Балқаш жаңалықтары 14.01.2019

  1. Демалыс күндері Бектау ата маңында жол апаты болды. Салдарынан 4 адам қаза тапты. Болжам бойынша Қарағандыдан Балқашқа қарай бет алған лада автокөлігі қарсы жолға шығып кетіп, қарама-қарсы келе жатқан Камаз жүк көлігінің астына кіріп кеткен. Жол апатынан Ресейден Қырғызтанға бара жатқан жеңіл көліктегі 3 жолаушы мен жүргізуші сол жерде ажал құшты. Қайтыс болғандардың 4-уі де Қырғызстанның азаматы.
  2. Балқаш зауытының трансформаторлық қосалқы станциясынан өрт шықты. Қызыл жалынды ауыздықтау тек бірнеше сағаттан кейін ғана мүмкін болды. Барлық жұмыскерлер эвакуцияланған. Төтенше жағдай таңертең 9-дың кезінде болған. Өрт мыс электролиз цехының аумағындағы  трансформаторлық қосалқы станциясынан шыққан. Тілсіз жауды ауыздықтауға қаламыздағы екі құтқару мекемесінің жұмыскерлері мен жеті көлік жұмылдырылды. Өртті сөндіруге екі сағат уақыт кетті. Жарақат алғандар мен зардап шеккендер жоқ.
  3.  Балқаш көлінде үш балықшы құтқарылды. Олар Гүлшат кентінен 15 шақырым асқанда көліктері бұзылып, айдынның үстінде қалып қойған. Төтенше жағдай демалыс күндері кешкі 5-тер шамасында болған. Тасарал ауылының үш тұрғыны балық аулауға Гүлшат жаққа барады. 30, 26 және 23 жастағы ер адам екі көлікпен мұз айдынға шыққан. 15 шақырым жүргеннен кейін балықшылардың көліктері қызбай, сол жерде қалып қояды. Содан өз беттерімен жағаға шыға алмайтын болған соң, құтқарушыларға хабар береді. Төтенше жағдай қызметкерлері құтқару қайығымен балықшыларды Балқашқа жеткізген.
  4. Балқаш тұрғынын Қазақстанда тыйым салынған діни ағымды насихаттағаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырды. 28 жастағы азамат адамдарды «Таблиғи жамағат» экстремистік ұйымына қосылуға шақырған. Тексеріс кезінде айыпталушы жалдамалы пәтерде жиын өткізіп, Балқаш тұрғындарын «Таблиғи жамағат» ағымын ұстануға үндегені анықталды. 28 жастағы ер адам өзінің кінәсін толық мойындаған. Осылайша, сот оны 3 жылға темір торға тоғыту туралы шешім шығарды. Сот үкімі әзірге күшіне енген жоқ.
  5. Балқашта неміс жастар клубы ашылды. Қаламызға  ұйымның Қарағандыдағы өкілдері келіп, жастармен кездесті. Рухани жаңғыру орталығында өткен жиында Қазақстан неміс жастары Одағының төрайымы студенттер мен мектеп оқушыларына ұйымның басты мақсаты мен қандай қызмет атқаратынын түсіндіріп өтті. Қазіргі таңда неміс халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпын насихаттайтын жастар орталығы еліміздің 23 қаласында жұмыс жасайды. Ал Қарағанды облысы бойынша Шахтинск, Абай және Саран қалаларында ашылған. Енді олардың қатарына Балқаш қаласы да қосылды. Клубқа мүше боламын деген жастар неміс орталығына барулары керек
  6. Балқаштық оқушылар халықаралық олимпиададан жүлдемен оралды. Бурабайда математика пәнінен өткен жарыста жерлестеріміз Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген балалардың арасында оза шапты.  Балқаш қаласының намысын қорғауға 17 мектеп лицейінің 10 оқушысы барған. Қатысушалыр 3 турдан тұратын сайыста логикалық тапсырмаларды орындап, математикалық есептерді шешті. Нәтижесінде, Балқаштан барған балалардың ішінде 2 сынып оқушысы Николай Захарченко зеректігін көрсетіп, І орынды жеңіп алды. Осылайша балқаштық оқушы көктемде Болгарияда өтетін интеллектуалды жарысқа жолдама алды. Ал 6 сынып оқушысы Иван Гончаров ІІ орынға ие болды.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login