Балқаш жаңалықтары 04.07.2019

  1. Шашубай кентіне барар жолда жол апатына ұшыраған зардап шегушілердің бірі  жан сақтау бөліміне түсті. Оған ота жасалды. Естеріңізге сала кетсек, Шашубай кентіне барар жолда кеше жол апаты болды. Ескі алаң маңында тайота мен ауди соқтығысқан. Салдарынан үш адам зардап шеккен болатын. Екеуі травматология бөліміне түсті. Дәрігерлердің айтуынша ер мен әйел адамның бас миы шайқалған, жақ пен мұрны сынған. Ал үшінші зардап шегушіге ота жасалды. Қазір ер адам жан сақтау бөлімінде. Жағдайы тұрақты, ауыр
  2. Бір отбасындағы төрт адамның өмірін жалмаған жол апатынан жалғыз аман қалған  7 жастағы қыз бала әлі жансақтау бөлімінде. Дәрігерлер жағдайын ауыр деп бағалап отыр. Жантүршігерлік оқиға кеше таңғы 9.00 шамасында Гүлшат кентінің маңында болды. «БМВ» жеңіл көлігі жүк көлігіне соқтығысқан. Салдарынан  автомобильде отырған бір жанұяның төрт адамы қаза тапты. 45 және 40-жастағы ер мен әйел, 17-дегі бойжеткен және екі жасар бүлдіршін көз жұмды.Жол апатынан тек 7 жасар қыз аман қалды. Қазір Балқаштағы орталық ауруханада жансақтау бөлімінде. Баланың қабырғасы сынып, өкпесіне зақым келген. Бас жарақатын алған
  3. Қарағанды облысында аса қауіпті қылмыскер іздестірілуде. Құқық қорғаушылар  ақпарат үшін сыйақы беруге әзір. (Қарағанды полициясы аса ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 42 жастағы ер адамды іздеуге жариялады. Жанат Кенжебайұлы Қожабаев 1977 жылы туған. Бойы 180-185 см, шашы қара, қысқа, қой көзді. Егер бұл азаматты көрген болсаңыздар немесе қандай да бір ақпарат білсеңіздер экранда көрсетілген телефон номерлеріне хабарласыңыздар. Полиция қызметкерлері мәлімет берген адамға сыйақы беруге уәде беріп отыр
  4. Нұр Отан партиясының Балқаш қаласындағы мүшелері президент сайлауында белсенділік танытқаны  үшін марапаттады. Олар президент Қасым Жомарт Тоқаевтың алғыс хатын алды. Мұндай құрметке балқаштан  12 адам лайық деп танылған. Олар депутаттар, кәсіпкерлер, оқу орындарының басшылары және белсенділік танытқан өзгеде партия мүшелері. Одан бөлек 50 адам Тоқаевтың қоғамдық штабы төрағасының атынан мадақтамаға ие болды. Бұл күні «Нұр Отан» партиясының партия құрамы 12 балқаштықпен толықты.  Жиында әрқайсына партия билеті табыс етілді. Қазір шаһарда жалпы есебі он үш мыңға жуық нұротандық бар
  5. Балқаштық дәрігерлер жыл басынан бері 400-ден аса ота жасаған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 50 отаға көп. Емделушілердің көбі лор және урологиялық емдеу шарасы үшін пышаққа түседі
  6. Балқашта атақты академик  Әлкей Марғұлан ұстаған домбыра көрмеге қойылды. Оны қалалық музейге барып көруге болады. Шілде айының алғашқы жексенбісі күні аталып өтетін ұлттық домбыра күніне орай мұнда музыкалық аспаптың 10 шақты түрі ел назарына қойылған.  Екі шекті аспаптардың әр қайсының өз атауы бар.  Мысалы мына төртбұрышты үлгідегі Абай,  ал сопақша келгені Тәттімбет домбырасы деп аталады. Екі шекті аспаптар 1973 жылы музей ашылғалы бері қорда сақтаулы. Ішіндегі ең құндысы атақты академик Әлкей Марғұланның домбырасы. Оны археологтың жанында жүрген суретшісі, Балқаш қаласының тұрғыны Аманқұл Мұсатаев 2006 жылы әкеліп тапсырған. Тоқтар Әубәкіровке сыйланған домбыра да осында. Аспапты 1990 жылы ғарышкер Балқашқа келгенде тұрғындардың бірі  сыйға тартқан
  7. Ертең  балқаштық «Металлург» өз алаңында Қарағандылық «Шахтер» командасын қабылдайды. Бұл жерлестеріміздің облыс біріншілігіндегі жетінші ойыны. Биыл жарысқа орталық өңірден 9 команда қатысуда. Әзірге «Металлург» 15 ұпаймен екінші орында келеді. Көш басында 18 ұпай иеленген «Гефест» командасы. Ал «Горняк» 12 ұпай жинап, үшінші орынға жайғасты. Балқаштықтар бұған дейінгі 6 ойынның  бесеуінде жеңіске жетіп, соңғы матчта «Гефест»  командасынан сырт алаңында жеңілген болатын. Ертең «Металлург» қарағандылық «Шахтер» футбол орталығын қабылдайды. Ойын кешкі 18:30 «Мысшылар» стадионында өтеді. Келіп, жерлестерімізге жанкүйер болыңыздар.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login