Балқаш жаңалықтары 18.07.2019

  1. Бүгін қала және зауыт басшылары балқаштық мысшыларды кәсіби мерекесімен құттықтады.  Аталмыш мейрамға  орай Оқушылар сарайында салтанатты жиын өтті. Мысшыларды  алғаш болып қала әкімі Ораз Тәуірбеков құттықтады. Жылы лебізден кейін қала басшысы үздік жұмысшыларды «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады. 2 және 3 дәрежелі төсбелгіге 10 еңбеккер ие болды.  Одан бөлек 4 мысшы облыс әкімінің атынан алғыс хат пен қала әкімінің Құрмет грамотасын алды. 20-ға жуық азамат «Қазақмыс Холдинг» ЖШС директорлар кеңесі төрағасының және бас операциялық директорының құрмет грамотасына  лайық деп танылды. Тағы 3 қызметкерге  Кәсіподақ атынан құрмет грамотасы табысталды
  2. «Жолда қабылдау» акциясы жалғасады. Полицейлер тұрғындардың сауалына жолда жауап береді. Акция 2 күнге созылады. Тәртіп сақшылары 19-20 шілде күндері Желтоқсан көшесі бойындағы «Мен Балқашты сүйемін» композициясы маңында  таңғы сағат 9.00-дан кешкі 19.00-ге дейін отырады. Естеріңізге сала кетсек мұндай шара алғаш рет қаламызда сәуір айының басында өткен болатын. Акция аясында  мобильді топ жол қауіпсіздігінен бастап, әкімшілік айыппұлдарды төлеуге қатысты барлық сұраққа жауап береді
  3. Балқаш көліне аса көп мөлшерде диметилгидразин төгілді деген ақпарат жалған болып шықты. Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті  WhatsApp арқылы түгел елге тарап кеткен бұл мәліметті жоққа шығарды. Ал  хабарламада  Приозерск қаласы маңындағы әскери бөлім көлге 1,5 тоннаға жуық диметилгидразин жанармайын төкті делінген. Алайда бүгін Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаменті мұндай фактінің тіркелмегенін айтып,  ақпаратты жоққа шығарды
  4. Балқашта демалыс күндері ауа температурасы 40 градусқа дейін жетеді.Синоптиктердің болжамы бойынша жұма күні термометр бағанасы +38 градусқа  дейін көтерілсе, түнде 12-17 градусқа төмендейді. Cенбі күні  сынап көрсеткіші күндіз 40 градус ыстықты көрсетеді. Мұндай ауа ра     йында далада көп жүрмеуге тырысу қажет. Бастан күн өтпес үшін бас панама, қалпақ секілді жеңіл баскиіммен шығу керек
  5. Балқаштық футболшылар сырт алаңда осымен екінші рет жеңіліске ұшырады. «Металург» командасы Шахтинскте  «Горняк»  командасынан 3:1 есебімен  ұтылды. Жерлестеріміз әуесқой командалар арасындағы облыс біріншілігінде екінші рет жеңіліске ұшырады. Алғаш рет Саран қаласында  Гефест командасынан осындай есеппен ұтылған болатын. Осымен біріншіліктің бірінші кезеңі аяқталды. Оның қортындысы бойынша 1- орынға қарағандылық «Гефест», 2 – орынға Шахтинск қаласының «Горняк» командасы жайғасты. Ал, Балқаштық «Металург» 19 ұпаймен 3 орынды иеленді.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login