Балқаш жаңалықтары 22.08.2019

  1. Балқаштық тұрғынға жақындары іздеу салады. Ол нәпақа табуға өзге қалаға кетіп, ізім ғайып жоғалған. 1979 жылы туылған Серғали Танкеев 30 шілде күні үйінен  Қарағандыға  жұмысқа кеткен. Азамат діттеген орнына сол күйі жетпеген. Бойы  180 см, тығыз денелі балқаштық сол күні ашық қоңыр түсті жейде, аяғында туфли мен қара түсті шалбарда болған. Жанары нашар көретіндіктен көзілдірік тағады. Жоғалған уақытта Танкеевте өзімен жеке куәлік,  қол сағат пен жүзігі, әскери билеті болған.  Айрықша белгілері: Сол қолының саусақ тұсында С әріпі бейцнеленген татуировка, соқыр ішектің орны мен оң аяғында тыртығы болған. Серғали Танкеевті көрген білгендер болса 102 нөміріне хабарласуларыңызды сұраймыз
  2. Балқаштық  орталық саябағында қалпына келтіру жұмыстары басталды. Алғашқы кезең жұмыстары  — қоршауларды ауыстырудан басталды.Жұмысшы бригада саябақ аумағындағы темір қоршаумен  бағаналарды алып жатыр.  Ескі іргетастың үстіне жаңа фундамент  құйылып, кірпіштен жаңа бағаналар тұрғызылады. Одан кейін  шаңырақ бейнеленген  жаңа  темір қоршаулармен саябақ аумағын жауып шығады. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін суару жүйесіне арналған траншеялар қазылып,  екі дәретхана орнатылады. Аталған жұмыстар күздің соңына дейін аяқталуы тиіс.Естеріңізге сала кетейік, орталық саябақты абаттандыруға 260 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жұмыс екі кезең бойынша атқарылады. Биыл саябақтың қақпасы жаңартылып, қоршаулары ауыстырылады.Ал, келесі жылы фонтан, балалар ойын алаңы, орындықтар мен  қоқыс жәшіктері орнатылады. Барлық жұмыстар жоспар бойынша 2020 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс
  3. Балқаштық жастар кәсіпкерліктің негіздерін оқуда. Бүгінде  «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 50 балқаштық курстан өтуде. Оқу барысында бизнес жоспарды құруды үйреніп, жарты миллион көлеміндегі грант ұтып алу мүмкіндігі қарастырылған.Курстың басталғанына бір аптадай уақыт болыпты. Кәсіпкер болғысы келетіндерге бүгін «Атамекен» палатасының өкілдері мен жұмыспен қамту орталығының мамандары келіп оларға қолжетімді бағдарламалар жайлы айтып берді. Дәл осындай бизнес баспалдағынан өтіп, бүгінде өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкер де өз жетістік жолымен бөлісті. «Жас кәсіпкер» жобасы 18 бен 29 жас арасындағы жұмыссыз жандар үшін қарастырылған. Үш апта көлемінде бизнес негіздерінен дәріс алып, бизнес-жоспарларын құрады. Одан соң 505 мың теңге көлеміндегі грантқа үміткер бола алады. Бизнес-жоспарларды әуелі балқаштық, одан соң облыстық  комиссия мүшелеріне қорғап шығады. Соңғы шешімді сол жақтан шығарып, кімнің гран иегері атанатыны мәлім болады. Одан бөлек, грант иелері бір жыл көлемінде бизнес-жаттықтырушы есебінде жетекшілік ете алады
  4. Жемқорлықтың алдын алып, мемлекеттің дамуы үшін бюджеттік шығыстар мониторнингін азаматтардың өзі бақылап отыруы тиіс. Қарағандыдан келген Татьяна Савицкая осындай бастамамен балқаштықтармен кездесті. «Ғылыми-өндірістік бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыру. Әлеуметтік  маңызы бар жобалар». Осы тақырыптар төңірегінде Балқашқа Қарағандыдан «Озарение» қоғамдық қорының президенті келіп семинар өткізуде. Қазақстан жемқорлықты қабылдау деңгейі жоғары 167 елдің ішінде 131-ші орында тұр.  Бюджеттен бөлінген қаржының тиімсіз жұмсалғаны байқалса, оны басқа қажет ететін салаға бағыттау керек. Осылайша азаматтық бақылау жүргізілсе, жемқорлықтың алдын алуға болады. Ол үшін ең басты керегі азаматтардың белсенділігі
  5. Сербияда өткен халықаралық бокс турнирінде жерлесіміз Ерасыл Ермектің жұлдызы жанды. Боксшіміз кезекті алтын медалін қанжығасына байлады.  Бұған дейін Ерасыл сәуір айында Болгарияда өткен халықаралық жарыста чемпион атанған болатын. Бұл жолғы бәсеке Сербия Республикасы, Врбас қаласында өтті. Халықаралық былғары қолғап бәсекесіне 21 мемлекеттен спортшылар қатысқан. Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен жерлесіміз 57 келі салмақ дәрежесі бойынша 4 кездесу өткізген. Сербия төрінде Ерасыл Ресей, Үндістан, Швеция елдерінің спортшыларымен 4 жекпе-жек өткізген. Финалдық кезеңде ресейлік еуропаның күміс жүлдегерімен сынға түсіп, 5:0 есебімен жеңіп шығады. Қазақстан құрамасы 7 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль еншілеп, командалық есепте 1-ші орын иеленген.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login