Балқаш жаңалықтары 24.01.2019

  1. Күдікті үшін сыйақы тағайындалды. Балқаш станциясында ерлі-зайыптыларды өлтіріп, артынша ізін суытқан Руслан Әлімбаевтың қайда екенін білетін жандарға марқұмның туыстары қомақты қаржы төлемек. Ал қылмыстық оқиға былтыр қазан айының аяғында болған еді. Тападай тал түсте жер үйдің  алаңынан мойындары тілінген  34  жастағы  әйел мен 45 жастағы  ер адамның өлі денесі табылады. Кейін олардың ерлі-зайыпты екені, арттарынан 4 баласы қалғаны анықталады. Ал, бұл істе 27 жастағы Руслан Әлімбаев күдікке ілінді. Алайда, оны табу мүмкін болмай отыр.
  2. Өткен жылы Қарағанды облысында  түнгі клубтардан 102 нөміріне 100 ден аса хабарла келіп түскен. Оның 13 Балқашқа қатысты.  Ал бұл тізімде бірінші орында-Қарағанды.  Көңіл көтеру мекемелерінен  полиция бөлімшесіне 43 шақырту келіп түскен. Екінші орында Теміртау қаласы. Онда түнгі клубтарда 23 қылмыс тіркелген. Балқаш пен Сәтпаевте тәртіп сақшылары отырыс орнына 13 рет келсе, Жезқазғанда 6 рет және Осакаровка ауданында 5 рет шақыртуға барған.
  3. Қарағандылық кәсіпкер өзіне тиесілі тауарын қайтара алмай жүр. Ол осыдан бір жарым жыл бұрын Қытайдан 1 контейнер жүк әкелген. Алайда, мемлекеттік кірістер департаменті жүкті контрабандалық тауар деп танып, тәркілеген. Кейін кәсіпкер сотта ақталып шығады. Алайда құны 11млн тұратын өнімді сата алмай, онсызда шығынға батқан ол енді өзіне тиесілі затты қайтарып  алу үшін 2млн астам қаржы төлеуі тиіс. Содан өз құқығын қорғау үшін «Атамекен» ҰКП жүгінген. Ал палата осы жағдайға қатысты барлық жауапты органдарды шақырып,  кеңес өткізді.
  4. «Атамекен»  кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізуді бастады. Оның аясында Балқаш қаласы бойынша 4000 мың бизнес өкілі қамтылады. Біз облыста бизнесмендер саны жағынан 9 қаланың ішінде Қарағанды, Теміртау, Жезқазғаннан кейінгі 4 орындамыз. Ал сауалнама кезінде мамандар кәсіпкерге 1 сағаттан кейін хабарласатындықтарын ескертіп, смс хабарлама жібереді, кейін қоңырау шалады. Кәсіп жүргізуге қатысты қандай да бір мәселе болса, оны түртіп алып, шешу жолдарын қарастырады.
  5. Елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етіп отырған азаматтарға бірыңғай жиынтық төлем төлеу міндеттелді. Ол үшін салық бөлімшесіне тіркеуге тұрудың қажеті жоқ. Жаңа төлем ешқандай жалдамалы жұмыскердің көмегінсіз, бір өзі кішігірім кәсібін дөңгелетіп отырған, тек жеке тұлғаларға қызмет көрсететін және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтарға қатысты. Олардың табыс көзі айына 240 мың теңгеден аспау керек. Міне, осы талаптарға сай келетін өз-өзіне жұмыс жасап отырған тұлғалар ай сайын 1 АЕК, яғни 2525 теңге төлейді. Ал аудан мен ауылдықтарүшін бұл сома арзанырақ, 2263 теңге. Оны банк, терминал, мобильді қосымша арқылы төлей аласыз. Аударылған ақша «азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына түседі. Белгілі соманы төлеу арқылы қазақстандықтар зейнетақы жарнасын, әлеуметтік және міндетті медициналық сақтандыру мемлекеттік қоры және міндетті медициналық сақтандыру қорына аударым жасай алады.
  6. 17 мөлтек ауданында жұмыспен қамту орталығы пункті ашылды. Енді екі қолға бір күрек  іздеп жүрген балқаштық тұрғындар орталыққа сабылмай-ақ,  жақын маңдағы бөлімшеге бара алады.  Пункт Ленин көшесінің бойындағы сауда үйінде 1 қабатта орналасқан.  Аптасына 3 күн  жұмыс істейді. Сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері.  Таңғы сағат 11:00-ден кешкі 17:00-ге дейін. Түскі үзіліс уақыты 13:00-ден 14:30-ға дейін созылады.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login