Балқаштықтар қазақ жазушыларын қаншалықты таниды. Видео

Бүгін Мұхтар Әуезов, Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртаза сынды үш бірдей қазақтың майталман жазушыларының туған күні! Біз балқаштықтардың біртуар тұлғаларды қаншалықты танитынын тексеріп көрдік.

Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым, Қазақстан ғылым академиясының академигі (1946), филология ғылымдарының докторы, профессор (1946), Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1957). Ол 1897 жылы 28 қыркүйекте қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Бөрілі деген жерде туған. Мұхтар Әуезовтың ең танымал туындысы ол — әлемге әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясы. Одан бөлек, «Еңлік — Кебегі» «Хан Кене» сынды дрмалық шығармалары мен «Қаракөз», «Қараш-қараш оқиғасы» атты повестері жарық көрген.

Ол 1961 жылы 27 маусымда Мәскеу қаласындағы Кремль ауруханасында операция кезінде қайтыс болды.
Кейін Республика Үкіметі қаулы қабылдап, Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты мен Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрына Мұхтар Әуезовтың аты беріледі, әдеби мемориалдық мұражайы ашылып, бірқатар мектеп, көше және Алматының бір ауданы М.Әуезов атымен аталды.

Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысында туған. Жазушы, қоғам қайраткері, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1984), Қазақстанның халық жазушысы (1992).

Тұңғыш кітабы — “Құрылысшы Дәку” очерктер жинағы. Сонымен бірге “Қара маржан” романы, мемлекет қайраткері Т.Рысқұловтың өміріне арналған (“Қызыл жебе”, “Жұлдыз көпір”) роман-трилогиясы басылды. Драматургия саласында жазушының “Қызыл жебе”, “Сталинге хат”, “Бесеудің хаты” атты пьесалары қойылды.

Шерхан Мұртаза «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» Республикалық газетінде бас редактор, «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясында төрағалық қызметте болған. ҚазКСР Халық депутаты, ҚР Жоғарғы Кеңесінің, ҚР Парламенті Мәжілісінің 2-ші шақырылым (1999-2004) депутаты болды.

Хоббиі — төс белгілер және асықтар жинау.

Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келді. Ол Алтай совхозында тракторшы болып жұмыс істеген. Оның журналист боп, жазушы болып қалыптасуына Шерхан Мұртазаның ағалык қамқорлығы ерекше әсер етеді. Ешкімге белгісіз Шыңғыстайдағы тракторшы баланың бойынан жалындаған талант отын байқаған Шерхан Мұртаза оны Алматыға жетелеп әкеледі.
Оралхан Бөкей – есімі дүние жүзіне танымал жазушы. Оралхан Бөкейдің шығармалары орыс, ағылшын, француз, неміс, жапон, араб, қытай және басқа да ұлы халықтар тілдеріне аударылған.

Оның таңдамалы шығармалары — «Қайдасың, қасқа құлыным?», «Мұзтау» «Біздің жақта қыс ұзақ», «Үркер ауып барады» повестері мен әңгімелері, «Өз отыңды өшірме», «Атау-кере» атты әңгімелері
Оралхан Бөкей 1993 жылы 17 мамырда Үндістан жерінде, Делиде қайтыс болды.

Для отправки комментария вам необходимо зарегистрироваться. Login

Комментировать