Балқаш жаңалықтары 09.07.2019

  1. Балқаш маңында көлік аударылып, 2 адам ауруханаға түсті.  Қазір олар дәрігерлердің бақылауында.  Оқыс жағдай таңғы 9.00 шамасында Балқаштан 30 шақырым жерде болды. «Тайота Лэнд крузер» жүргізушісі Алматы-Екатеринбург тас жолында рөлге ие бола алмай, автокөлік жол шетіне аударылып кеткен. Нәтижиесінде 2 адам зардап шекті. Бірі  58 жастағы Ресей  азаматы. Оның ішкі ағзалары зақымданып, миы қатты шайқалған. Одан өзге сол қолы  сынып, травматикалық шок алған. Ал, екінші азамат  48 жастағы Байқоңыр қаласының тұрғыны. Оның бас сүйегі зақымданып,  бұғанасы сынған. Қазір жағдайлары орташа, тұрақты
  2. Мектептерге  жөндеу жұмысын жүргізіп жатқан мердігер компаниялар мерзімінен кешігуде. Осыған байланысты білім бөлімі  жауапты өкілдерді жинап, оларға ескерту жасады. «Айгөлек» балабақшасында жылу құбырын ауыстыру 5 шілдеге дейін аяқталу керек еді. Алайда мердігер компания жұмыстың 80% жасаған. Ал №16 мектепте жылу желісі тек 26%-ға ғана ауыстырылған. Мұндай артта қалушылықты жауапты компания сызбаның қателігімен түсіндіріп отыр. Деседе сызбанұсқаны дұрыстап, жұмыстарын 15 тамызға дейін аяқтауға уәде етті. №3 орта мектепте де жауаптылар уақытынан кешігуде. 7 дәретхананың екеуі ғана толық жөнделіп біткен. Жиында компания өкіліне шілде айының 10-на дейін жұмысты толық аяқтау тапсырылды. Биыл қаламызда 12 мектеп пен 1 балабақшаға жөндеу жасалуда. Ол үшін жергілікті және облыстық бюджеттен  270 млн нан астам қаржы бөлінген. Бұл сомаға оқу ордаларының терезелері ауыстырылып,  жылу жүйесі жаңаланып,  шатыры жөнделеді
  3. Балқашта «Домбыра күні» қалалық перзентханада бір сәби дүние есігін ашты. Мереке күні туған балаға қала басшылары арнайы барып,  алғашқы сыйын табыс етті. Аңсаған Қарашолақова жексенбі күні өмірге 3 нәрестесін алып келді.  Даниял  7-ші шілде күні түнгі 2 жарымда дүние есігін ашқан. Салмағы 3 келі, бойы 50 сантиметр.  Жас ананы құттықтауға қала әкімінің орынбасары және депутат, Қазақстан халқы Ассамблеясының уәкілі келді. Құрметті қонақтар ұлттық домбыра күні мерекесіне орай нәрестеге қазақтың қос шекті ұлттық аспабын ал анасына гүл шоғын сыйлады.
  4. Бас қаланың мерекесінде ондаған балқаштықтың еңбегі еленіп, құрметке бөленді. Мейрамға орай әкімдікте салтанатты жиын өтті. Онда қала  әкімі Александр Аглиулин балқаштықтарды Астана күнімен құттықтады. Ізгі тілегін жеткізгеннен кейін қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып жүрген білім, денсаулық сақтау, өндіріс саласының мамандарын марапаттады. 20 адам қала әкімінің құрмет грамотасына ие болса, 5 коммуналдық мекемеге қала басшысының атынан алғыс жарияланды
  5. Балқаштық отбасылар қалада тойланған Астана мерекесіне бұлтқа отырып, кемеге мініп, тачки мультфиліміндегі макуин көлігімен жетті. Елорданың туған күнінде  мәдениет сарайының артқы алаңында «Бесік арбалар шеруі» өтті.
  6. Қала тұрғыны Дина Жарқымбаева бүгін отбасымен бірге қарақшылар рөлінде. Олар шеруге «Кариб теңізінің қарақшылары» фильміндегі «Черная жемчужина» кемесімен келген. Ал капитан осыдан 4 ай бұрын өмірге келген кенжелері. Екі әпкесі оның көмекшілері. 3 баласын ертіп келген Дина бесік арбаны үйдегі бар материалмен жасаған. Қарақшылар киімін де өзі тіккен. Әскери  ұшақтың авторы ерлі зайыпты  Гүлшат пен Ербол. Ұшақты таңдаулары бекер емес. Өйткені отағасы ұшқыш. Арнайы әскери жапсырмаларды, бояу мен картонды пайдалана отырып бір аптаның ішінде бесікарбаны әуе көлігіне айналдырған. Ал штурман рөлінде егіз қыздары Асылай мен Алтынай. Шеруге одан өзге ескі автокөлік форд, бұлт, кеме, торт, тачки мультфиліміндегі макуин үлгісінде жасалған бесікарбалар қатысты. Шеруге қатысқан  10 шақты отбасы өздерін таныстырып,  командалық ұрандарын айтып, дефиледе сән көрсетті. Соңында қатысушылар түрлі номинация бойынша сыймен марапатталды
  7. «Бабалар аманаты – қасиетті домбыра». Осындай атаумен Балқашта аймақтық күйшілер байқауы өтті. Сайысқа 10 ға жуық күйші қатысты. Приозерск қаласы мен Қоңырат мөлтек ауданынан да қатысушылар келді. Сайыскерлердің жас шамасына шектеу қойылмағандықтан, қарттан бастап оқушы балаларға дейін өнер көрсетті. Байқаудың шарты бойынша күйшілер бір шертпе, бір төкпе күй орындады
  8. 9 перне 2 шекті аспапты серік еткен жандарды бағалауда жас ерекшелігі, сахна мәдениеті, орындаушылық шеберлігі, сахна киімі ескерілді. Сайыстың арнайы жүлдесін Мәден Ноғайбекұлы иеленді. 1-ші орынға Приозерск қаласынан келген қонақ Арнұр Тілеутаев лайық деп танылды. 25 мектеп оқушысы Әділет Мәжит 2-ші орынға жайғасты. 3-ші орын Бекарыс Сүйіндікке бұйырды. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табыс етілді
  9. Балқаштық «Металлург» командасы қарағандылық «Шахтер» футбол орталығын шаң қаптырды. Кездесу 3:0 есебімен жерлестеріміздің жеңісімен аяқталды. Турнирдің жетінші ойыны «Мысшылар» стадионында өтті.  Алғашқы таймның 20-шы минутында  есепті балқаштық Амиран Газиев ашып берді. Ал, қалған екі гол екінші таймда соғылды. Бұл жолы Эльмир Махмадов пен Сергей Симоненко көзе түсті. Матч нәтижиесінде  балқаштықтар 3:0 есебімен жеңіске жетті. Бүгінде «Металлург» коммандасы турнир кестесінде 18 ұпаймен  2 орында.  Ал турнирдің келесі ойыны Шахтинск қаласында «Горняк» командасымен өтеді

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login