Балқаш жаңалықтары 21.02.2019

  1. Қараменде би көшесінде жеңіл көлік пен жол талғамайтын көлік соқтығысты. Киа аулаға кіре бермек болғанда оған ұшып келе жатқан Уаз келіп соғылған. Жол көлік оқиғасы түскі сағат бірлер шамасында болды. Алдын ала мәлімет бойынша, КИА Қараменде би арқылы Ағыбай батыр көшесіне қарай бағыт алған. Содан базар маңына келгенде аулаға кірмек болып, қарсы бағыттағы көліктерді өткізе бастайды. Осы уақытта артта келе жатқан Уаз көлігінің жүргізушісі алдында өзгелерді өткізіп тұрған автомобильді байқамай оған барып соғылады. Нәтижесінде жеңіл көліктің артқы жағына зақым келді. Басқа зардап шеккендер жоқ. Қазір апаттың нақты себебі анықталып жатыр.
  2. Балқаш тұрғыны бір шөлмек арақ ұрлағаны үшін үш жарым жылға сотталды. 34 жастағы ер кісі Мир көшесіндегі дүкендердің біріне кіріп, бір шөлмек ішімдікті қарызға алмақ болады. Бірақ оған сатушы келіспейді. Содан қызуқандылыққа салынған ол сатушыға күш көрсетіп, ішімдікті алып қашып кеткен. Полицейлер оны көп ұзамай қолға түсіреді. Айыпталушы өз кінәсін толық мойындаған. Балқаш қалалық соты ішімдік ұрлаумен қатар сатушыға зәбір көрсеткен тұрғынды 3,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Мұнымен қоса сотталушыны жылына 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім шықты. Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ.
  3. Балқашта соңғы 6 жылда алғаш рет қызылша ауруы тіркелді. Жұқпалы дерт бір жас 8 айға толған баладан анықталған. Алайда бүлдіршіннің бұл ауруды қайдан жұқтырғаны белгісіз. Себебі ол 1 жасында қызылшаға қарсы екпе алған әрі әлі балабақшаға бармаған. Бәрі суық тиіп аурудан басталыпты. Баланың қызуы көтеріліп, денесінде бөртпе пайда болады. Оны көрген анасы учаскелік дәрігерді шақыртып, ұл бірден инфекциялық ауруханаға жеткізілген. Ол онда екі апта уақыт емделді. Қазір үйіне шығарылған.
  4. Былтыр 11 мыңға жуық балқаштық тегін дәрімен қамтамасыз етілген. Ол үшін республикалық және облыстық бюджеттен 540 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалыпты. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 43,2 пайызға көбірек. Көбінесе тегін препараттар қант диабеті және күретамырлы қысымның көтерілуі мен тыныс демікпесіне шалдыққандарға берілген. Тағы облыстан 35 млн теңге сирек кездесетін ауруларға бөлінген. Жалпы, былтырғы жылы 11 мыңға жуық тұрғынға 44 ауру бойынша тегін дәрі-дәрмек қарастырылған.
  5. Жұмыспен қамту орталығы жыл басынан бері 130 жас балқаштықты жұмысқа орналастырды. Жас мамандардың 71-і мұғалім, тәрбиеші, электромонтер сияқты тұрақты қызметке тұрған. Тағы 53 жас буын қоғамдық қызметке жұмылдырылды. Биылдан бастап қоғамдық қызметкерлер жалақысының  өскенін атап өту керек. Енді олар 28 мың емес, 42500 теңге алады. Тағы 5 балқаштық жастар практикасына жіберілді. Еңбекақылары  63 мың теңге. Одан бөлек қазір мамандар жұмыссыз жүрген балқаштықтар санын анықтау мақсатында үй-үйді аралауда. Бір айдың ішінде 8500-ден аса пәтерге барып, екі қолға бір күрек таппай жүрген 1620 жасты тіркеген. Шара барлық пәтерді аралап шықпағанша жалғаса бермек. Сол себепті үйге куәлігін көрсетіп, еріктілер келсе, таң қалмаңыздар. Мамандар бар болғаны 14 пен 29 жас аралығындағы тұрғындардың аты-жөнін, оқу немесе жұмыс орнын жазып алады. Сауалнамадан кейін барлық ақпаратты базаға енгізіп, жұмыссыз үйде отырған жастарға қызметке орналасуға жәрдемдеседі.
  6. 2019 жыл Қазақстанда жастар жылы деп жарияланды. Ал жас деген ұғымға біздің елде 29 ға толмаған қазақстандықтар жатады. Депутаттар бұл санды 35 ке дейін көтеруді ұсынды.  Ал балқаштықтар қалай ойлайды? Адам қанша жасқа дейін жас деп саналады?  Біздің тілшілер осы сұрақпен халық арасына шығып, ел пікірін тыңдап қайтты

 

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login