Балқаш жаңалықтары 22.07.2019

  1. Балқаш маңында жол көлік оқиғасы болды.  Оқыс оқиға  сағат 18:30  шамасында  болған. Алматы-Екатеринбург тас жолының 626 шақырымында «Лада» мен «Лексус» маркалы көліктер бір-біріне соқтығысады. Нәтижиесінде 32 жастағы қала  тұрғыны зардап шекті. Оны жедел түрде Орталық ауруханаға жеткізген. Бүгінгі таңда дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр
  2. Балқаша түрлі нысанда жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан мердігерлер тағы да сөгіс естіді. Бұл жолы жаңадан келген қала әкімі Оразбек Тәуірбеков жауапты компанияларға шүйлікті. Белгілі болғандай 36  объектіде жұмыс мерзімінен кешігуде. Тек 3 нысан ғана толықтай жөндеуден өткен. Биыл Балқашта 80 нысан жаңаланады. Атап айтсақ осы жылы ТКШ саласына қарасты 45 нысан, 7-спорттық объект,  3 мәдени ғимарат, 19 білім беру мекемесі және Саяқ кентінде 3  ғимарат жөндеуден өтуі тиіс. Ол үшін 2 млрд теңге қаржы бөлінген.  Алайда 80 нысанның 72-де жөндеу басталғанымен оның 28-інде құрылыс жұмыстары мерзімінен кешіктірілуде. Қалғанында жөндеу әлі басталмаған. Әкімшілікте өткен кеңесте осы аптада қалалық саябақтың абаттандыру жұмыстары басталатыны мәлімделді. Жұмыс 2 кезең бойынша жасалмақ. Ал жоба құны 290 млн теңгеден асып жығылмақ. Білім беру нысандарындағы артта қалушылық мына мекемелерде байқалады: №10, 16 мектептер және №7 мектеп-гимназиясы. №10 мектептің тек 40% жұмысы біткен, ал 7 мектеп-гимназиясындағы ауыстырылуы тиіс 127 терезенің 60-ы ғана пластикке алмастырылған. Қалғандары 15 тамызға дейін аяқталуы тиіс. Жөндеу жұмыстарының барысы арнайы құрылған 12 мониторингтік топтың бақылауында
  3. Балқаштықтар жүргізуші куәлігіне тек тамыздан кейін қол жеткізеді.  Өйткені 1 шілдеден бастап бұл қызмет түрін әкімшілік полициядан қабылдап алған ХҚКО болашақ жүргізушілерден эмтихан алуға  дайын болмай шықты. Осы уақытқа дейін болашақ жүргізушілерден эмтихан қабылдаған сынып қазір қаңырап бос тұр. Бұл кабинетте 30 жыл ішінде 30 мыңнан аса адам жол  ережесінен сынақ тапсырған. Алайда тіркеу эмтихан бөлімі бірінші шілдеден бастап өз жұмысын тоқтатты. Ал оның барлық функциялары халыққа қызмет көрсету орталығына берілді. Көлікті тіркеу, құжаттарды рәсімдеу және автокөліктерге мемлекеттік нөмір беру енді қалалық ХҚКО  міндеті. 1 шілдеден бастап  Балқашта 150 астам көлік есепке алынып, 25-тен астам адам жүргізуші куәлігін ауыстырған. Алайда осы соңғы құжатты алғаш алатындарға біраз күтуге тура келеді. Себебі ХҚКО эмтихан қабылдайтын арнайы сынып әлі жабдықталмаған. ХҚКО мамандары жүргізуші куәлігін беру үшін эмтихан қабылдауды 1 тамыздан бастауды жоспарлауда. Оған дейін эмтихан кабинеті де дайын болады
  4. Балқаштық полицейлер ашық аспан астында тұрғындардың сауалдарына жауап берді. Қалада дәстүрге айналған «Жолда қабылдау акциясы»  өтті. Екі күн бойы тәртіп сақшылары сағат таңғы 9.00-ден кешкі 19.00-ге дейін «Мен сені сүйемін Балқаш» композициясы маңында тұрғындарды қабылдады. Осымен 4 рет өткізіліп отырған шараға 43 тұрғын қатысты. Атап айтқанда 10 азамат  көлікті тіркеуге қатысты сұраққа жауап алса, 3 адам автомобильді бензиннен газға көшіру бойынша ақпарат алды.  8 тұрғын жүргізуші куәлігін ауыстырудың жолын сұраған. 6 балқаштық жол қозғалысына қатысты сауалмен келген. Ал 11 тұрғын әкімшілік айыппұлын  біліп қайтқан
  5. Балқаштықтарды эко-челленджге қатысуға шақырады. Облыс әкімі Ерлан Қошанов тұрғындарды жағалау аумақтарын жинап, тазалауға шақырды.  Еліміздегі су айдындарының тазалығын сақтау мақсатында экология министрі Мағзұм Мырзағалиев #Birge #TazaQazaqstan хештегімен экологиялық акция бастаған болатын. Өткен сенбіде акция аясында мыңдаған елорда тұрғыны министрдің бастамасын қолдап, Қоянды су қоймасында сенбілік өткізді. Тазалық шарасын еліміздің премьер-министрі Асқар Мамин да қолдаған болатын. Енді бұл эко-челленджді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов жалғастырмақ. Осылайша өңір басшыларына алдағы сенбіде барлық қала мен аудандарда сенбілік акциясын жасауды тапсырды. Игі іске балқаштықтар да қатыса алады
  6. Балқашта үздік баскетболшылар бас қосты. Шаһарда 3*3 форматында қала біріншілігі өтті.   Ойынға Алматы, Қарағандыдан келген ерлерден  10, әйелдерен 4, барлығы 14 команда қатысты. Ерлер мен әйелдер жеке бөлініп, сынға түсті. Ойынды алғаш болып  балқаштық «ЕФК2» мен  қарағандылық «09»-шы өңір командалары бастады. Балқаш командасы кәсіпкерлерден және студенттерден құралған. Қарсылас құрамалар11 ұпайға дейін ойнады. Ойын қорытындысы бойынша ерлер арасында 1-ші орынды алматылық «The next» командасы алды. Ал балқаштық «ЕФК2» екінші орында. 3-ші орын қарағандылық «09-ші өңір» командасында. Ал нәзік жандылардан алматылық «Yuvi» ешкімге дес бермеді. Күміс пен қола жүлдені балқаштық «Nika» мен «Let’s go» қыздар құрамасы өзара бөлісті. Жеңімпаздар 5-мыңнан бастап 30-мыңға дейін ақшалай сыймен марапатталды.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login