2018 жылдан бастап зейнет жасы мен зейнетақы қалай өседі. Инфографика

2018 жылдан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 2027 жылға дейін жыл сайын 6 айдан артып отырады. Яғни, жаңа жылдан бастап әйелдер 58,6 жасқа толған кезде ғана зейнетке шыға алады.

«Қазақстан Республикасының заңнамасында ер адамдар үшін зейнетке шығатын жас – 63 жас, ал әйелдер үшін — 58 жас. Сонымен қатар, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын кезең-кезеңімен 58 жастан 63 жасқа арттыруды көздейтін норма күшіне енеді. Осыған орай, әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру 2018 жылдан бастап 2027 жыл аралығында, 10 жыл ішінде 6 ай сайын жүзеге асырылатын болады. Бұл шара, 1960 жылы және одан кейін туған әйелдерге қатысты болады. Мысалы, 1964 жылғы 1 қаңтардан 30 маусымға дейін туған әйелдер 62 жас 6 ай толған кезде зейнетке шықса, 1964 жылғы 1 шілдеден 31 желтоқсанға дейін туған әйелдер 63 жасқа толған кезде зейнетке шығады», — деп жауап берді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. 

 

Зейнеткерлік жасы ұлғайғанымен, әйелдерге зейнетке ерте шығу мүмкіндіктері сақталған, олар:

— 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге 53 жасқа толғанда;

— төтенше және радиация қаупі ең жоғары аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыз – 1963 жылғы 5 шілде аралығында кемінде 5 жыл тұрған әйелдер 45 жасқа толғанда;

— зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде (2017 жылы — 12,4 млн теңге), зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан жағдайда — 50 жасқа толғанда.

Яғни, осы жасында жинақтаушы зейнетақы жүйесінен зейнетақы төлемдерін тағайындау құқығы бар болады.

Ведомство мәліметінше, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде тек 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі есепке алынады. Ал, 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек өтілі үшін жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы төлемдері беріледі.

Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігінің мәліметінше, зейнетақы жасы ұлғайғанымен, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайынғы жасына байланысты зейнетақы төлемдері 8%-ға өседі. Сонымен қатар, ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасының өзгеруіне байланысты мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері де артады.

 

Baq.kz

Комментировать

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *