршамның жасыл түсіне өтіп бара жатқан 12 жасар қызды қағып кеткен. Абырой болғанда бала жеңіл жарақат алған. Тек ұялы телефоны сынған. Ал көлік иесі оқиға орнына дәрігерлер мен полицияны өзі шақырған. Өтіп бара жатқан адамға айтып, сол араға жақын жерде жұмыс істейтін қыздың анасын да шақыртыпты. Сотта ол өз кінәсін мойындап, жәбірленушінің медициналық қызмет ақысын төледі. Әрі сынған телефонды қайта қалпына келтіру сомасын өтеді. Нәтижесінде сот шешімімен құқық бұзушыға 100 мыңнан аса айыппұл салынды
  2. Жыл басынан бері қаламызда 150-ден астам тілсіз жау оқиғасы тіркелген. Соның ішінде 110 оқиға қоқыс қалдықтары мен шөптердің жануынан орын алған. Тілсіз жаудың алдын алу мақсатында төтенше жағдай қызметкерлері рейдке шықты. Олар саяжайдағы үйлерді аралап, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Бір күннің өзінде құтқарушылар 40-қа жуық мекен-жайға барады
  3. Жұмысшы кентінің тұрғыны үйіне  келіп тұрған суық суды пайдалана алмай отыр.  Құбыр тарту үшін жер қазғанда су пайда болған. Тіпті үйінің астына дейін жеткен. Зейнеткер «Балқаш Су» маманандарына жағдайды айтып барғанмен, осымен екінші жеті мәселе шешілмей отыр. Абай көшесінің тұрғыны Бақыт Елубаева «Балқаш Су» мекемесіне қапалы. Көше бойына жаңадан салынған құбырдан су тартпақ болып жер қазғанда су пайда болып, деңгейі көтеріле бастаған. Зейнеткердің айтуынша ол жарылған ескі құбырдан келіп жатыр. Соны айтып жауапты мамандарға да барған. Пайда болған су үйдің астына дейін жеткен. Алайда зейнеткер оның бұған дейін болғанын айтады. Тек оны білмеген, барлығы жер қазылғанда анықталған. Ал, «Балқаш Су» мамандары ескі су құбыры жарылғанын айтып, зейнеткердің сөзін растап отыр. Алайда суды толығымен өшіріп, тоқтата алмаймыз дейді. Себебі жаңа желіге қосылмаған үйлер бар. Деседе мәселені шешуге болатынын айтты
  4. Балқаштық жомарт жандар 500 ден астам бүлдіршінді жаңа оқу жылына дайындауға қол ұшын берді. Бүгін  республикалық  «Мектепке жол» акциясы аяқталды. Биыл науқан жылдағыдан 1 айға ерте басталды. Өтініштер 1 шілдеден бастап қабылданды. Үш ай ішінде 78 тұрғын  оқу жылына 180 баланы жинауды өтініп, білім бөлімінің штабына жүгінді. Өтінішке бірнеше қала тұрғыны құлақ асып, 5 млн теңгеден астам қаржыға балаларды киіндіріп, канцеляриялық тауарларын алып берген. Одан бөлек, мұқтаж жандар балалары білім алатын оқу орындарынан көмек сұраған. Жалпы білім беру қорынан 450-ден астам балаға 4 миллион теңгеге көмек көрсетілді
  5. Балқашта оқушылар арасында қалалық спартакиада басталды. Өткен демалыста ұлдар мен қыздар жүгірудан жарысты.Спартакиада мысшылар стадионында салтанатты түрде ашылды. Енді оқушылар оқу жылы аяқталғанша спорттың 11 түрінен жарысқа түседі. Кейін барлық сайыстың қорытындысы бойынша, үздік мектептер анықталады. Алғашқы сайыс эстафеталық жүгіру. Ереже бойынша әр мектептен 4 ұл 4 қыз қатысты. Оларға берілген тапсырма бір біріне таяқшаны беру арқылы, әрқайсысы 400 метр қашықтықты тез жүгіріп өту. Уақыт бойынша кім ұтса, сол жеңімпаз. Эстафетаның нәтижесі бойынша №1 мектеп қыздары да ұлдары да желаяқ атанды. Олар алдарына жан салмай, мектептеріне жеңіс сыйлады. Ал ұлдар арасында екінші орын  4 мектеп, ал үшінші орынды 17 лицей командасы иеленді. Қыздар арасында екінші орынға 16 мектеп , Абай атындағы №2 ші лицей үшінші орынға жайғасты
  6. Балқашта қарттар күніне орай денешынықтыру және сауықтыру кешенінде спорттық сайыс өтті. 50 жастан асқан ардагерлер шағын футбол, дойбы мен тоғызқұмалақтан өзара мықтыны анықтады. Жасыл алаңда «Ардагер 1» мен «Ардагер 2» командалары. Әр құрамада 6 адамнан. Алғашқы болып 1 таймның 2 минутында «Ардагер 1»  ойыншысы Сартаев Азамат есеп ашса, ойын барысында «Ардагер 2» шабуылшысы Мұқашев Нұрлан  ең көп 4 голды салды. Матч 9:4 есебімен «Ардагер 1» командасының пайдасына шешілді. Одан кейін әйелдер мен ерлер  дойбы мен тоғызқұмалақтан сынға түсті. Сайысқа 60-тан асқан 10-ға жуық қария қатысты. Биыл бұл жарыс қалада алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Келесі жылыда жалғасын таппақ. Тоғызқұмалақтан Әбеубекова Манара жеңімпаз атанса, дойбыдан ерлер арасында Бишкенов Қанапия, әйелдер арасында Бадығұлова Тілеулес 1-орынды иемденді. Барлық жеңімпаздарға бағалы және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login